Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғалыкөлдегі өнер мерекесі

Қоғалыкөлдегі өнер мерекесі

Аудандағы мәдениет мекемелері арасында өткізіліп жатқан өнер фестивалі құт қонып, бақ дарыған Қоғалыкөл ауылында да ұйымдастырылды. Мәдени іс-шараға ауыл халқымен қатар өнерсүйер қауым қатысты. Меймандарды ауылдық кәсіпорын басшысы, аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева күтіп алып, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырса, әжелер қазақы үрдіске сай шашу шашты.

Жиналған жұртшылық әуелі «Адал адам» мәдени-тәрбие орталы­ғы тұжырымдамасы аясында ауыл­дың ерікті жастарының атқарған жұмы­сы мен алдағы жоспарларына қанықты. Белсенділікті ту еткен жалын­ды жас Айзат Сламбекова ауыл жастарының игілікті істердің басы-қасынан табылып, қиналғанға қол ұшын созып, қарттар мен көп­бала­лы аналарға жанашырлық таны­­тып келе жатқанын айтты. Су тас­қыны апаты салдарын жою үшін көр­шілес өңірге Қоғалыкөлден 1 млн теңгеге жуық гуманитарлық көмек ұйым­дастырылғанын жеткізді. Жас­тар­мен пікірлесіп, байырқалы бас­тама­ларына оң болсын айтқан меймандар ауылдық клубтың ішіндегі көрмемен танысты. Көрмеге ауылдық клубпен тұрақты байланыс орнатқан Қоғалы­көлдік шеберлердің туындылары қойыл­ды. Әсіресе ағаш ұстасы Сауран Жүсіпов­тің қолынан шыққан дүниелер көпшілікті тәнті етті. Жиналғандар сон­дай-ақ «Тоқы­ма», «Құрақ» үйірмесі­нің жетек­шілері Ләззат Бакирова мен Гүлназ Мат­жанованың жетекшілігімен оқу­шылардың жасаған бұйымдарын да жоғары бағалады.

Өнер фестивалінде ауылдың ақ жаулықты аналары Гүлжаһан Тоқтамысова мен Әсемкүл Есенжолова ауылдық клубпен бірлесе атқа­рып жатқан жұмыстарын таныс­тырды. Әжелер немерелерін өнерге, білімге, мәдениетке баулып, өздері де үлгі көрсетіп келе жатқанын айтты. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеу ортақ мақ­сат екенін, бұл жұмысты жүзеге асыру­ға «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының ықпа­лы зор екенін атап өтті. Мұнан соң кітапханашы Нұргүл Жұматаева кітап көрмесімен таныстырды. «Абай мұра­сы – ел қазынасы», «Дарындылар туған дара мекен», «Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет» тақырыптарын қамты­ған кітап көрмесінің сапалық маз­мұны бай екені анық аңғарылып тұрды. Кітапханашы оқырман саны жыл­дан-жылға артып келе жатқанын айтып, жаңа әдебиеттермен де таныс­­­­тырды. Осы ретте кітапхананың тұрақ­ты оқырмандары, «Көркемсөз» үйір­месінің мүшелері Айсана Жорабек, Аружан Бақтиярқызы, Ақбота Мұрат шабыттана өлең оқыса, ауыл­дың белгілі ақыны Байрон Есенбаев Қоғалыкөлдің тағылымды тарихы мен бүгінгі жетістіктері жөнінде жырдан шашу шашты.

Өнер фестивалінің аясында ардагерлерге арналып орнатылған бильярд үстелінің де ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Бильярд үсте­лін ауылдың тумасы Кенжебек Ермекұлы тарту еткенін айта кетейік. Ауыл ақсақалдары үшін бұл ерекше сый, айрықша құрмет болған. Осылайша ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Қамар Рүстемов лента қиып, қадірменді қария Исламбек Аширов алғашқы ойынды бастап берді. Өз кезегінде өнер фестивалін тама­шалауға келген меймандар оң бол­сын айтып, туып-өскен ауылына тамаша тарту жасаған азаматтың жұмысына сәттілік тіледі. Бұл күні сурет үйірмесінің жетекшісі Жанкерім Қосжанованың жетекшілігімен үйірме мүше­лері жасаған бұйымдар мен сурет­тер де таңдай қақтырды.

Фестиваль әрі қарай «Туған жерім – тұнған шежірем» атты кон­церттік бағ­дарламаға ұласты. Аудандық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева ауданның өнер, мәдениет саласының дамуы мен алдағы жоспарлар туралы айтты. Тарихы терең ауылдың таланттардың өлкесі екенін айтқан бөлім басшысы ауылдық клубтың жұмысын оң бағалап, өнер фестиваліне қатысуға келген көпшілікке ризашылығын біл­дірді. Концертте балалар ән айтып, би билесе, домбырашылар күмбірлете күй тартты. Ал «Әкелер» ансамблі «Туған ел», «Қалаулым» әндерін орын­дады. «Ақ кимешек» әжелер ансамблі де өнер мерекесінің шырайын кіргізіп, әуелете ән шырқады. Сондай-ақ Айсана Жорабек пен Аружан Бақтиярқызы қазақ ақындарының патриоттық өлеңдерін жатқа оқы­ды. Қайрат Сәтбаев пен Райхан Шүкірәлиева шырқаған «Алғыс» әні­мен фестиваль қорытындыланды.

Іс-шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келді­баев, ауыл ақсақалы Қ.Рүстемов, аудандық мәслихат депутаты А.Ибра­гимұлы сөз сөйлеп, аудандық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлі­мінің ұйытқы болуымен өткізіліп жат­қан өнер фестивалінің нәтижелі қорытын­дылануына тілектестігін білдірді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
30 шілде 2024 ж. 365 0