Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар сырдариялықтармен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар сырдариялықтармен кездесті

Бүгін Сырдария аудандық мәслихатының мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар Н.Байқадамов, А.Есмаханов, А.Жүнісов сырдариялықтармен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, ауданның зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Басқосуды аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.

– 2024 жылғы 6 наурызда ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, онда 2024 жылғы 25 сәуірге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қызылорда облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлауды тағайындау туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ осы Сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Сайлау заңнамасына сәйкес, Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысатынын білдіреді. Кандидаттарды ұсыну мәслихаттардың сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Өз өкілдері арқылы мәслихаттарда кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынуға мүмкіндігі бар екендігі туралы өздеріңіз де хабардарсыздар. Бүгінде өзін-өзі ұсыну тәртібімен облыс бойынша үш азамат тіркелді. Бүгін кандидаттар ауданымызға келіп, арнайы кездесу ұйымдастыруда, – деген Ержан Ертарғынұлы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Сенаттың, Сенат депутатының рөлі мен маңызы туралы айтып, кандидаттардың өмірбаянымен таныстырды. Мұнан соң кандидаттар кезектілікпен сөз сөйлеп, бағдарламаларының басым бағыттарына тоқталды.

Сенат депутаттығына кандидат Н.Байқадамов елдің дамуына үлес қосу – әр азаматтың абыройлы борышы екеніне назар аударып, саяси маңызы бар реформалардың жүйелі жүзеге асуына атсалысу мен Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосуды азаматтық міндеті санайтынын айтты. Ал Сенат депутаттығына кандидат А.Есмаханов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағызаң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган Сенаттың маңызы туралы кеңінен айтып өтті. Бағдарламасының басым бағыттарын түсіндіріп, осы уақытқа дейін жинақтаған білімі мен тәжірибесін елге қызмет етуге арнайтынын жеткізді. Өз кезегінде Сенат депутаттығына кандидат А.Жүнісов бағдарламасының өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын айтып, ел дамуының өзекті мәселелеріне тоқталды.

Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жаналиева, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып сөз сөйлеп, кандидаттарға сәттілік тілеп, өз пікірлерін білдірді.

Кездесуді қорытындылаған Е.Әжікенов депутаттық қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін тілге тиек етіп, аймақ үшін өзекті мәселелердің байыпты шешілуіне үлес қосуға шақырды. Кездесуден кейін Сенат депутаттығына кандидаттар аудан орталығында салынып жатқан «Руханият» орталығының құрылысымен танысты.

Айта кету керек, ҚР Парламенті Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылады. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталады және жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан, яғни Сенат пен Мәжілістен тұрады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 сәуір 2024 ж. 155 0