Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлау жүйесі оң өзгерістер кезеңіне жол ашты

Сайлау жүйесі оң өзгерістер кезеңіне жол ашты

Кез келген мемлекеттің демок­ратия­лық бастауының өлшемі әділ сай­лау­лармен айшықталады. Бұл орай­­да ақпан айының бірінші бейсен­бі­сі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекіген. Маңызды күнде сайлау жүйесінің дамуы және жаңа­шылдықтары туралы сөз қозғап, ой білдірудің мәні бөлек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында «Аралас сайлау жүйесі сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі» деп атап, еліміздің сайлау жүйесін барынша жетілдіру қажет екенін алға тартты.


Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында сайлау жүйесінде тың серпін қалыптасты. Президент пәрменімен бүгінде билік институттары жаңарды, саяси партиялар арасында бәсеке күшейіп, жаңа ұйымдар пайда болды. Өзін-өзі ұсыну жолы қалыптасып, азаматтардың кандидат болуға деген сенімі артты.

Саяси реформа аясында 2021 жылы ауыл әкімдерінің тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Содан бері аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы тұрақты өткізіле бастады. Тұрғындар тікелей сайлау арқылы өзіне қалаған кандидатына дауыс беріп, тіпті бәріне қарсы белгісін таңдауға мүмкіндік алды.


Саяси науқан Сырдария ауданында да жалғасты. Бүгінге дейін ауданда 1 кент және 8 ауыл әкімі сайланды. Әкімдердің тікелей сайлау үдерісі аудан әкімдері үшін де жалғасты. 2023 жылдың маңызды оқиғаларының қатарында тұңғыш рет республикада 3 қала және 42 аудан әкімдерінің сайлау өтті. Жергілікті мәслихат депутаттарының шешімімен, Сырдария және Шиелі ауданы әкімдерінің сайлауы жүзеге асты.


Маңызды науқан заң шеңберінде және талапқа сай өткізілді. Байқаушылар мен кандидаттардың сенім білдірген азаматтары сайлау процесінің ашықтығын бақылап, оң бағасын берді. Себебі пилоттық сайлауға сырдариялықтар жоғары белсенділікпен қатысып, туған жеріне қызмет етер азаматтарын сайлады.


Негізінен аудан тұрғындары кез келген саяси науқанға зор жауапкершілікпен атсалысады. Мәселен, 2022 жылы кезектен тыс Президент сайлауына сырдариялықтардың 95,4 пайызы, 2023 жылы Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына тұрғындардың 86,1 пайызы, аудан әкімінің сайлауына халықтың 72,3 пайызы қатысып, бірліктің жоғары үлгісін көрсетті.


Саяси науқандардың жоғары деңгейде ұйымдастыру – комиссия мүшелерінің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Аумақтық сайлау комиссиясының құрамы қызмет атқаруда.


Биылдан бастап аумақтық сайлау комиссиясының құрамы қайта жасақталып, жаңарды. Жауапкершілік жүгі жоғары жұмыста әрбір сайлауды ашық, алқалылық қағидатымен өткізу – біздің басты мақсатымыз.

Ермек ШАЙЛАН,
Сырдария ауданының аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы

фото: Ашық дереккөзден
30 қаңтар 2024 ж. 360 0