Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенаторлар сапары

Сенаторлар сапары

Кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Нау­рызбай Байқадамов Сырдария ауданында болып, құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сенаторларды аудан әкімі Берік Сәрменбаев күтіп алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы жөнінде хабардар етті.

«Руханият» орталығының жұмысымен танысты

Парламент депутаттары ең алдымен жаңа­­дан салынып жатқан «Руханият» орта­лы­­ғының жұмысын көрді. Құрылыс алаңында тап­сырыс берушілермен және мер­дігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, ат­қарылған жұмыс­тар мен алдағы жоспарларды саралады.

– Сыр елінің жауһар жәдігерлерін сақ­­­тап, келер ұрпаққа жеткізуге, жас­тар­­ды отаншылдық рухта тәрбиелеуге және тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғын­­дыруға әрбіріміз жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Осы жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақ­сатында барлық 7 ауданда музей, кітап­хана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын бі­рік­ті­ретін, типтік үлгідегі «Руха­ният» орта­лықтарын салу туралы бастама көтеріліп, шешім қабылданғанын білеміз. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюд­­жет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба, – деді Наурызбай Байқадамов.

Сәуір айында іргетасы қаланып, құры­лысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысан Сыр руханиятына қалтқысыз қызмет ететін, алдыңғы буынның өмір жолын ұлықтап, жас ұрпақты тәуелсіздік рухында адал ең­бекке, ізгілікке үндейтін нағыз руханият ор­дасы болары анық. Осы ретте сенатор Руслан Рүстемов жаңа нысанның салыну мақсаты, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда атқаратын қызметі мен аймақтың рухани-мәдени дамуы туралы пікір білдірді.

– Осы өңірде, осы ауданда қызмет еткеннен кейін облыстың әр жетістігі мен жаңалығына тілектеспіз. Қызылорда қазір қарқынды дамып, ерекше серпілістерге құлаш сермеу­де. Мәселен, биыл «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланды. Бұл кезең айшықты жобалар мен жағымды жаңа­лық­қа толы болмақ. Атаулы жыл­дың бастауындағы алғашқы сый – Қызылорда қаласының төрінде 1000 орындық, сәні мен салтанаты келіскен «Өнер орталығы» ашылды. Қызылордада 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысы жүруде. Өңірдегі барлық мәдениет үйі жанында «Адал адам» орталықтары жұмыс жасау­да. Балалар мен жасөспірімдерді шығар­машылыққа баулып, өнерін өріс­­тететін «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынуда. Жал­пы құны 12 млрд теңгеге жуық «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынып, келер жылы пайдалануға беріледі. Сондықтан құрылыс жұмысын сапалы әрі уақытылы жүргізуді бақылауда ұстау керек, – деді Руслан Рүстемов.

Нысан басында аудан әкімі Берік Сәрменбаев құрылыс жұмысы жоспар­ға сай жүргізіліп жатқанын айтты. Сон­дай-ақ ұлтымыздың дамуында маңыз­ды рөл атқаратын бұл жобаның басы-қасында жүрген құрылысшылар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, құрылысты сапалы жүргізетініне сенім білдірді.

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Сенат депутаттары ауданға жасаған жұмыс сапарында аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесуді аудандық Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы, мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы ашып, жүргізді.

Кездесуде сенатор Руслан Рүстемов Парламент қабырғасында қабыл­данып жатқан заңдар мен атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен айтып өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы айтқан Әділетті қоғамды, азаматтардың үніне құлақ асатын мемлекеттік құры­лымды қалыптастыруға септігін тигізетін заңдарды қабылдауға басым бағыт екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өтпелі кезеңде елде орын алған саяси-эконо­микалық дағдарыстардың себебін тал­дап, салдарын саралаумен қатар, алды­мызға нақты міндеттер қойды. Конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезе­ңі­мен іске аса бастады. Мұның көрі­нісін көппартиялы Парламент жасақтал­ғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қатысты стра­те­гиялық бағыттарға жауап бер­мейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешім­дерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқарады, – деген Руслан Рүстемұлы «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкім­шілік рәсімдерді жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қабылданған заңдар бойынша ой-пікір білдірді.

– «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қоғамның көп сүзгісінен өтті. Заңда қоғамдық бақылау саласын мемлекеттік реттеу, қоғамдық бақылауға қойылатын талаптарды айқындау, қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілерінің құқық­тары мен міндеттерін регламенттеу ұсынылған. Қоғамдық бақылау арқылы азаматтар жалпыұлттық жобалардың сапалы іске асырыл­уын, қоғамдық бақылау объектілерінің шешімдерінде қоғамдық пікірдің ескерілуін, қоғам­дық бақылау объек­тілері қызметінің айқындығы мен ашықтығын қада­ғалауға мүмкіндік алады. Заңды қабылдау қоғамдық бақылауды ұйым­дастыру және жүзеге асыру аясында қоғамдық қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді, – деді сенатор.

Өз кезегінде сенатор Н.Байқадамов Сенат қабырғасындағы екі ай көле­міндегі жұмысында алдына нақты міндеттер қойғанын, алдағы уақытта сол мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмыстанатынын жеткізді.

Кездесуде аудандық қоғамдық кеңес мүшесі М.Келдібаев жерді тиімді пайдалануды реттейтін респуб­ликалық деңгейде мемлекеттік құры­лым құру, жергілікті жерде ауыл­ша­руашылық бөлімі мен жер қаты­настары бөлімін қайта бөлу мәсе­лесін көтерді. Ал аудандық мәс­лихат депутаттары А.Есназар мен Е.Жақып ауылшаруашылығы саласына қажетті мамандар дайындау мәсе­лесін қайта пысықтау жөнінде айтып, аудандық мәслихаттың атқарып жатқан жұмысынан хабардар етті.

Мектеп құрылысын уақытылы аяқтау маңызды

Сенат депутаттары Тереңөзек кентін­дегі «Жалын» сауықтыру лагерінде болды және Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепке жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыс­тарымен таныс­ты. Мұнда аудан әкімі Б.Сәрменбаев аудан бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы айтты.

6 ауысым бойынша 130 баланың демалуын қамтамасыз ететін «Жалын» сауықтыру лагері жөндеуді қажет етеді. Бүгінде атқарылуы тиіс жұмыстардың жалпы жобасы әзірленген. Жобаға лагерьдің кіре­берісінен бастап балалар демалатын үйлерді жөндеу, ойын алаңдарын салу, сахнаны қайта жаңғырту мен асхананы жабдықтау және тағы басқа да жұмыстар енгізілген. Бұл жұмыстарды атқару үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет. Сенатор Р.Рүстемов ұсыныстардың барлығын облыстық білім басқармасымен бірге зерделеп, зерттеу қажеттігін және лагерь жұмысын жыл бойы жүргізу керектігін айтты.

Ал Н.Ілиясов ауылындағы мек­тептегі күрделі жөндеу жыл аяғына дейін аяқталуы керек. Бірақ оқу жылы қыркүйек айында басталатынын ескерсек, жоспарлы жұмыстарға өзгеріс енгізуге тура келеді. Сенаторлар әуелі ғимараттың бір жақ бөлігін толық жөндеп, бітіруді, сосын екінші бөлігін жөндеуді ұсынды. Әйтпесе оқу процесіне кедергі келтіруі мүмкін.

– Біз ең алдымен бұл құрылыс жұмысы оқушылар үшін атқарылып жатқанын түсінуіміз керек. Ол үшін қыр­күйекте оқушылар мектепке келгенде сынып бөлмелері дайын болғаны дұрыс. Сондықтан құрылыс жұмысын жалпы емес, нақты екіге бөліп атқару керек. Бірінші кезекте бір жақ бөлігін аяқтап, реттестірген жөн. Қалған бөлігі жыл соңына дейін атқарыла береді, – деді Н.Байқадамов.

Осылайша сенаторлар әлеуметтік нысан­дарды аралап, аудан әкімімен, мәсли­хат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Айтылған ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын, Үкіметпен бірге зерделенетінін айтты.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
16 шілде 2024 ж. 121 0