23 наурыз – Тазару күні
Биыл жаңадан қабылданған Наурызнама онкүндігі негізінде жұртшылық әз-Наурыз мерекесін он күн бойы тойлады. Амал мерекесінен бастау алған атаулы күндер тізбегі 23 наурыз – тазару күнімен қорытындыланады.
өзі жыл басы, табиғаттың да, жан-дүниенің де тазару кезеңі делінеді. Қыстан есен-аман шыққан жұртшылық айналасын күл-қоқыстан тазартып, қыстан қалған сүр етті қазанға салған. Сонымен қатар көшет отырғызып, тал егіп, баптаған. Жас шыбықтың өзі жаңашылдықтың, жаңа кезеңнің белгісі екені анық.
Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Бұл – көктем мен жаңару мерекесі. Бұл күн ежелден күнәдан тазару, киім-кешекті, үйді тазарту, жамандықтан, өшпенділіктен тазару мерекесі ретінде атап өтіледі. Бұл күні бір-бірімен ренжіскен жандар татуласып, көптен көріспеген жандар төс қағыстырып, қауышатын болған. Бұның өзі мерекенің ерекшелігін, береке мен бірліктің күні екенін аңғартқандай. Тіпті шығыс елдері екі ел арасындағы кез келген соғысты тоқтатқаны туралы деректер де кездеседі. Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді.
Жаңадан қабылданған тұжырымдама негізінде оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. Бұл күні ел-жерде экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Атаулы күннің мәні – азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік беру.
Тазару рәсімі – үй-жайды, ауланы тазалап, бұлақ пен арықты аршу, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді. Бұл – табиғатпен үндес болу қажеттігі мен адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақыт пен береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады. Ұлттық мерекеге орай экологиялық науқандарды енгізу – Мемлекет басшысы көтерген проблемалар аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын айшықтау. Тазару – ұлттың жаңа жылды жаңа үміт, тың серпін, нық сеніммен бастауының басты нышаны.
«Адам баласы жақсылыққа тоймайды, болған сайын бола түссе екен дейді. Дүние жақсылыққа толуы үшін әр адам өзі жақсылық жасауы, мейірімді, кешірімді болуы шарт. Ұлыстың ұлы күні – бір жағынан тазару күні. Адамның денесі ғана емес, жан дүниесі де таза болса, дүние жаңарады, жаңғырады» деп жазады Ф.Оңғарсынова. Дәстүріміздің жаңғырып, ұлттық құндылығымыз ұлықталатын мереке – жыл басы, әз-Наурыздың халық үшін мәні мен маңызы зор.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: БАҚ.КЗ