Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды

Ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды

Көрнекті қоғам қайраткері, ұлтты ұйыстыру бағытындағы іргелі істердің ұйытқысы болған алты Алашқа ортақ тұлға Иса Тоқтыбаевтың 130 жылдығына орай ауданда бірқатар мәдени-көпшілік, рухани-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің, аудандық білім бөлімі мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің қолдауымен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде «Иса Тоқтыбаев: өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Негізі қайраткер-тұлғаның есімі берілген білім ордасында арнайы апталық өткізіліп, оған аудан педагогтары мен оқушылары белсене қатысты. Апталық аясында мақалалар мен әлеуметтік желідегі «Үздік пост» байқауы, жазба ақындар мүшәйрасы, шахмат турнирі ұйымдастырылды. Ал ғылыми-танымдық конференция осы апталықтың қорытындысы ретінде өткізіліп, оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық деңгейдегі тиісті мекеме басшылары мен мамандары, тыл және еңбек ардагерлері, білім, мәдениет саласының көрнекті өкілдері, ауда­нымызға белгілі тарихшылар, өлкетану­шылар және аудан мектептерінің директорлары мен мұғалімдері, қоғам қайраткері И.Тоқтыбаевтың аты берілген қасиетті қарашаңырақта ұзақ жыл еңбек еткен ардагер-ұстаздар мен жергілікті БАҚ өкілдері, сондай-ақ 130 жылдығы аталып өтіліп жатқан тұлғаның ұрпақтары қатысты. Конференцияны Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы ашып, жүргізіп отырды.

– Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Ал, тарихтың өзекті арнасы – жеке тұлға болса, жиынтығы – халық. Халықтан асқан әділ сыншы да, биік ұғым да жоқ. Ел есінде, халық жадында, тарих бетінде аты да, қызметі де сақталған, ел үшін еткен еңбегі бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналған ұлтымыздың біртуар перзенттері көп деп біз әркез зор мақтанышпен айтамыз. Сол мақтаныш сөздің астарында адам сенгісіз қиындықпен келген қажырлы еңбектің бар екені де даусыз. Бүгінгі конференция жұмысына арқау болып отырған көрнекті қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың да өмірі мен еңбек жолы қиындықтармен бетпе-бет келген сындарлы сәттерге толы десек артық айтқандық емес және оны уақыт та, тарих та әділ бағалағаны ақиқат. Сондықтан бүгінгі конференцияның ұйымдастырылуы мен өткізілуі бәріміз үшін, түптеп келгенде өткеніміз үшін де, бүгініміз үшін де, болашағымыз үшін де аса маңызды. Ең алдымен, «Иса Тоқтыбаев: өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат» тақырыбындағы аудандық ғылыми-танымдық конфе­рен­цияға қатысып отырған көпшілік қауымға шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деп бастады модератор.

Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ұлты­мыздың біртуар перзент­теріне құрмет көрсету, олар­дың еселі еңбегін, ерлікке толы өмір шежіресін насихаттау, сол арқылы қоғамдық сананы жаңғыртуға үлес қосу ортақ міндет екенін айтып өтті.

– Өздеріңізге белгілі, ұлты­мыздың біртуар перзенттеріне құрмет көрсету, олардың ең­бегі мен ерлігін насихаттау жұмыстарына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әркез баса назар аударып, нақты тапсырмалар беріп келеді. Президенттің төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтай отырыстарының бар­лығында ұлтты ұйыстыруға айтулы үлес қосқан тұлғалар тағдырынан тағылым алу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру міндеті жүктелді. Осы ретте көрнекті қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың алатын орны ерекше. «Мәдени-рухани, қоғамдық-саяси тарихымыздың қадір-қасиетін тереңнен пайымдап, елі мен жері үшін тер төккен тұлғаларымыздың болмысын жаңылмай танып отыру – ортақ парыз» дейтін болсақ, Иса Тоқтыбаевтың қиын да күрделі, сынақты да сындарлы өмір жолы нағыз қайраткерлік істерге толы болғанын аңғарамыз. Бүгінгі конференцияда көрнекті тұлғаның өмірі мен еңбек жолы тереңнен зерделеніп, тың мағлұматтар айтылады, өлкентанушылар мен тарихшылар мазмұнды баяндама жасайды деп сенеміз.

Мұның бәрі – бір мектептің тарихында ғана емес, бүтін бір ауданның тарихында қатталуы қажет дүние. Конференцияның И.Тоқтыбаевтың есімі берілген білім ордасында өткізілуі мен ұйымдастырылуы, оған еңбек ардагерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұстаздардың қатысуы – өте құптарлық іс. Жалпы, қайраткер тұлғаның 130 жылдығы облыстық маңызы бар саяси іс-шаралар жоспарына енгізілген. Ол жоспарды облыс әкімі бекіткен және жыл көлемінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі конференция сол іс-шаралардың ең маңыздысы деп есептейміз. Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының атынан конференция қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіріп, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деген Димаш Серікбайұлы «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланғанын да айтып, бұл кезең айшықты жобалар мен жағымды жаңалыққа толы болатынын жеткізді.

Конференция барысында арнайы әзірленген бейнефильм көрсетіліп, кітап және сурет көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ тыл және еңбек ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Кенже Тұрғанбекова, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры Үміткүл Жұма­баева түрлі тақырыпта баян­дама жасады. Баяндамашылар И.Тоқтыбаевтың өмір жолына, ұлт үшін атқарған қызметіне, қиындықпен бетпе-бет келсе де елге адал қызмет еткеніне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар И.Тоқтыбаевтың ұрпақтарының атынан облыстық полиция депар­таменті ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Серікбол Тұңғышбаев сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға, мек­теп ұжымына ризашылығын білдірді.

Ғылыми-танымдық конференция соңында апталық аясында ұйымдастырылған мақалалар мен әлеуметтік желідегі «Үздік пост» байқауының, жазба ақындар мүшәй­расы мен шахмат турнирінің жеңім­паздары марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, спорт саласының ардагері Мектепхан Елеусінов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сандыбай Сәдуақасов марапаттады. Жеңім­паздарға аудандық білім бөлімі басшы­сының алғыс хаты мен И.Тоқтыбаевтың ұрпақтарының атынан дайындалған қаржылай сыйлықтар табысталды. Марапаттау салтанатынан кейін арнайы қонақ асы беріліп, қайраткер-тұлғаның рухына Құран бағышталды. Қонақ асында ардагер ұстаздар Анар Ізбасарова, Сұлупан Шамшадинова, Патыма Алданова, Бағдаш Сағындық, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова сөз сөйлеп, пікір білдірді. Осылайша көрнекті қоғам қайраткері, ұлтты ұйыстыру бағытындағы іргелі істердің ұйытқысы болған алты Алашқа ортақ тұлға И.Тоқтыбаевтың 130 жылдығы аясындағы іс-шаралар нәтижелі қорытындыланды. Конференциядан кейін И.Тоқтыбаевтың ұрпақтары аудандық тарихи-өлкетану музейінде болып, аудан тарихымен, жетістіктерімен ­таныс­ты.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
04 мамыр 2024 ж. 121 0