Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрісу ғұрпы – ізгі мерекенің бастауы

Көрісу ғұрпы – ізгі мерекенің бастауы

Наурыз айының ғұрып­тық сипаты алты ай қыс мезгілі бітіп, жазғытұ­рым уақыттың келіп, табиғаттың жаңаруын қуаныш етумен байланысты туындайды. Ал осы айдың 14-нен бас­талып, айдың соңы­на дейін жалғасатын көрісу мерекесі – елдің ынтымағы мен береке­сінің, татулығының ай­қын көрінісі. Көктемнің келуін, жаңа күнге аман-есен жетудің жаршысы іспетті осы күні адамдар бір-біріне жылы қабақ танытып, құрақ ұша көріседі.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің бастауы ретінде адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, мал-жанның амандығын тілейді. Бұл күні қыстан аман-есен шыққан­дарына шүкіршілік етіп, араздасқан ағайын татуласады. Мал төлдеп, адамдар арқа-жарқа болып, ауызы аққа жетіп, малдың да аузы көкке тиеді.

Көрісу ғұрпы салт-дәстүріміз­дің бірі болғаны ежелден белгілі. Дегенмен бұл дәстүр еліміздің көп­теген аймақта уақыт өте жойыл­ғанымен, батыс өңірінде көрісу дәс­түрінің маңыздылығы сақталған.

Ұлттық құндылықтарға толы салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында бұл мерекені атап өту соңғы жылдары қайта қолға алына бастады. Таңның атысымен келетін жаңа күнді қарсы алып, ізгі дәстүрді жандандырып, осы кү­ні әрбір шаңырақта мол дастархан жайылады. Ұлттық тағамдарға толы дастархан басына жиналған жұртшылық мейманын төрге оздырады. Үлкендер бата беріп, наурыз көжені тоя жейді.

Жаңа күнге, жаңа жылға аман-есен жеткендеріне тәубе етіп, көр­ші-көлем бірі-біріне қыдырып, сәлемдесіп, көріседі. Осы күні адам­дар кемінде 3-4 үйге кіріп, дас­­тарханнан ауыз тиіп, балаларын да тойдырады. «Жыл бойы тоқ болайық, қарым-қатынасымыз үзіл­месін, дастарханымыз мол бол­сын» деген ниетпен жөн-жоралғы жасалады.

Бұрынғының адамдары наурызды «амал» деген. Яғни нау­рыздың басталуымен күн мен түн теңеліп, амал кіреді. Бұл осы күнгі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Сондықтан наурыз мерекесін осы күннен бас­тап тойлау бекерден бекер емес. Ал амал мерекесінде жасалатын салт-дәс­түр «көрісу» жоғарыда айтып өтке­німіздей жақын-жуықтың кездесіп, көптен бері көрмеген адамдардың жүздесуі, өкпе-назды кешіріп, татуласу.

Сондықтан осы күні тек қана Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарында ғана емес, соңғы жылдары барлық өңірде, барша қа­зақстан­дықтар болып атап өтетін мерекеге айналуы ай­на­ламызға береке, қуаныш сый­лай­тыны анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ
14 наурыз 2023 ж. 323 0