Ұлттық тәрбие – сапалы білім тұғыры

Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие үдерісіндегі инновацияны білім мен тәрбие беру жұмысына енгізу, жалпыадамзаттық құндылықты дамытуға бағыттаудың тиімді әдіс-тәсілі бойынша тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинарға қатысушылар арнайы көрмені тамашалады. Мектеп-лицей фоесінде ұйымдастырылған көрмеге қолөнер бұйымдары қойылған. Сонымен қатар бесасық, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындардың таныстырылымы өтті.

Семинардың қорытынды бөлімі мерекелік ұлттық-патриоттық концертке жалғасты. Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Лиясұлы мен білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан, іс-тәжірибесімен бөліскен педагогтерді «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Мектеп-лицейдің өнерлі оқушылары ән айтып, би биледі. Домбырашылар ансамблі керемет күй орындап, «Балапан» шағын орталығының тәрбиеленушілері ән шырқады.
– Жаңа Қазақстан – жастарға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде мектеп-лицейдің жас ұстаздары қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосуда. Семинар ұстаз бен шәкірттің жеткен жетістігін үлгі етіп көрсетуге мүмкіндік берді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, асыл мұрамызды насихаттауда ұстаздар қауымы алдағы уақытта да тиімді әдіс-тәсілдерін енгізе беретін болады, – дейді мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұлова.
Ауқымды іс-шара «Бұл – Жаңа Қазақстан» атты жас мұғалімдердің орындауындағы патриоттық әнмен мәресіне жетті.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ