Жүргізуші куәлігін алу қиындайды
Бұл үшін Мемлекеттік корпорация жалған жолмен құжат алмақшы болғандарды анықтау мақсатында арнайы детектор енгізді. Бұл – мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы алаяқтықпен күресудің жаңа әдісі.
– Мемлекеттік корпорация мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздіксіз күрес жүргізуде. Жүргізуші куәліктеріне теориялық емтихандарды тапсырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 3.0 ЖЖЕ жүйесі енгізілген болатын. Енді тестілеу процесін шулы электромагниттік жиілігі төмен сигналдарды анықтайтын технологияның көмегімен де бақылауға болады, – дейді Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Сырдария аудандық бөлімінің жетекші маманы Айгүл Мадиева.
Белгілі болғандай, әрбір үшінші жүргізуші куәлігін алуға үміткер теориялық тестілеуден өту үшін небір қулыққа баратын көрінеді. Тест тапсырушы арнайы камералардың бақылауында болғанымен, тесттен өту кезінде басқа айлаларды ойлап табады екен. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні – диаметрі небәрі 2 миллиметрден аспайтын микроқұлаққап. Ондай құлаққап әдеттегі құлаққаптардан әлдеқайда кішкентай әрі құлақтың ішіне терең орнатылады. Оны жай көзбен аңғару мүмкін емес. Ендігі жерде енгізілген жүйе бұндай алаяқтықты бірден аңғаратын болады.
Айта кетейік, детектор дегеніміз – алаяқтықты анықтайтын құрылғы. Сондай-ақ шындық детекторы туралы естіген боларсыз? Ол адамның дірілін, дауысын, қозғалысын, интонациясының өзгеруін артериялық қысым арқылы анықтайды. Адам денесіне орналастырылған құрылғы сұрақ қою барысында қалыпты күйден өзгеріс болса бірден анықтап, белгі береді. Бұл тәсіл ХХ ғасырдың кезінен АҚШ-та қылмыскерлерді анықтау мақсатында қолданылған. Бұндай құрылғы елімізге 2000 жылдардан бастап әкеліне бастаған. Біз ондай детектор жұмысын телевизиялық бағдарламалардан көріп жатамыз. Полиграф деп те аталатын құралды дұрыс пайдаланған жағдайда 98 пайыз дұрыс ақпаратқа қол жеткізуге болады. Бірақ шындықты айтып отырған адамның басқа жағдайларға орай да қобалжуы мүмкін екенін ескерсек, деректер толық дұрыс шықпауы мүмкін.
Ал біз сөз етіп отырған смарт бағдарлама төмен жиіліктегі сигналды бірден дөп анықтайды. Сол арқылы екінші тараппен байланыс орнатып отырған үміткер туралы ақпарат экраннан бірден көрінеді. Сондай-ақ сол мезетте тестілеу тоқтатылады. Көмекші техниканы пайдалану фактілерін Мемлекеттік корпорация автоматты түрде тіркеп отырады. Бұл ретте емтихан нәтижелері жойылады. Өкініштісі, тестілеуді қайта тапсыру үш айдан кейін ғана мүмкін болмақ.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден