Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кезең. Жаңа бағыт. Жаңа міндет

Жаңа кезең. Жаңа бағыт. Жаңа міндет

Жылдағы дәстүрге сай жаңа оқу жылының қарсаңында педагогтардың тамыз кеңесі өтті. Биылғы тамыз кеңесінің тақырыбы – «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» деп аталды. Бұл тақырыптың таңдалуы әлемде болып жатқан кезеңінде өзгерістер цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беру керектігін аңғартты.

Аудан әкімі Б.Сәрменбаев тө­ра­ғалық еткен алқалы жиынға облыс­тық, аудандық мәслихат депутат­тары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, кент және ауылдық округі әкімдері, дербес бөлім мен мекеме басшылары, құқық қорғау орган­дарының, білім саласының қызмет­керлері мен ата-аналар қатысты.

Аудан басшысы білім беру – жүйелі жұмысты қажет ететін күр­делі әрі ауқымды сала екенін айтып, Мемлекет басшысының, облыс әкімінің қолдауы негізінде соңғы жыл­дары аймақтағы білім саласында ауқымды жұмыс атқарылғанына тоқталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынып жатқанына назар аударып, бір мектеп Тереңөзек кентінде салынатынын жеткізді.

– Білім беру саласына негізгі қойы­латын екі талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі –  саналы тәрбие беру.  Бала­­ларымыздың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, тәлімі мен тәрбиесін ұштау – басты бағытымыз болуы тиіс. «Мектеп – оқушы – ата-ана» үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазіргі қоғамда жас­тар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, құқық бұзу­шы­лық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі орын алуда. Өздеріңіз білетіндей, жыл басында ауданда қайғылы жағдай орын алып, бұл үлкен мәселе тудырды. Соның салдарынан жауапты басшылар қызметтен босатылып, қатаң шаралар қабылданды. Бұл жағдай­дан кейін де аймағымызда жасөспірімдер арасында келеңсіз жағ­дайлар жиі орын алуда. Бұл қоғамды алаңдататын жағдай екені айқын, – деп бастады аудан басшысы.

Мұнан соң аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Л.Мығымбаева жаңа оқу жылына дайын­дық барысы жөнінде баяндады.

– Аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2035 бала тәрбиеленіп, 317 педагог қыз­мет атқаруда. Мектепке дейінгі ұйымдарда «Тірек балабақшалар»  же­лісі қалып­тастырылып, сәтті жү­зе­ге асырылған жобалардың іс-тә­жірибесі аудан көлемінде таратылуда. Балабақшадағы тәр­бие­­­лену­шілердің қауіпсіздігін қам­­­­­­та­масыз ету үшін барлық бала­бақшалар мен шағын орталықтар толық бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілді. Өткен оқу жылы ауданда 17 мектепте 8193 білім алса, биыл оқушы саны 69 балаға артады деп күтілуде. 1-інші сыныпқа 790 бала қабылданады деп жоспарлануда. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 374 түлектің 342-сі мем­лекеттік грант иеленді. 11 сынып бітірген барлық оқушы жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті. 2023-2024 оқу жылында 1-4  және 5-11 сынып аралығындағы 1752 оқушы бір мезгіл ыстық тамақ­пен қамтылып, оған 595,6 млн теңге қаралған. «Мектепке жол» респуб­ликалық қайырымдылық акциясын аясында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігі есебінен 797 балаға 10 млн теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Соны­мен қатар, мектептерді оқу­лық­пен қамтамасыз ету мақсатында 12 бас­падан оқулықтар алынып, білім беру ұйымдарына толық таратылды, – деді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Кеңес барысында аудандық мәс­­ли­­хат төрағасы Е.Әжікенов сөз сөйлеп, пікір білдірді. Сондай-ақ аудан­дық полиция бөлімі басты­ғының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ә.Қанзадаев кәме­­лет­ке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тақы­­рыбында баяндама жасады. Республика бойынша «ТОП-10» жас ұстаздың қатарына енген №42 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі П.Төлеген, №147 орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы С.Жүнісбаев орнықты ойларымен бөлісті.

Аудан басшысы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етуді, білім беру ұйым­дары басшылары мен педагогтарды қызметке қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, ашықтық пен әділдік принциптерін басшылыққа алуды тапсырды. Сондай-ақ ерекше бақы­лауды қажет ететін, түрлі санат­тағы отбасы балаларын шығар­машылық және спорттық секцияларға тарту жұмыс­тарын үйлестіру керектігін айтты.

– Халқымыздың «Балаңды аясаң, аяма» деген нақыл сөзі бүгінгі заманда да өте өзекті. Сондықтан бала тәрбиесіне келгенде босаңсымау керектігін атап өткім келеді. Мұн­дай жағдайлармен қоғам болып күресуі­міз қажет. Балалардың қа­уіп­­сіздігін қамтамасыз етуге бәріміз жауаптымыз. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Сондықтан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрттың ісі түзелмейді» деп бекер айтпаған. Жергілікті жерлерде ұстаздарымызбен қатар, ата-аналар кеңесі, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қауымдастық мүше­лері, ата-аналармен бірлесіп, келелі кездесулерді, түсіндірме жұмыстарын және кешенді рейд­тік шараларды тұрақты түрде жал­ғастыра беруіміз қажет, – деп қоры­тын­дылады аудан басшысы.

Тамыз кеңесінде жақсы жетіс­тікке жетіп, ауданның білім саласы­ның дамуына айрықша үлес қосқан мұғалімдер марапатталды. Атап айтқанда, №137 орта мектебінің физика және математика пәні мұға­лімі Ербол Сайлауұлына ҚР Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамота­сы берілді. Ал ҚР Оқу-ағарту министрі­нің Алғыс хатымен «Айгүл» бала­бақшасының меңгерушісі Сар­сен­­күл Рысбаева, «Нұрбақыт» ба­ла­­­­­­бақ­шасының меңгерушісі Бақыт­­гүл Мусаева марапатталса, Об­лыс әкімінің Алғыс хатын №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп – лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанна Сәркеева, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп лицейі­нің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Лиза Ауминова, №130 Абай атындағы орта мектебінің оқу орынбасары, химия-биология пәнінің мұғалімі Бақыт Аяпова, №135 орта мектебінің оқу орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Бекболат Көшекбаев иеленді. Бұл жолы облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті­нің Құрмет грамотасына аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Бегайдарова мен білім бөлімінің әдіс­кері Еркін Охасов лайықты деп танылды. Аудан әкімінің Ал­ғыс хатымен И.Тоқтыбаев атын­­дағы №35 мектеп-лицейінің кітап­­ханашысы Үміт Алашбаева, №37 мектеп-лицейдің информатика пәні­нің мұғалімі Назым Қиясова, Т.Қозыбаев атындағы №131 орта мектептің математика пәні­нің мұғалімі Әсел Әбілдаева, №126 орта мектебінің  тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самат Жұмаділ, Қ.Баймағанбетов атын­дағы №42 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Күлшат Айбытова, О.Әбілпаттаев атын­дағы №210 орта мектебінің инфор­матика пәнінің мұғалімі Назгүл Мейрам­бекова, аудандық оқушылар үйінің «Робототехника» үйірмесінің же­тек­­шісі Нұрғали Күнтуғанов, №44 орта мектебінің информатика пәні­нің мұғалімі Қаракөз Абдразакова, Т.Айтбаев атындағы №132 орта мек­тебі­нің информатика пәнінің мұға­лімі Батыржан Найманов марапатталды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ
30 тамыз 2024 ж. 187 0