Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаттары Сырдария ауданына келді

Мәжіліс депутаттары Сырдария ауданына келді

Қызылорда облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары іссапармен келді. Іссапар аясында халық қалаулылары Сырдария ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесті.
Мәжілісмендер ең алдымен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында болып, мекеме жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов, аудан әкімі Р.Рүстемов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Е.Дәуітбекұлы делегацияға халыққа қызмет көрсету тәртібі мен күту залындағы жұмыстың ұйымдастырылу барысын таныстырды. Мұнан кейін депутаттар орталық мамандарымен пікірлесіп, LED экраннан «Е-халық» ақпараттық жүйесінің жұмысын және бірқатар көп балалы аналардың әлеуметтік паспортын көрді. Ақпараттық жүйенің артықшылықтарына байланысты депутаттар сала мамандарына сұрақтарын қойып, жүйені жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Жалпы ауданда 17 459 экономикалық белсенді халық болса, жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 1480 адам хабарласқан. Оның ішінде 1148 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылса, 331 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

08 қараша 2019 ж. 660 0