Тазалық – иманның жартысы
Мәдениеттілігімізді көрсететін тазалықтың адамзат баласы үшін орны ерекше. Туған жерімізді, оның ішінде қоғамдық жерлерде тазалық сақтау арқылы көпшіліктің ризашылығын алатынымызды естен шығармаған жөн. Ол үшін әрбіріміз осы тазалықтың төңірегінде жауапты екенімізді сезіну жеткілікті. Сананың тазалығы арқылы айналаның тазалығына үлес қоса алатынымыз анық. «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі» десек, айналаны таза ұстауды күнделікті әдетке айналдыруымыз керек.
Биыл бекітілген Наурызнама онкүндігі бойынша бүгін – Жаңару күні. Он күн бойына тұрғындар ұлттық құндылық пен адамгершілікке үгіттейтін атаулы күндер аясында түрлі іс-шараларға атсалысуда. «Жаңару» күні барша азаматты ортақ мақсатқа жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты. Бұл күні қоғамдық-саяси тұрғыда да «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу іс-шарасы ұйымдастырылады.
Осы орайда өткен сенбі күні ауданымызда жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Санитарлық тазалық айлығы аясында аудан орталығында және елді мекендерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық мекеме қызметкерлері біркісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақта, көшеде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Аудан әкімі бастап аудандағы жаңа қоныстану аймағына тал егіліп, наурыз айымен бастау алатын сауабы мол іс жер-жерде жалғасын тапты.
Сондай-ақ ағаш егу ислам дінінде де үлкен сауапты іс саналады. Ер адамның өмірдегі ең үлкен міндеттері үй тұрғызу, бала тәрбиелеу болса, соның бірі – ағаш отырғызу делінеді.
Биылғы Наурыз мерекесі мұсылмандардың қасиетті Рамазан айымен тұспа тұс келіп отыр. Жыл басы – наурыз айы тазалықтың, жаңарудың кезеңі болса, Рамазан айында жан тазалығы ғана емес, тән тазалығына, қорғашан ортаның тазаруына аса мән беріледі. Осы ретте ораза ұстауды сөрені артық заттардан тазартып, үйді, ауланы ретке келтіруден бастаған абзал.
Жалпы ислам – адамзатты тазалыққа шақыратын дін. Құранда және Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде тазалықтың маңызы жайлы айтылады. Жаратқан адамға көптеген нығметі аманат қылып берген. Соның бірі – табиғат деуге негіз бар. Ал аманатқа қиянат қылуға болмайтыны бесенеден белгілі.
Ислам – қоршаған ортаны қорғайтын қағидаларды 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғатты қорғау мәселелерi тұрмақ әлеуметтiк әрi экономикалық мәселелердiң өзi қазіргідей қарастырылмаған еді. Ал аят-хадистерде қоршаған ортаны қорғау ғана емес, оны бүлдiрмей таза ұстау жөнінде көп айтылады.
Қоғамға пайдалы болғымыз келсе, оны тазалықтан бастау орынды. Себебі, аула тазармай, аудан тазармайды. Ал ауданның тазалығын сақтау мен қалыптастыруға үлкен де, кіші де міндетті. Өйткені, тазалық – өмір сүру мәдениетіміздің ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілігіміздің көрінісі.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның, туған өлкеміздің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың, әр тұрғынның басты міндеті. Қоршаған ортаны таза ұстау – мұсылмандарға түскен мiндет. Табиғаттың тазалығы – тіршіліктің тынысы әрі иманымыздың көрінісі. Ендеше туған жердің тазалығына бірге атсалысу қажет.
А.Мұханбетқали