Аудан әкімі дарынды жасты қабылдады
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Асылжан Абдуллаевты арнайы қабылдады. Аудан басшысы дарынды жастың ІТ саласындағы жетістігі облыс, аудан мерейін үстем еткенін атап өтті.
– Асылжан жасанды интелектті алғаш болып қазақша сөйлетіп, ел мерейін үстем етті. Ізденімпаз, талапты жастың ІТ саласындағы жасаған бағдарламасын бүгінде 17000-нан астам адам қолданып үлгірді. Жасанды интелектті қазақыландыру үшін бағдарламаға 300 мыңнан аса қазақша сөз бен 220 миллиардтай ақпарат енгізген. Бүгінде бұл жобаға Американың IT саласындағы алпауыт компаниялары қызығушылық танытып, бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс білдіруде. Осындай жетістігімен сырдариялық жас еліміздің 3 жоғарғы оқу орындарының грантын жеңіп алды. Бұдан бөлек, Асылжан ақпараттық технологиялар бойынша көптеген байқаулар мен сайыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанған. Білімге құштар болудың арқасында аудан мерейін республикаға, әлемге танытқан жас өренге және осындай дарынды ұлды тәрбиелеген ата-анасына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі дарынды жастың анасы Мөлдір Тоқберішованы Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, Асылжан Абдуллаевты да Алғыс хатпен марапаттап, сыйға ноутбук табыс етті.
Қабылдауда аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, мектеп диреткоры С.Сақтапова, сынып жетекшісі Г.Өмірзақова және анасы М.Тоқберішова ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, жас талапкер өзінің алдағы жоспарларын айтып, алғысын жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі