Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадірлі қарияға құрмет көрсетті

Қадірлі қарияға құрмет көрсетті

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ардагер ұстаз, белсенді қария Рақымжан қажы Бәйменовты мерейлі жасымен арнайы құттықтады. Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков те құттықтау лебіздерін жеткізді.

Құрметті қарияның үйіне арнайы барған аудан әкімі ардагер ұстаздың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екенін атады.

– Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп Сіздей қазыналы қарияның жастарға көрсетер үлгі-өнегесі көп. Ауданның өсіп-өркендеуінде небір қиындықтарды бастан кешіде жүріп үлес қостыңыз. Қазіргідей материалдық-техникалық базасы жасақталмаған білім ошақтарында балаларды оқытып, сапалы білім, саналы тәрбие бере білдіңіз. Одан бөлек, қоғамдық іс-шараларда да белсенділік танытып, бүгінгі күні де жастарға өнегеңізді көрсетіп жүрсіз. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік белесіне тың жігер, жарқын көңіл, үлкен қуанышпен алып келді. Осы жылдар ішінде өмірдің талай бел-белестерін бағындырып, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі болып отырсыз. Сонымен бірге ақылшы ардагер ретінде Сізге деген құрметіміз зор. Мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Мерейлі 93 жасымен құттықтаған аудан басшысы құрметті қарияға қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменов ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.



Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
01 тамыз 2022 ж. 596 0