Наурыз мерекесі жаңа үлгіде тойланады
Адамзат тарихында көктемді табиғат жаңаруының бастауы ретінде қарсы алу дәстүрі бұрыннан бар. Сол себепті де көктемнің алғашқы айынан бастап халық «Жыл басы – Наурыз келді» деп бір-бірімен көрісіп, қытымыр қыстан аман-есен шығуымен құттықтайтын болған. Тарихи деректерге сәйкес, Наурыз мейрамы – осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. «Жаңа күн» деген мағына беретін көктем мерекесі мемлекеттік мереке ретінде Қазақстаннан бөлек Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркияда атап өтіледі.Жалпы айтқанда наурыз мерекесінің географиялық та, тарихи ауқымы да кең. Кеңес үкіметінің кезінде біздің мемлекет те атаулы күннен қол үзіп қалғаны рас. Нақтырақ айтар болсақ, 1926 жылдан бастап тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жыл бойы ұмытылып, тойланбай қалған мереке 1988 жылы қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты. Айта кетерлігі, 2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Ал 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.
Наурыз мерекесі – ақтың молайып, жер жібіп, Самарқанның көк тасы еріп, адамдар бір-бірімен қауышатын, ренжіскендер татуласатын ұлық мереке. Осы ретте биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Яғни Амал мерекесінен бастап әр күнге мерекелік атау беріліп, наурыз мейрамының мәні мен мақсаты айқындала түспек. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болмақ.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды.
Бұл онкүндікке жекелей тоқталып өтетін болсақ, 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы. Амал мерекесінің мәні мен мағынасы туралы газетіміздің алдыңғы нөмірінде толықтай жазған едік. «Наурызнамада» 15 наурыз – қайырымдылық күні ретінде белгіленген. Бұл күн қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған. Жалпы игі істер дәстүрін тарату қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Онкүндіктің үшінші күні, яғни бүгін – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Тарихи мұраны қайта құру мен жандандырудың негізгі тетігі – жаңашылдықта. Мәселен, қазақтың дәстүрлі киім үлгісі қазіргі кезде жаңаша түрлене бастады. Қазір қазақстандық дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнектерді, нақыштарды заманауи стильмен үйлестіре отырып көпшілікке ұсынуда. Наурыздың қайта жаңарған мәні де осында. 17 наурыз – Шаңырақ күні делініп, бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналса, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. 19 наурыз – Жаңару күні делініп бұл күні қоғам да, адам да өмірін жаңартуға тырысады. Жаңаның символы – жас шыбық отырғызу жұмыс тарын жасап, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етудің де маңызы зор болмақ. Ал 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болса, 21 наурыз – Ынтымақ пен бірлікті айрықша насихаттайтын күн. 22 наурыз – әдеттегідей жыл басы болса, 23 наурыз – тазару, жаңа өмірге қадам басу күні ретінде ұлттық экологиялық науқанға арналмақ. Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді. Мерекенің мәні – көктемнен қысқа көшу, табиғаттың, адамның жаңа өмір бастауы осының нышаны.
Бұл ретте биылдан бастап жаңа формат ретінде енгізілген Наурызнама онкүндігінің мәні мен маңызы зор болмақ. Онкүндік аясында көпшілік ұлттық мерекенің лайықты атап өтілуіне өз үлесін қосады. Сондай-ақ мерекелік онкүндіктің мәні адам бойындағы ашықтық, шынайылық, жауаптылық, қайырымдылық сияқты қасиеттерді айқындауға бағытталған.
Сонымен қатар наурыз мейрамының бірыңғай логотипі ретінде бекітілген үш қызғалдақтың да мағынасы тереңде. Жалпы халқымыз үшін үш санының мәні зор. Оны үш жүз, үш жұрт деген секілді қолданыстардан аңғаруға болады. Ал қызғалдақ – Наурыз мерекесінің жарқын символы. Айта кетейік, қазіргі таңда ел аумағында қызғалдақтың 35 түрі кездеседі. Оның 18-і Қызыл кітапқа енген. Логотиптегі үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңінің (кеше, бүгін, ертең) ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің қазіргі және болашақтағы мұрасын, сондай-ақ табиғатқа деген терең құрмет пен үздіксіз кемелденуге деген ынтаны кескіндейді. Сонымен қатар халқымыздың бірлігін бейнелеп тұрғандай.
Белгілі этнограф, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама» атты еңбегінде: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Қайда атақты, асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен» деп жазады. Ал Мемлекет басшысы «Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ. Сондықтан ата-бабамыз ежелден шуақты көктем мерекесіне айрықша мән берген, оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған» деп атаулы мерекенің маңызы мен мәнін айшықтай түседі. Айта кетейік, наурызнама онкүндігі аясында республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарлануда.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ