Полиция бөлімінің бастығы елді мекендерде болды
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев пен бөлім бастығының бірінші орынбасары Е.Жанәлиев Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов елді мекендерінде болып, ауыл ахуалымен танысты.
Ауылдық округ әкімдігінде кездесу өткізген сала басшысы әрбір елді мекендегі қылмыстық ахуалдың жәй-күйінен, тұрғындардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, Үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесті.
Бүгін полиция бөлімінің бастығы Н. Мейірғалиұлы Н.Ілиясов ауылдық округінде өткізген кездесуде жаңадан тағайындалған учаскелік полиция инспекторы Қ.Ережепбаевты таныстырды.
– Ауылдық округке жаңадан тағайындалған учаскелік полиция инспекторы Қуандық Ережепбаев бірнеше жыл аудан орталығында қызмет етіп, тәжірибе жинақтады. Жалпы алдағы уақытта учаскелік полиция инспекторлары өз қызметін бір ауылда бес жыл бойы атқаратын болады. Ол үшін қызметтік тұрғын үй беріледі. Бұл мәселені ауыл әкімдері шешіп берді. Ал қызметтік көлік мәселесін шешу алдағы уақыттың еншісінде. Учаскелік полиция инспекторының жаңа қызметіне қолдау білдіріп, елдің тыныштығын сақтауда бір кісідей жұмылатындарыңызға сенімдімін. Үлгілі ауылда берекелі тірлік жалғаса берсін деген тілектемін, – деді бөлім бастығы Н.Ибраев.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Жұмабекұлы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, ортақ мүдде үшін қызмет етуге келген учаскелік полиция инспекторына әркез қолдау болатынын айтып, халықтың тұрмыс-тіршілігі, жалпы ахуалы жаман емес екендігін жеткізді.
Жиын қорытындысында ауылдық округ әкімі С.Нұрмағанбетов ауыл тұрғындары арасында ахуалдың тұрақты болуына мекеме басшыларынан бастап, Үкіметтік емес ұйым жетекшілері атсалысып келе жатқанын айтып, жаңадан тағайындалған учаскелік полиция инспекторының қызметіне сәттілік тіледі.
Бибісара Жанәлі