Қаламгерлерге құрмет көрсетілді
28 маусым – журналистер күніне орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов бастаған депутаттар, ардагерлер және аудандағы БАҚ өкілдері мен көпшілік көрермен қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімі қаламгерлер қауымын төл мерекемен құттықтады.
– Журналистер қауымының дайындаған әрбір материалдарында елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отырады. Бүгінгі кәсіби мерекеде аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газеті ұжымын 85 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Халық пен билік арасында алтын көпір іспеттес болған сала мамандары барлық құрметке лайық, – деді аудан әкімі.
Мерекелік іс-шара марапатпен жалғас тапты. Атап айтар болсақ, аудандық газетте ұзақ жыл еңбек етіп, басылым беделінің бүгінгі қалпын қалыптастыруда елеулі еңбек еткен сала ардагерлері мен бірқатар қызметкер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және естелік сыйлықпен марапатталды. Ардагер-журналист, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Ал аудандық газеттің штаттан тыс тілшілері Марат Омаров пен Бақтияр Мырзаш және аудандық газет бас редакторының орынбасары Аружан Мұханбетқали Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, куәлік берілді. Сондай-ақ аудандық редакцияның көлік жүргізушісі Бағдәулет Иманғалиев «Сыр медиа үздігі» номинациясы мен 100 000 теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болса, жас тілші Алтынай Жүнісова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма-төрағасы Б.Кәрімованың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Айта кетейік, биылғы кәсіби мереке аудан айнасына айналған газеттің 85 жылдық мерейлі тойымен тұспа-тұс келді. Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
«Тт» ақпарат