Сәкен Сейфуллин есімін иеленген ауыл мектебі
Сырдария ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп 1930 жылдан бері білімнің қарашаңырағы саналады. 94 жылдан бері ауыл балаларына білім беріп келе жатқан мектеп алғаш рет «1 Май» атындағы мектеп болып ашылған. Қараөзектегі Қаратөбе деген жерде Жөлекен мешітінде бастауыш мектеп болып негізі қаланғаны мектеп тарихының бастауы болатын. Бастауыш мектептің ең алғашқы ұстазы Ыбырай Әбдірахманов шәкірттерге дәріс берген.
Арада екі жыл өткен соң 1932 жылы Байсары деген жерде жаңадан «Ақ школ» деген мектеп үйі салынған. Олай аталуының себебін ауыл тұрғындары мектеп үйінің алғаш рет әктелгендігімен түсіндіреді. Сол жылдың қысында балалар сабақ оқуды бастағанмен, елде жаппай ашаршылық орын алуына орай ұзамай жабылып қалады.
1933-1934 оқу жылында ауыл балаларының басын қайта қосып, мұғалім О.Орынбаев Досым деген кісінің екі бөлмелі үйінде төрт сыныпты біріктіріп, дәріс береді. Балаларға мектепте күніге бір мезгіл тарыдан жасалған тамақ берілген. Парта болмаған соң, балалар жерде отырып оқыған.
1934-1935 жылдары «1 Май» серіктестігі Есқұлы ағашының түбінен серіктестік қоймасына жапсырып, екі бөлмелі мектеп үйін салып береді. Махантай Сейтпенбетов ұстаздық етіп, мектепте төрт сынып оқиды. Сол жылы «Құндызды» серіктестігі Бисары түбінен «1 Май» каналының бергі бетіндегі төбенің басынан екі бөлмелі мектеп, бір бөлмелі клуб үйін салады. Жаңа мектепте Қалабай Ділдебаев оқушыларды төрт сыныпқа бөліп, екі ауысымда оқытады. Мектеп үйіне Жұмағұл Қойсықов әйелі Жамалмен екеуі отын тасып, от жағып, тазалық жұмыстарын атқарады.
1935-1936 оқу жылында бұл мектепте білім алатын балалар саны артқан. Ұстаздық қызметті Түркістан қаласындағы педучилищенің 2 жылдық курсын бітірген Іскендір Аханов атқарған. Одан басқа үш мұғалім жұмыс істеген.
1937-1938 жылдары «1 Май» мектебі жаңадан ескі формадағы кесектен салынған 4 бөлмелі үйде орталау мектеп болып ашылып, онда толық 7 сыныпта балалар сабақ оқыған. Ол мектепке Төлеп Жәлекеев деген азамат бірінші рет директор болып бекітілсе, 1942-1943 жылдары сол орталау мектепті Әуезхан Қодаров басқарды.
1949-1952 жылдары орталау мектеп қайтадан бастауыш мектеп болып, оған Әнес Қуандықов жетекшілік етеді.
Қазіргі С.Сейфуллин ауылында орналасқан «1 Май» мектебінің ескі мектеп ғимараты 1953-1954 жылдары колхозшылардың күшімен салынған екен. 1958-1960 жылдары бастауыш мектеп бала санының артуына байланысты қайтадан орталау мектеп болып, оған Оқас Дәрібаев, осы мектепте 1960-1963 жылдары Смағұл Тұрғанбаев, 1963-1965 жылдары Шәймен Сапарбаев, 1965-1974 жылдары Мансұр Есназаров директорлық қызмет атқарды.
«1 Май» мектебі 1972 жылға дейін 8 сыныптық негізгі мектеп ретінде білім беріп келсе, 1974 жылдан бастап №137 «1 Май» орта мектебінің осы күндегі 460 орындық жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Жаңа мектептің директорлығын Тәждек Есенов 1974-1992 жылдары үздіксіз атқарады. Мектеп тарихында басшылық жасағандар 1992-1997 жылдары Балтабай Бержаппаров, 1997-2002 жылдары Серік Есназар, 2002-2009 жылдары Гүлбар Әбілева, 2009-2013 жылдары Мұрат Төлегенов абыроймен атқарса, 2013 жылдан бастап Бағдат Есназар басқарып келді.
№137 орта мектебінің аудандағы айшықты білім ордасына айналуына мектеп әкімшілігінің басшылығында ондаған жыл қызмет еткен және еңбек етіп келе жатқан Тоқшылық Әлиев, Жақан Нұрышов, Молот Жүнісов, Бекен Шаденов, Қарсақбай Ибрагимов, Оспан Мұстаяпов, Жұмабек Асанов, Рыскүл Ділдебаева, Рая Мұстаяпова, Сәуле Омарова, Абылай Нұрышов, Ақберген Мамытов, Қайрат Есекеев, Мұратбек Қарсақбаев, Шекергүл Картаеваның еңбегі ерекше. Сонымен қатар бүкіл өмірін мектепке арнап, ұстаздықты өмірінің ұстынына айналдырған аяулы ұстаздар да баршылық. Олардың есімдері №137 орта мектеп шежіресінде алтын әріппен жазылған.
Білім ордасы түлектерімен тұғырлы. Осы жылдар аралығында егемен еліміздің өркендеуіне атсалысып келе жатқан мектептің жүздеген шәкірттері Қазақстанның түпкір-түпкірінде еселі еңбек етуде. 1972 жылға дейін «1 Май» атындағы 8 жылдық негізгі мектепті бітірген Әбу Бекішов, Мақсұт Әбілдаев, Феруза Қыдырбаева, Күләй Жотаева, Есенгелді Әбдікәрімов – ауылдың мақтаныштары.
№137 мектебі 1975 жылдан бастап орта мектеп болғаннан кейін де үздік шәкірттерімен мақтана алады. Олардың қатарында білім саласында еселі еңбек етіп, еліміздің дамуына атсалысып жүрген көптеген азаматтар бар.
Сан түлекке тұғыр болған №137 орта мектебі 2020 жылы 90 жылдығын атап өтті. Сол жылы мектеп түлектерінің демеушілігімен мектеп мұражайы ашылды. Мектеп тарихы «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» атты кітапқа енді.
Тарихы бай киелі білім ордасының ұстаздар қауымы заман үдерісіне сай қызмет етіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ