Ауыл әкімдері ауылда тұра ма?
Облыс әкімі Н.Нәлібаев аймақ тізгінін қолға алған сәттен бастап ауыл әкімдері өздері сайланған әкімшілік аумақта тұрып, елге қызмет етуі қажеттігін айтқан болатын. Аймақ басшысының тегеурінді тапсырмасының өзектілігі жоғары екені белгілі. Яғни ауыл әкімдерінің қатынап жұмыс істеуінің, жұмысқа 09.00-де келіп, 19.00-де ауданға немесе қалаға қайтып кетуінің ешқандай тиімділігі жоқ. Ауыл әкімі тәулік бойы сол ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласуы, қоғамдық-саяси жағдайдан хабардар болуы қажет.
Әкім болу оңай деймісің, қарағым...
Қатынап жұмыс істеу уақытты және қосымша қаржылық шығынды талап ететіні анық. Сондай-ақ бұл үрдіс жауапкершілікті де төмендетеді. Бұл туралы аймақ басшысы бірнеше рет ашық айтып, қатаң ескерткен болатын. Тіпті кеңейтілген мәжілістерде де айтылды.
– Ауылдарды аралап, халықпен кездескен сайын үнемі тұрғындар ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторының жұмысына жиі шағым айтады. «Оқыс оқиғалар болған сәтте инспекторды да, ауыл әкімін де таппаймыз» дейді. Мұның бәрі қатынап жұмыс істеудің салдарынан туындайды. Халықтың шынайы талап-тілегін ескергеннен кейін тапсырма берілді. Біз халықтың өтінішін орындауға тиіспіз. Тұрғындар өз мәселесіне лайықты жауап ала алмағандықтан амалсыз әлеуметтік желіде мәселе көтереді. Реті келсе, заң аясында шешімін табуға ықпал жасап, халықпен сындарлы диалог орнатылуы керек, – деген еді облыс әкімі.
Біз облыс әкімінің тапсырмасы ауданда қаншалықты деңгейде орындалып жатқанын бағамдап көрдік. ҚР БАҚ туралы заңына сүйеніп, аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиевтің атына хат жазып, ресми жауап алдық. Сөйтіп қай ауыл әкімінің қашан сайланғанын және қазір қайда тұрып жатқанынан хабардар болдық. Ең алдымен аудан әкімі аппаратының басшысының бұл тапсырма жөнінде пікірін оқырман назарына ұсынсақ.
– Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру үшін бізге мықты мамандар қажет. Осы ретте ауыл әкімдеріне жүктелетін міндет жоғары. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы өте орынды. Оның үстіне қоғам да бізден осыны талап етіп отыр. Бұл ретте аудан әкімі аппараты тарапынан ауыл әкімдерінің жұмысы бақылауға алынған. Біздің ауданда барлық ауыл әкімі өздері сайланған ауылда тұрып жұмыс істеуде, – дейді Рысбек Болатұлы.
Аппарат басшысының айтуынша, аудан әкімі тарапынан да мәжілістерде ауыл әкімдеріне жүктелген міндетке адал болу, халықпен тығыз байланыс орнату, сондай-ақ ауылдардың кешенді жоспарын орындау тапсырылған. Бұл тапсырмалардың орындалуына да тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір ауыл әкімі үшін ең басты міндет – елді мекендегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстап, жұмыссыздар санын азайту, жаңа жұмыс орындарын құру мен табыс көзін арттыру.
Барлық әкім ауылда тұрады
«Барлық әкім ауылда тұрады». Бұл аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиевтің бізге берген жауабы. Енді ауданымыздағы 1 кент пен 13 ауылдың әкімін жекелей саралап көрсек.
Ержан Бахтияров – Тереңөзек кентінің әкімі. Ол мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен, кент әкімінің орынбасары, бөлім басшысы секілді жауапты қызметтерді атқарып, қазір кент әкімі болып жұмыс істеп жүрген азамат. Ержан Бахтиярұлы бүгінде кенттің жаңадан ашылған көшелерінің бірінде тұратынын кент тұрғындары жақсы біледі. Ал тұрғылықты мекен жайы бойынша Ы.Жақаев көшесі №4 үйде тіркелген. Кент әкімінің өзі кентте тұрып жұмыс істемесе, жұмыста нәтиже болмайтынын айтады. Сондай-ақ көшелерді аралап, мәселелерді көзбен көргеннің, сөйтіп шешім қабылдағанның тиімділігін жоғары бағалайды.
Енді ауыл әкімдеріне ойыссақ. Аппарат басшысы ұсынған ақпаратқа зер салсақ, әкімдердің ішінде қазіргі есеп бойынша бірінші сайланғаны Қоғалыкөл ауылының әкімі екен. Бақытжан Рахымбеков 2020 жылдың 24 тамызында сайланыпты. Қазір Қоғалыкөлдегі А.Құнанбаев көшесі №20 үйде тұрады. 2020 жылдың 16 қыркүйегінде сайланған Жетікөл ауылының әкімі Өмірбек Тоқпамбетов елді мекендегі Қожан ата №4 А үйде тіркеліпті. Қос ауылдың халқынан да біз қосымша сұрастырғанбыз. Ауыл тұрғындары да әкімдердің ауылда тұратынын айтып, жұмыстарына көңілі толатынын жеткізді.
2021 жылы ауданда бір емес, жеті ауылдың әкімі сайланған. Олар А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі – Ғабдолла Алданазаров, Шіркейлі ауылының әкімі – Талғат Құламқадіров, Іңкәрдария ауылының әкімі – Сәулет Есдәулетов, С.Сейфуллин ауылының әкімі – Бекзат Қыдырбаев, Н.Ілиясов ауылының әкімі – Сағдат Нұрмағанбетов, Аманкелді ауылының әкімі – Мейрамбек Нұрғалиев, Қалжан ахун ауылының әкімі – Ғалымжан Акбаров. Жеті әкім де өздері сайланған ауылда тұрады екен.
Біз көшесін, үйінің нөмірін жазбай-ақ аппарат басшысы ұсынған ақпаратқа сүйеніп, осылай бағамдап отырмыз. Егер ауыл тұрғындары тарапынан қандай да бір келіспеушілік пікір немесе өзге ақпарат болса, біз қосымша зерделеп, аудандық басылымға міндетті түрде тақырыптық мақала жазатын боламыз.
Біз тақырыпқа тұздық болсын деген мақсатта Шаған ауылының әкімімен пікірлестік. 2022 жылы сайланған Н.Смайлов әр азамат үшін өзі туып-өскен ауылда қызмет ету – әрі абырой, әрі зор жауапкершілік екенін айтты.
– Өзім Шағанның тумасымын. Осында оқыдым, білім алдым, еңбекке араластым. Бірер жыл бұрын мемлекеттік қызметке ауысып, ауыл халқының қолдауымен ауыл әкімі болып сайландым. Қазір ауылдағы Қ.Мыханова көшесінде тұрамын. Сенбі-жексенбі күні де ауылда болғандықтан көшелерді аралаймын. Қандай да бір кемшіліктер болса, бірден қалпына келтіруге тырысамыз. Облыс әкімінің ауыл әкімдеріне қойған талабы орынды деп есептеймін. Бірақ баспасөз арқылы көп көріне бергім келмейді, – дейді Нұғыман Жанғабылұлы.
Шағандық әкім әріптесінің пікірін Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ерлан Ешмұратов қуаттай түсті. Өзі туып-өскен ауылда әкімдік қызмет атқарып жүрген азамат әкім болу бүгінде жан-жақтылықты, уақытпен санаспай еңбек етуді, сондай-ақ әрбір тапсырманы тыңғылықты орындауды талап ететінін айтады. Осы ретте аппарат басшысы 2023 жылы сайланған Бесарық ауылының әкімі Дәулет Сәрсенбаев пен Айдарлы ауылының әкімі Нұрбол Жұмабековтің де тиісті елді мекенде тұрып жатқанын мәлімдеді.
Өзі үлгі болмай, ештеңе өнбейді
Біз тақырыпқа орай мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұ.Байдәулетовтің де пікірін білдік. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен азамат басшының өзі үлгі болмаса, ештеңе өнбейтінін айтады.
– Біз Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік жылдарында да еңбек еттік. Алғашқы еңбек жолымды Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте бастап, кейін Іңкәрдария ауылдық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқардым. Сондай-ақ аудандық Кеңес атқару комитетінің жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы, облыстық баға және монополия комитетінің бас маманы, аудандық пошта торабы бастығының орынбасары, аудан әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, Шаған ауылының әкімі қызметтерін атқардым. Ұзақ жылғы тәжірибеме сүйеніп, басшының өзі үлгі болмаса, ештеңе өнбейді деп нық сеніммен айта аламын, – дейді Ұмытпас Байдәулетов.
Ардагердің сөзінің жаны бар. Бірінші басшы қандай болса, мамандар да солай қалыптасады. Бұл ауыл әкімдеріне де қатысты. Нақтырақ айтсақ, ауылға ауданнан немесе қаладан қатынаймын деп жұмысқа кешігіп келген әкім мамандардан жұмысқа уақытылы келуді талап ете алмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ жолдағы уақыт шығынын ескеріп, ерте қайтып кететін болса, мамандардың да жауапкершілігі төмендеуі мүмкін. Мұны Шиеліде өткен актив отырысында облыс әкімінің өзі де айтқан болатын.
– Мен Шиелі ауданында 5 жыл, 5 күн жұмыс істедім. Балаларым сол жақтың мектебіне барды, балабақшасында тәрбиеленді. Әйтпесе менде де балаларымды басқа жақта оқытуға мүмкіндік болды. Бірақ мен ауданда болғанды жөн санадым. Бұл жұмыстың өнімділігіне, нәтижеге жетуге өте тиімді, – деген еді аймақ басшысы.
Ауыл әкімдеріне сайланған әкімшілік аумақта тұрып жұмыс істеу талабынан бөлек те бірқатар маңызды міндеттер жүктеледі. Осы орайда редакция тарапынан сауалнама әзірлеп, әкімдер жөнінде халықтың пікірін білгенбіз. Тұрғындардың басым көпшілігі жастарға жол ашқан дұрыс, яғни ауыл әкімі ретінде қолынан іс келетін, белсенді жас азаматтарды сайлаған жөн деген пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы әкімдерді кезең-кезеңімен халық сайлайтынын айтқан болатын. Бұл бастаманы қолдаймын. Себебі кез-келген әкім өзін сайлаған халықтың алдында абыройлы болуы үшін барын салып жұмыс істейді. Меніңше ауыл әкімдерін жастардан сайлау керек. Жастарда тың идея мен энергия көп болады. Мен бұл ойым арқылы үлкендерді кінәлаудан аулақпын. Олардың да сіңірген еңбегі зор. Алайда халқымызда «Жас келсе – іске» деген мақал бар. Сол айтқандай жастарға жол беріп, үлкендер жағы бағыт сілтеп, ақылшы болып отырғаны дұрыс, – дейді аты-жөнін жарияламай-ақ қоюды өтінген аудан тұрғыны.
Түйін. Бүгінде әкімдердің жұмысын мал басының көбеюімен, шөптің мол шабылуымен өлшейтін заман келмеске кетті. Қазір заманның дамып, қоғамдық-саяси қатынастардың өзгеруіне байланысты әкімдер мен басшыларға талап та күшейді. Әкімдерге қойылатын басты талаптың бірі – жаңашылдыққа ұмтылу. Сондай-ақ «Әкім бол, халыққа жақын бол» деген қанатты қағида жыл жаңарып, заман ауысса да өз мәнін жойған жоқ. Қорыта айтқанда, әр әкім заман ағымына сай өз ауылын көркейтіп, халықпен етене жұмыс жасауы керек. Біз бұл тақырыпты зерделеу арқылы облыс әкімінің тапсырмасы ауданда жүйелі орындалып жатқанына, ауыл әкімдерінің қатынап жұмыс істемейтініне көз жеткізгендей болдық.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ