Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті түннің шарапаты

Қасиетті түннің шарапаты

Күллі мұсылман қауым Қадір түнін асыға күтеді. Биыл қасиетті Қадір түні сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түніне сәйкес келеді. Басылымның келесі саны 6 сәуірде жарық көретіндіктен, бүгінгі нөмірде Қадір түні хақында оқырманға ақпар беруді жөн көрдік.

– «Қадір» сөзі – қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан да Қадір түнін ұйықтамай, құлшылықпен өткізген кісі Алла Тағаланың құзырында құрметке бөленеді. Әбу Һурайрадан жеткен хадис­те: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сене отырып, сауабын үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген (Бұхари, Мүслим). Алла Тағала Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде: «Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және Рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» – деп хабарлайды. Демек, бұл түні жасалған әрбір жақсы амал 1000 ай жасалған жақсы амалдан да артығырақ болады. Қадір түнінің қасиетті болуының бір сыры – бұл түнде Құран түсіп, әрі қарай 23 жыл бойы Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әр оқиғаға байланыс­ты уахи етіліп отырған. Рамазан айының қасиетті болуы да – осы айдың түнінде Құран түскендігі себебінен. Сондықтан бұл түнде жасалатын ең абзал құлшылықтың бірі – Құранды көп оқу. Оқи алмайтын кісілерге Құранды тыңдау абзал болады. Құранды оқу қаншалықты сауап болса, оны тыңдау сондай сауапты болады. Барша аудан тұрғындарын қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы.

Аудан халқын қасиеті мол, Қадір түнін ізгі амалдармен өткізуге шақырамыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: muftyat.kz
02 сәуір 2024 ж. 247 0