Басылымда қолтаңбасы қалғандар мәңгі жүрегімізде
Аудан айнасы «Тіршілік тынысы» газетінің жарыққа шыға бастағанына 85 жыл уақыт болды. Тарихтың шежіресіне айналған басылымда осынау жылдар ішінде талай марқасқа мамандар еңбек етті. Газетке мақала жазып, оны баспа бетіне шығаруға дейінгі кезеңде өз қолтаңбасын қалдырғандардың қатары сиреп бара жатқаны өкінішті.
«Уақыт – емші» дегенімізбен, ел-жұрттың мұң-мұқтажын жетесіне жеткізе жазып, одан талай адам сабақ алып, мәселенің оң шешілуіне күшін салған журналистерді – газет жауынгерлері дейді. Міне, өз мүддесінен өзгенің қамын биік қойып, уақытпен санаспай қалың оқырманның ортасынан табылған қаламгерлер әр кезеңнің ауыр жүгін арқалады. Осындайда жазушы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген қанатты сөзі ойға келеді. Байырғы қаламгерлердің дені қазір арамызда жоқ. Ол – өмір заңдылығы. «Тумақ бар да – өлмек бар» деген өмірдің қатаң қағидасы. Осы ретте бүгінгі мақаламызда газеттің тарихында өзіндік орны мен қолтаңбасы қалған бірқатар арда азаматтар туралы айтпақпыз.
85 жылдық тарихтың 23-інші көктемін қарашаңырақта қарсы алғалы тұрмын. Өткен жылдар естелігіне көз жүгіртсем, газеттің тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңдер аз болмаған. Сондай қиын жылдардың шетін көзіммен көрдім. 2000 жылдары газет оқырманнан қол үзіп қалудың алдында тұрған кез болды. Баспахана жұмысы тоқтап, қағаз табудың өзі мұң болғанда, редакция әупірімдеп газетті компьютермен теруге көше бастады. Осы жаңашылдықты жолға қоюға күш салып, көп адамның қолынан келе бермейтін жүкті арқалап, редакция жұмысын қолына алған Сәуле Ерімбеттің қайсарлығы көз алдымда. Бұрынғы журналистердің барлығы жұмысты қойып, редакцияда санаулы адам қалғанда, 2001 жылы редакция жұмысына бас редактор Сәуле Сұлтанқызы мені маман ретінде жұмысқа шақырды.
Бар мақсаты газет жұмысын тұралатпау, оны дер кезінде шығарып, оқырманға жеткізу болды. Әрбір шығарылымның қиындықпен жарыққа шығуы – қаражаттың жоқтығынан болатын. Осындай ауыртпалықты еңсеріп, редактордың жанында болған, жауапты жұмыстың басы-қасында жүрген байырғы фототілші Ерғали Әбдіхалықұлының орны бөлек болатын. Өмірін аудандық газетке арнаған азамат басшыға әрдайым қолдау білдіріп, қолынан келген көмегін аямады. Бас редактор мен фототілшіден бөлек газеттің жұмысын алға сүйрегендердің қатарында есепші, қазіргі кезде кәсіпкер М.Өтепбергенова, газет терушілер марқұм Г.Әлжанова, осы күні мемлекеттік қызметкер Г.Қонақбаева мен техникалық қызметкер О.Жұманазарованың орны бөлек.
Шығармашылық ұжыммен бірге жас маман ретінде газеттің әлеуетін көтеруге атсалыстық. Арада бір-екі жыл өткенде газет ұжымы мықты журналист Шолпан Оразовамен толықты. Бас-аяғы екі журналист және бас редактор болып, газет мазмұнын байытуға барымызды салдық. Қазір қарап отырсақ, осы аз ғана құрамнан тұрған басылым қызметкерлерінің арасында бірнеше адам марқұм болып кетті. Алпыс жасқа жетер-жетпес шағында Ерғали ағамыздың жүрегі сыр беріп, қапыда қаза болса, зейнеткерлікке жетіп, енді еңбегінің зейнетін көре бастаған ардагер-журналист Шолпан апайымыз да дүниеден өтіп кетті. Ал Гүлсім Әлжанованың қазасы барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды.
Саналы ғұмырын аудандық газеттің жұмысына арнаған Ерғали Әбдіхалықұлы өте кішіпейіл, ақкөңіл, қамқор жан еді. Жұмысына адал, қолынан келген қызметін аямайтын, үлкен мен кішіге сыйлы болатын. Ерғали ағайдың жұмысына деген адалдығы бәрімізге үлгі болатын. Ол кісіні білетіндер Ерхан деп айтатын. Оның қалтасындағы соңғы ақшасы газеттің шығуына жұмсалғанын талай көзімізбен көрдік. Сондай қызықты жағдайлар көп болды. Газет көп уақыт бойы облыс орталығындағы баспаханада басылып жүрді. Кезекпен баспаханаға газет бастыруға баратын кезіміз. Апта сайын екі мәрте шығатын газетті шығарып әкелуге қаражат керек. Газетті баспаханада беттетіп, газет қатесін оқып, 3 мың дана газетті шығарып әкелу кезекшілікпен атқарылатын. Осынау жауапты жұмыс редакциядағы 2-3 адамға жүктелді. Ал қаражат табу мәселесін редактор, есепші мен фототілші шешетін. Шешетін деген жай сөз. Нақты қаржы тасымалға және жауапты адамның жүріп-тұруына шамамен 2-3 мың қажет. Шын мәнінде осы қаражатты табу редакцияға оңай соқпады. Сондайда Ерхан ағай «іске кірісетін». Таныс-тамыры көп ағай қажетті ақшаны тауып әкелетін. Мұнан бөлек шаруашылықтарды аралап, баспаханаға қарыз ақшаны төлеу үшін күріш әкеліп өткізетін. Біз үшін ерлік жасайтын Ерхан ағайдың қамқорлығын редакция ұжымы ғана емес, газет уақытылы шыққандықтан, бүкіл оқырман көрді десек артық айтқандық болмас. Ақжарқын, кең пейілді ағаның жүрегі сондай ашық еді. Кімнің үйінде қандай жағдай болса да барлығының мәселесінің оң шешілуіне қол ұшын беретін. Ол кісінің үлкен арманы бар еді. «Алпысқа келіп, той істесем, Майжарманың бойында немереммен жүрсем, зейнеткерлікке жетсем» деген. Әттең, алпысқа екі ай жетер-жетпес уақыт қалғанда ажал шіркін тырнағына іліктірді.
Ал Шолпан Оразова облыс журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер болатын. Ақындығы бар журналистің газетте талай әңгімелері мен өлеңдері жарияланды. Жаңа өлеңдер жинағын шығарып, оқырмандары іздеп жүріп оқитын мықты журналист болды. Кейінгі буын жастарға қамқорлық танытып, газетте жаңа айдарлардың ашылуына атсалысты. Қарымды қаламгер газетте оншақты жыл жұмыс істеді.
Еңбек жолын редакцияда бастап, тапжылмастан 30 жылдай еңбек еткен Гүлсім Әлжанованың орны ерекше. Машинистка болып жұмысқа қабылданып, компьютер маманы ретінде қызметке көтерілген маман жан-жақты болды. Жаңашылдыққа жаны құмар маман кейінгі жылдары талабының арқасында газет беттеушісі болды. Газет бетін жаңа дизайнмен әрлендіру үшін ізденіп, тың жаңалықтар енгізуге атсалысты. Көршілес аудандардың да газетінің шығуына қол ұшын беріп, абыройға кенелді. Қолынан іс келетін шебер маман атанған Гүлсім мекемедегі әріптестерінің компьютері істен шықса, дереу көмекке асығатын. «Біздің компьютер Гүлсімнен қорқады. Ол жақындаса ақауы бар компьютер жұмыс істеп кетеді» деп қалжыңдайтынбыз. Гүлсімнің жақсы қасиеті – өте қонақжай болатын. Редакцияға келген мейманға үйінің есігі ашық, дастарханы жаюлы еді. Ұжымның ауызбірлігін сақтауға, ер азаматтармен қатар тұрып, қара жұмысты да еңсеруден қорықпайтын. Ақ адал жанның өмірі қысқа болды. Небәрі 56 жыл ғұмыр кешкен Гүлсім Ахметжанқызы ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Редакция ұжымы ешқашан баспаханадан ажыраған, бөлектенген емес. Баспахана жұмысы 2000 жылдары бірте-бірте тоқтағанымен бұрынғы қызметкерлерін ардагер ретінде құрметтеп, төрге шығару дәстүрінен айныған емес. Редакция жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысына жетекшілік ететін Мүсілім Қалмұратұлымен байланысып, ардагерлердің хал-жағдайын біліп тұру парызымыз. Осы күні ардагерлердің қатары сиреп қалды. Соңғы жиырма жылдың көлемінде біз білетіндеріміздің арасында қаншасы бақилық болды. Әнәпия Іскендірова, Айбүбі Алданова, Кеңескүл Жұмабаева, Сара Еркінбаева, Қалман Төлегенов, Қуаныш Татанов, Шынар Әбдіхалықова, Шолпан Беркінбаевалардың есімі мәңгі жүрегімізде қалады. Олардың жүріп өткен жолы мен өнегелі өмірі талай мақаламызға арқау болары сөзсіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ