Қадір түні мың айдан да қайырлы
Рамазан айының ұлы ерекшеліктерінің бірі, оның соңғы он түнінің ішінде мың айдан да артық тұратын Қадір түні бар. Қай тұрғыдан алсақ та Қадір түніне теңесе алатын ешбір түн жоқ. Егерде мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадат болса, оның сауабы бір ғана Қадір түні атқарылатын ғибадаттың сауабына жете алмайды. Осындай ұлы мағынадан жүрегіміз бейқам болмас үшін, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да артық!» деп имандылыққа үндейді. Биыл Қадір түні 17 сәуірден 18-не қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Қадір түнін құлшылықпен өткізуден артық амал жоқ. Өйткені ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Алла Тағала елшісінің: «Рамазан оразасын иманмен және сауапқа деген үмітпен ұстаған кісінің ілгері кеткен күнәлары кешіріледі. Сонымен қатар кім-кім Қадір түнін иманмен және сауапқа деген үмітпен қиямда тұрса, оның ілгері кеткен күнәлары кешіріледі» деп айтқанын риуаят еткен.
Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілтіп, отбасын да оятатын» деп айтқан.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде осынау қасиетті түн жайында былай баян етеді: «Ақиқатында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік. (Я, Мұмаммед (с.ғ.с.)) Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі. Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол – кеш таң атуға дейін жалғасады».
Қадір түнінің ұлықтығын тереңірек ұғыну үшін «Қадір» сүресінің тәпсіріне тоқталайық. Сүренің атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Оның мағынасы «күші жету», «үкім», «тағдыр», «абырой», «ұлылық» дегенге саяды. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады. Бұл сүре Алла Тағаланың Құранды Қадір түнінде түсіргендігі жайлы хабар береді. Әрі Қадір түнінің маңызы да жаһанды қараңғылық қапасынан босатып, нұрға бөлеген Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Қадір түні – мың айдан да артық әрі қайырлы. Мың ай шамамен сексен төрт жыл. Ендеше бұл түн, сексен төрт жыл бойы жасаған амал және құлшылықпен тең болмақ.
Жалпы, Рамазанның бұл түні «Қадір түні» деп аталуына қатысты түрлі түсініктеме берілген. Себебі бұл түні жасалған құлшылықтың дәрежесі жоғары болумен сауабы да молая түседі. Сонымен қатар жерге тағдыр періштелері түсумен қоса Алла Тағаланың игілік-берекесі мен жарылқауы нөсерлеп жауып, сондай мамыражай, бейбіт түні болады.
Көп адамдар «Қасиетті Қадір түнінде Қыдыр ата келеді» деп жатады. Ал расында ол қате пікір. «Бұл түнде Қыдыр баба елді аралап жүреді екен. Бұл түнде әрбір үйді жасыл шапан жамылып, қолына таяғын ұстаған ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Қарт кісі үйлерге кіріп сыйлық таратып кетеді екен» деген қате пікірлерді ақиқат деп ұғатын адамдар да бар. Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қойып, ыдыстарға су толтырудың керегі жоқ. Қадір түні аспаннан періштелер түсетіні сөзсіз. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес. Өйткені олар ішпейді де, жемейді де. Ал Қыдыр атаға қатысты нақтырақ айтатын болсақ, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр атаның бір-біріне қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді.
Негізінде, Рамазан айының бір ғана Қадір түнін емес, барлық түндерін, әсіресе соңғы он түні ішіндегі тақ түндерді намаз, Құран оқу, кешірім тілеу, дұға айту, құлшылықтарымен өткізу мол сауап. Сондай-ақ атқарылатын құлшылықтың сәреге дейін жалғасуы абзал саналады. Жаратушының разылығы мен ақырет игілігінен шын үміттенген пенде үшін бұл қиынға соқпасы анық!
Құрметті мұсылман бауырлар!
Мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті түнді ұйқымен өткізуге болмайды. Сондықтан баршамызға жылына бір рет келетін Қадір түнін ұйқысыз жамағат болып ғибадаттармен өткізгеніміз игі. Ал қасиетті түнді ұйқысыз өткізу – намаз оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен, истиғфар айтумен және Құранды тиләуәт етумен орындалады.
Аудандық мешітте де бұл түні жамағат болып намаздар оқылады. Келіңіздер, бір атаның баласындай бірлігімізді бекемдеп, бір сапта тұрып құлшылық етейік! Сөйтіп, Алла Тағаланың разылығын алуға ұмтылайық! Алла Тағала баршамызға Қадір түнін құтты етіп, елімізге тыныштық, Ислам дініне өркендеуді нәсіп еткей!
Асхат АСҚАРҰЛЫ,
аудандық мешіттің бас имамы
аудандық мешіттің бас имамы