Өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат
Көрнекті қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың есімі өзі туып-өскен өңірге ғана емес алты Алашқа белгілі. Саналы ғұмырын ұлтты ұйыстыру бағытындағы байырқалы бастамаларға арнаған қайраткер-тұлға сонау 1894 жылы дүниеге келіп, 1967 жылы қайтыс болған. Қараөзекте кіндік қаны тамған өнегелі өмір иесі 1904-1917 жылдары Перовскідегі орыс-қазақ мектебінде, бастауыш орыс училищесінде орталау білім алып, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген деген дерек бар.
Иса Тоқтыбаевтың өмірі мен еңбек жолын зерттеп, зерделеген тұлғалардың бірі – Мырқы Исаев. Атағынан ат үркетін қайратты қаламгердің ұлы Жәнібек Исаевпен біз әріптес ретінде жақсы сыйластықтамыз. Жәкең облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы қызметін атқарғанда талай рет алыс-жақын облыстарға журналистердің семинары мен басқосуларына бірге бардық. Айтайын дегенім, бірде қайраткер-тұлғалар туралы тарихи-танымдық әңгіме қозғалып, Иса Тоқтыбаевқа барып тірелді. Әңгіме төркіні 1990 жылы Қызылорда педагогикалық институтында «Шежіре» тарихи-өлкетану бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен кездесуден басталды. Кездесудің құрметті қонағы КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мырқы Исаев сонда алғаш рет көпшілікке қоғам қайраткері, қазақ халқының көрнекті ағартушысы Иса Тоқтыбаев жайлы мазмұнды баяндама жасапты. Міне, содан кейін барып тұлға өмірі зиялы қауым арасында кеңінен таныла бастаған. Ж.Мырқыұлының айтуынша, И.Тоқтыбаевты зерттеуге әкесі жиырма жылға жуық уақытын сарп етіпті. Біз сол зерттеу еңбектен не түйдік? Бүгінгі мақаламызда соны хал-қадірімізше баяндамақ ниеттеміз.
Бір деректерде И.Тоқтыбаевтың 1884 жылы, енді бір мәліметтерде 1894 жылы дүниеге келгендігі жазылады. Біз түпнұсқа құжаттарға сүйеніп, 1984 жылы өмірге келгенін нақтылап жазуды жөн көрдік. Бұл мәселеде талас болмауы керек, биыл тұлғаның 130 жылдығы аталып өтілмек. Кейіпкеріміздің ата-анасы ертеде Жетісудан Сыр өңіріне көшіп келіп, осында қоныстанып қалған. Ол кезде қазіргідей қандай оңған жағдай болсын? Жоқшылық, тапшылық, бай мен кедей арасындағы алшақтық басым кезең. Сондықтан Иса Тоқтыбаев Перовскідегі байлар мен саудагерлерге жалданып жұмыс істеген. Рафаил деген дүкеншінің қарамағында еңбек ете жүріп, өз бетінше білім алуға талпынған. Жалынды жастың қабілетін Щипков сияқты сол уақыттың алдыңғы қатарлы ауқатты адамдары байқап, оған қамқорлық жасайды. Ағайынды Щипковтардың Ақмешітте үш мектебі бар еді. Сол мектептің бірінде Иса Тоқтыбаев өзінің досы, кейін Қарақалпақ АССР-інің алғашқы басшысы болған Әбу Құдабаевпен бірге орысша білім алады. Кейін Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітіреді. Маркстік-лениндік үйірмелерге белсене қатысқан ол 1916 жылы Тоқмақ стансасындағы жұмысшылар ереуіліне қатысып, тұтқынға алынады. Бір жылдан кейін Ташкент жұмысшыларының көтерілісіне де қатысады. Ондағы мақсаты бандалар мен басмашыларға қарсы күресу еді...
Иса Тоқтыбаев саяси белсенділігінің, қарым-қабілетінің арқасында 1918 жылы Түркістан Кеңес Республикасының Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланып, 1919 жылы ақпанда большевиктер партиясы қатарына қабылданады. Сол жылы Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының ағарту институты құрылғанда оған Үкімет осы жоғары оқу орнын ұйымдастыру және басшылық жасау жүктеледі. Бұл ұсыныс әрі тапсырма В.Куйбышев пен Т.Рысқұлов тарапынан болған. Ал «Ақжол» газетінің редакторы ретінде 1920-1922 жылдары еңбек етеді. Оған дейін бұл қызметті Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов атқарғанын ескерсек, И.Тоқтыбаев Түркістан Кеңес Республикасы тұрғындарының арасында үлкен беделге ие бірден-бір көрнекті қайраткер болғанын айтудың өзі артық. Өйткені ол осы кезеңде білім тарату комиссиясының төрағасы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Түркістан Орталық Атқару комитетінің өкілі, мемлекеттік баспа төрағасының орынбасары және республиканың халық ағарту комиссариаты алқасының мүшесі қызметтерін қоса атқарған. Сөйтіп жүріп Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетін де оқып бітірген. Қолда бар мәліметтерден И.Тоқтыбаевтың «Ақжол» газетінің редакторы болған кезінде қазақ интеллигенциясының шығармашылығына ерекше көңіл бөлгенін анық аңғаруға болады. Әсіресе Тұрмағамбет Ізтілеуов пен Омар Шораяқовтың еңбектерін «Ақжолға» тұрақты түрде жариялап отырған.
1922 жылдан бастап Ташкентке жиналған қазақ зиялыларына деген Үкімет көзқарасында салқындық байқала бастайды. Бұл қиындық сол кездегі «Ақжолдың» басшысы болған И.Тоқтыбаевқа да тиіп, қызметтерден шеттетіледі. 1926 жылы Орынбордағы жұмысынан кетуге мәжбүр болып, Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметіне тағайындалады. 1930 жылы өлкелік партия комитетінің бюросы Ленинградқа аспирантураға оқуға жібереді. Онда И.Герцен атындағы тарихи-партиялық және Қызыл профессура институттарын қоса бітіріп, осында С.М.Киров басқарған қалалық партия комитетінің ұсынысымен кеңестік Шығыс халықтары Бүкілодақтық курсының ректоры қызметін атқарады. Сонымен бірге В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академияда сабақ беріп, Ленинградтағы мемлекеттік этнография музейінің меңгерушісі болады. Дегенмен 1929-1933 жылғы Сталиндік репрессияның алғашқы толқыны И.Тоқтыбаевқа да жетеді. Ақыры Иса Тоқтыбаев елге Алматы арқылы қайтады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ы.Тәжиев пен жазушы С.Мұқанов И.Тоқтыбаевты қарсы алады. Кейін Қызылордаға келіп, отбасымен қауышып, қызметке қайта араласады. Өмірінің соңғы жылдарында Қызылорда өлкетану мұражайының директоры болып жұмыс істейді. Оның өмірбаянының көптеген белгісіз жақтарын журналист Мырқы Исаев 90-жылдары архив құжаттары мен суреттер арқылы өз кітабында кеңінен жазған. Біздіңше, сол зерттеу еңбек әлі де насихатталуы, дәріптелуі керек. Өйткені Иса Тоқтыбаев 1967 жылы қайтыс болса да артына өшпес іс қалдырды. Бүгінде Қызылорда қаласында, Тереңөзек кентінде оның есімі берілген көше бар. Өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылған. Сондай-ақ Сырдария ауданындағы №35 орта мектепке 1998 жылы И.Тоқтыбаевтың есімі берілген. Білім ұясына бүгінде мектеп-лицей статусы берілген. Мектеп ұжымының ұйытқы болуымен аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің қолдауымен И.Тоқтыбаевтың 130 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Іс-шаралар жоспарында фильм түсіру, кітап көрмесі мен мүшәйра ұйымдастыру, шахматтан турнир және шығармалар байқауын өткізу енгізілген. Мұнан бөлек аудан ардагерлерінің, тарихшылардың, өлкетанушылардың қатысуымен 26 сәуір күні ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылмақ. Мұның бәрі туғанына 130 жыл болған И.Тоқтыбаевтың өмірі мен еңбек жолын зерттеуге арналады. Сондықтан көрнекті қоғам қайраткерінің есімі ешқашан ұмытылмайды деп айтуға толық негіз бар.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ