Қызылордада «Syr darya» коммуналдық базары ашылды

Оған зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмыстарға тоқталып, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында жаңа инвестициялық кезеңді бастау, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беру керектігін ерекше атап өтті.
Ол үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шаралары, қолайлы жағдай жасалуда. Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құру жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарудамыз. Соңғы жылдары өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асты. Өткен аптада ғана «Қызылорда-Нан» кешені іске қосылды. Бүгін облысымыздың экономикасына тың серпін беретін «Техоснастка Ремсервис» серіктестігінің «Syr Darya» коммуналдық базары мен «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің шағын өнеркәсіптік аймағының ашылу салтанатында бас қостық. Баршаңызды жаңа кәсіпорындардың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Заманауи форматтағы қолжетімді сауда алаңдарын ұсынатын «Syr Darya» коммуналдық базарын іске қосуға 2 млрд. 574 млн. теңге инвестиция құйылды.
Жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын бұл сауда алаңының бірінші қабатында азық-түлік, тамақ өнімдері, екінші қабатында киім-кешек сату орындары орналасқан. Жаңа сауда нысаны жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз тікелей өткізуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қаладағы бейберекет базарлар ретке келтіріліп, санитарлық талаптарға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Рәсімде «Syr Darya» коммуналдық базары мен «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағының құрылысына атсалысқан қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ел ағасы, қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі