Қоғам тазалығы – мәдениеттілік өлшемі
Сенбілік – өзіміз үшін қажет. Сондықтан қоғамдық маңызы бар іс-шарадан үлкен де, кіші де тыс қалмауы керек. Өйткені, тазалық – өмір сүру мәдениетіміздің ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілігіміздің көрінісі. Қоршаған орта таза, жинақы болса, онда дамуымыз да, ілгері басуымыз да орнықты болмақ. Осы ретте ауданда өткен сенбіде жаппай сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық жоқ жерде өсу де, өркендеу де болмайды. Өйткені, тазалық алға жылжу мен жоспарларды орындаудың негізі болып табылады әрі атқарылған жұмыстардың айнасы болып есептеледі. Бұл ретте, ауданымызда санитарлық тазалыққа қатысты жыл сайын тазарту айлықтары жүргізіледі. Соның нәтижесінде, көше бойы күл-қоқыстан арылып, тазартылуда. Оған аудандағы мемлекеттік мекеме мен бөлім қызметкерлері белсене атсалысуда. Әрбір сенбіліктер сайын мекеме қызметкерлері бекітілген көше бойына тазарту жұмыстарын жүргізеді. Мұның тұрғылықты жердің тазалығын сақтап, таза ортада өмір сүруімізге септігін тигізуде.
Бұл жолғы сенбілік тек аудан орталығында ғана ұйымдастырылумен шектелген жоқ. Әрбір ауылда ұйымдастырып, оған мекеме қызметкерлерімен қатар еріктілер және тұрғындар да белсене қатысты. Нәтижесінде жолдардың жиегіндегі қоқыстар жиналып, шөптер шабылып, тырмаланды. Сондай-ақ жарықшамдардың бағаналары мен мекеме, алаң, аллея, саябақ аумақтарындағы қоршаулар сырланды. Мұның бәрі көз сүйсініп, көңіл тоятындай көрініс сыйлап, ауданның ажарының артуына септігін тигізді.
Сенбілікте мекеме қызметкерлері мен ерікті тұрғындар жинаған шөптер мен қоқыстарды кент әкімдігіне тиесілі көліктер тиеп, қоқыс полигонына тасыды. Мұндай жұмыстар барлық ауылда ұйымдастырылып, елді мекендер де ретке келтірілді. Әсіресе, шалғай орналасқан ауылдарда тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Бізге жеткен мәліметке сүйенсек, сенбілікке 10 мыңға жуық азамат қатысып, туған жердің гүлденуіне атсалысқан.
Сенбілік туралы сөз қозғалғанда облыс, аудан басшыларының тазалыққа ерекше көзқараспен қарайтынын, әр көшенің тазалығына жіті мән беретінін айтпай өту мүмкін емес. Бұл – тіпті Ел Үкіметінің де басты талабы. Қоршаған ортаның таза болуының, жасыл белдеу қалыптастырудың маңыздылығын Мемлекет басшысы да әркез айтып, нақты тапсырмалар жүктеуде. Сондықтан сенбілік жұмыстарының тұрақты түрде ұйымдастырылуы, жастың да, жасамыстың да қатысып, қолдау білдіруі құптарлық іс. Бұл ретте сырдариялықтар да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірліктің үлгісін көрсетіп жатқанын айтып өткеніміз жөн.
Аудан аумағындағы сенбіліктер барысында балалар ойын алаңдары да жөнделуде. Нақтырақ айтқанда, ойын алаңдары жасыл, көк, сары түске сырланып, әткеншектері қайта орнатылып, демалатын орынның қаңылтыр шатырлары жаңартылуда. Бұл жұмыс балаларға қуаныш сыйлап, ата-аналар алғыстарын білдіруде. Осылайша сенбілік жұмыстарының тиімділігі өз нәтижесін беруде.
Мәдениеттілігімізді көрсететін тазалықтың адамзат баласы үшін орны ерекше. Туған жерімізді, оның ішінде қоғамдық жерлерде тазалық сақтау арқылы көпшіліктің ризашылығын алатынымызды естен шығармаған жөн. Ол үшін әрбіріміз осы тазалықтың төңірегінде жауапты екенімізді сезіну ғана жеткілікті. Сананың тазалығы арқылы айналаның тазалығына үлес қоса алатынымыз анық. «Тазалық – иманның жартысы», «Тазалық – мәдениеттілік өлшемі» десек, айналаны таза ұстауды әдетке айналдыруымыз керек. Сонда ғана өркениетті қоғамға қарай бет түзейміз. Аудан орталығы мен елді мекендердегі көше тазалығына жауапкершілікпен қарап, көркейту жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізгенде азаматтығымызға сын болмасы анық. Әркім есік алдын, жүрген жерін, көше бойын таза ұстаса, денсаулыққа пайдасы да зор болмақ. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан сырдариялықтардың туған жер тазалығын сақтауға мән бергені жөн.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ