Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құрдымға кетіреді

Құмар ойын құрдымға кетіреді

Құмар ойынға елітіп, бәс тігу – дінде күнә, дәстүрде жат әдет. Қазіргі кезде казино, ақшалай ойын автоматтарының кең таралуына байланысты құмар ойын­дар мәселесі өзекті болып тұр. Осыған орай Үкімет 2026 жылға дейін лудоманиямен күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.

Кешенді жоспар бекітілді

Жоспар заң нормаларымен үндес­тірілген және профилактикалық іс-шара­ларды жүргізуге бағытталған. Оны іске асыру қорытындысы бо­йын­ша букмекерлік кеңселер мен ойын­ханалардың белсенді клиент­терінің санын 42%-ға төмендету, тегін оңалтудан өтетін лудоман санын 500-ге дейін жеткізу, жыл сайын кемінде 7 мың интернет-ойынханамен букмекерлік сайттарды бұғаттау көз­делген.

– Құжатта 4 блокқа бөлінген 28 іс-шара қарастырылған. Әр блок­тың өз мақсатты аудитория­сы бар. Бірінші бөлім құмар ойын­дарды бұған дейін ойнамаған аза­мат­тарға арналған. Екінші бөлім тәуекел тобын анықтауға және олар­мен жұмыс істеуге бағытталған. Үшінші блок лудомандарға көмек көрсетуді көздейді. Жоспар аясында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 ойын­­­хана, 3 ойын автоматтары залы және 8 букмекерлік кеңсе бар екен. Онда 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес салалық министрліктің талабымен сот шешім­дері не­гі­зінде заңнаманы бұзған 14 бук­мекерлік кеңсе, тотализатор және 1 ойын автоматтары залының қызметі тоқтатылды. Ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қонаев қаласында 4 букмекерлік кеңсе мен 2 ойын автоматтары залына жоспардан тыс және жоспарлы тексеріс, сондай-ақ лотерея операторына жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Қазақстанда алғаш рет әлеуметтік желілерде, атап айтқанда, «Ins­tagram» мен «Tik­Tok»-та заң­­сыз ло­те­рея­ларға қар­сы кү­­рес жұмыс­тары басталды. Ол үшін 400 мыңнан 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. 16 азамат сомасы 7 млн теңгеге әкімшілік жауап­кершілікке тартылғанын да айта кеткеніміз жөн. Мұнан бөлек соттың қарауына құқық бұзушылық туралы 30 хаттама жіберілген. Тағы 35 факті бойынша әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындары үшін жауапқа тартуға материалдар жиналуда.

Заң жобасында өзгеріс көп

Ойын бизнесі мен лотерея қыз­метін реттеу туралы заң лудомания мәсе­лесін шешуге бағытталған. Ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу бойынша жақында қабылданған заң 8 кодекс пен 14 Заңның нормаларын қозғайтын тарихта бұрын-соңды болмаған 150 түзетуді қамтиды. Құжат қабылданғаннан бері 17 жыл ішінде оған мұндай ауқымды өзгерістер енгізіл­­меген.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың айтуын­ша, заң халықтың сауаттылығын арттыру, жарнаманы шектеу, сапалы медициналық көмек көрсету, мем­лекеттік бақылауды күшейту арқылы лудомания проблемасын шешуге бағыт­талған. Құжатты әзірлеу кезінде Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары түгелдей ескерілген.

– Заңды әзірлеу процесіне барлық мүдделі тараптар қатысты, қажетті қорытындылар алынды, 18 норма бойынша реттеушілік әсерге тал­дау жүргізілді, ашық қоғамдық талқы­лаулар өткізілді. Заңды даярлау барысында қарсылық пен лоббизмге де тап болдық. Алайда, халықтың қол­дауы жұмысқа демеу берді. Бұл ретте 50 мың қол жинаған петицияның маңыздылығын да атап өтемін. Ынты­мақтастықтың нәтижесінде қоғамның көңілінен шығатын тарихи заң жарық көрді, – дейді вице-министр.

Ведомство өкілі министрлік атынан 1,5 жыл бойы жобаны даярлап шыққан депутаттарға, әзірлеуге ат салысқан әріптестерге, қоғам бел­сенділеріне, сырттан жанкүйер бол­ған отандастарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, кейбір нормалар әлі күнге дейін мүдделі топтар тарапы­нан сынға ұшырап отыр. Алайда, жеке компаниялардың табыстары мен ұлт­тың келешегі таразыға салынып, Парламент пен Үкімет халықтың үніне басым­дық берді.

Талап күшейіп, тәртіп қатаңдатылды

Енді құмар ойындар мен бәс тігудің жарнамасына шектеу қойылады. Бұл ретте SMS-хабарламалар арқылы да шектеу көзделген. Сондай-ақ бук­ме­керлерді жарнамалауға, оның ішін­де көлік құралдарына жарнама жа­быстыруға тыйым салынады. Тек букме­керлік кеңселер, спорт ғима­рат­тары мен спортшылардың жабдық­тарына ғана жарнама орналастыруға болады. Осыған ұқсас норма интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақ­парат құрал­дарын да қамтиды. Сонымен қатар бұдан былай букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар SMS-хабар­ламалар жіберілмейді.

– Біріншіден, бүгінде мұндай хабарламалар абоненттің келісімінсіз келеді. Екіншіден, хабарламалар, визуалды жарнама заңды түрде құмар ойындарға қатыса алмайтын 21 жасқа толмаған азаматтарға бағытталған. Заң бұзушылар үшін әкімшілік жауап­кершілік қарастырылған, – дейді Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев.

Негізі ел бойынша шамамен 3,5 млн борышкер бар екен. Бұл әрбір бесінші немесе төртінші жас құмар ойынның құрдымымен бетпе-бет келіп тұрғанын айғақтайды. Соған сәйкес жаңа заң бойынша борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдарды құмар ойындарға жіберуге және олардың бәс тігуіне тыйым салынады. Қарапайым тілмен айтқанда, мерзімі өткен қары­зы бар аза­мат­тар құмар ойынға ақша жұм­сай алмайды. Сонымен қатар бұл норма бәс тігу ар­қылы қарыздарын жап­қысы келетін азаматтарды қауіптен қорғайды. Борыш­керлерді, 21 жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектеген адамдарды ойынға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік те қарас­тырылған.

Қоғамдық сананы жаңғырту – басты міндет

Заң қабылдап, тәртіпті күшейту арқылы бәрін өзгерту мүмкін емес. Қоғамдық сананы жаңғырту, қоғам­дық ізгілендіру, адамгершілік құнды­лықтарды дәріптеу мен қалып­тас­тырудың қашан да маңызы зор. Құмар ойынға құмар болып, бәс тігу мәселесін түпкілікті шешуде де ұлттық, отбасылық құндылықтардың алатын орны ерекше.

Көзі қарақты оқырман жақсы біледі, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төраға­лығымен бұған дейін өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұл­ғаны қалыптастыру бағытында бірнеше рет кеңейтілген жиын өтті. Аймақ басшысы сонда жаһандану дәуірінде әр халық, әр ұлт үшін дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалудың зор маңызын атап өтіп, отбасылық тәрбие ерекше рөл атқаратынын айтқан еді. Өңірдегі жетістіктерді саралаған аймақ басшысы қоғамда белең алған интернетке тәуелділік, құмар ойынға салыну, оқушылар арасындағы әлімжеттік және өзге де мәселелердің алдын алу мақсатында тиісті бас­қарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне балалардың бос уақытын тиімді өткізу және оларды толыққанды әлеу­меттендіру іс-шаралар кешенін қол­ға алуды тапсырды. Бұл тапсыр­малардың орындалуына ат­қарушы, өкілді, құқық қорғау органдары ғана емес, әр азамат атсалысуы қажет. Сонда ғана заңда көзделген мақсат-міндеттер жүзеге асып, жоспарлы жұмыс­тарда нақты нәтиже болады.

Жалпы бұқаралық ақпарат құрал­дарында, оның ішінде жергілікті басылымда, құмар ойынның зияны, қауіп-қатері мен кеселі жөнінде мақалалар тұрақты жарияланып келеді. Негізі ешкім ойынқұмар болып тумайды. Тек өсе келе ойынқұмар болып өзгереді. Сондықтан бүгінгі қоғамда саламатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен шұғылданатындардан, бәс тігетін адамдар көбейіп барады. Оңай олжаға маңдай терлетпей кенелгісі келетіндер карта ойнау, бәс тігу, автомат ойынына әуестену абырой әпер­мейтінін тереңірек түсінсе екен дейміз. Түптеп келгенде, перзентіне сенім артып, үміт күткен әкенің, аялап баққан ақ жаулықты ананың, аяулы жардың, баланың көз жасына қалу ешқашан жақсылыққа апармайтыны анық. Құмар ойынның соңы құрдым, бәс тігу соңы бас тігу екенін де ұмытпағанымыз дұрыс.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото:ашық дереккөзден
23 шілде 2024 ж. 199 0