Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Қадір түні – мың айдан да қайырлы

Ислам дінінде ең қасиетті түн бар. Ол – Қадір түні. Мың айдан да қайырлы бұл түннің ерекшеліктері жетіп артылады.
Алла Тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дәрежесін көтерген. Бұл түнде Жаратушы Иенің пенделеріне берер сыйы мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Мұсылмандардың Қадір түнін тағатсыздана күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл түн туралы былай дейді: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істі атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады».
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», де­ген ­риуаят бар.
Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады», – деген риуаят бар. Демек бұл түн мың айдан артық. Сондықтан Қадір түні Алланың жақсылығынан құр қалмауға тырысу керек.
Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», – деп сипаттағаны риуаят етілген.
Қадір түнін мұсылман қауымы ғибадат жасап, құлшылықпен өткізеді. Биыл қасиетті Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түніне сәйкес келеді. Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы Құран сүрелері жіберілген уақытты әдетте ғалымдар Рамазан айының соңғы он күніне сәйкес келеді деп болжайды.
Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектер мен құлшылықтарды Алла Тағала қабыл еткей!

Е.БЕРКІНБАЕВ

19 мамыр 2020 ж. 1 326 0