Есепті кездесулер Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылдық округтерінде өтті
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесулер өткізді. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, халық қалаулылары, құқық қорғау саласының қызметкерлері, дербес бөлімдер мен коммуналдық сала басшылары қатысты.
Аудан әкімі алдымен аймақ бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыру және облыс орталығын ыстық сумен қамтамасыз ету жөніндегі облыс әкімінің ұсынысын қолдағандығын жеткізе келе, көптен көтеріліп жүрген өзекті мәселе шешілетіндігін атап өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 12 300 орынға лайықталған 21 мектептің 10-ның құрылысы өткен жылы басталса, биыл 11-нің құрылысы басталатындығын, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы 7 млрд. 900 млн. теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат салынып жатқандығын, Қызылорда қаласының сол жағалауына салынатын жаңа стадионның іргетасы қаланғандығын жеткізді.
– Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Қызылорда қаласында құны 2 млрд. 700 млн. теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталса, «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. Облыс бюджеті биыл 650 млрд. теңгеден асты. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Экономиканың тіректі салаларында тұрақты өсім бар. Барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарын салу туралы бастама көтеріп, облыс әкімі Н.Нәлібаевпен шешім қабылданды. Тамыры терең, тарихы кенен Сырдария ауданы да серпінді өзгерістердің ордасына айналды. Ауданда инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі жүргізілуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Өткен жылы Қалжан ахун елді мекені табиғи газға қосылса, бүгінгі таңда электер желілері мен бағаналарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ал С.Сейфуллин елді мекені тұрғындары биыл көгілдір отынның игілігін көрмек. Сондай-ақ, ауылда 6 көше асфальтталуда.
Ауыл тұрғындары өз кезегінде кәсіпкерлік, білім, спорт, жайылымдық жер және тұрғын үй салу мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда екенін, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі