Сексен саңлаққа артылған сенім
Төрткүл дүние көз тіккен Франция елінде жазғы Олимпиаданың 26 шілде күні жалауы желбірейді. Дүбірлі додаға әлемнің 200-ден аса елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің намысын қорғайтын спортшыларды қабылдап, Мемлекеттік туды тапсырды.
Ел Президенті ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын спорттық бәсекеде ел намысын қорғау саңлақтар үшін абыройлы міндет екенін жеткізді.
– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк Туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды. Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой. Өткен аптада Астанада ШЫҰ саммиті табысты ұйымдастырылды. Бұл маңызы зор шараның басты мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогты, достық пен сенімді нығайту болды. Мұндай басымдықтар күллі спорт әлеміне де тән. Өйткені кез келген спорт сайысы, ең алдымен, ынтымақтастықты, алға ұмтылысты және адамдардың бірлігін көрсетеді. Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі. Бәріңіз Олимпиада жолдамасын иелену үшін көп күш жұмсадыңыздар. Өздеріңіздің асқан шеберліктеріңізді көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге барша Қазақстан халқы қолдау көрсетеді. Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде ел Президенті Мемлекеттік Туды Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына еліміз бойынша 80 спортшы 92 жолдама иеленген. Спорттың 25 түрінен бақ сынайтын қазақстандық әрбір спортшы зор жауапкершілікті сезінеді.
Сыр елінің атынан төрт жылдықтың басты бәсекесіне 4 спортшы барады. Яғни, өңірімізден Олимпиадаға баратын боксшы Қамшыбек Қоңқабаевқа, грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғалиға, қос дзюдошы Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан Шарханға сенім артамыз. Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қамшыбек Қоңқабаевты қабылдап, 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Айта кетейік, 11 тамызда ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетеді. Ұлттық құрама спортшыларына жарыс жолында сәттілік серік болғай!
Балтабай ОРДАБЕКОВ