Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚМУ: БАҒДАРЛЫ БІЛІМ, БАЙЫПТЫ БӘСЕКЕ

ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚМУ: БАҒДАРЛЫ БІЛІМ, БАЙЫПТЫ БӘСЕКЕ


Қазір мектеп бітіруші түлектердің алаңдап жүрген шағы. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып үлкен өмірге қадам басар кезде тұрған олар мамандық таңдаудан қателеспеудің қамын жасап, 11 жылдық білім нәтижесін көрсетуге талпынып келеді. Ұлттық біріңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өзі қалаған іргелі оқу орнына түсуді армандап жүр. Осы тұста, қалаған мамандық иесі атандыратын жоғары білім ордалары түлектерді оқуға шақырып, оқу орнының жетістіктері мен артықшылықтарын айтып, үгіт-насихат жүргізеді. Осы орайда, аудан орталығына аймақтағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мамандары келіп, 80 жылдан аса тарихы бар білім ошағына мектеп бітірушілерді оқуға шақырды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 әлеуметтік бас­тама­сын насихаттау және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті күні аясында мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру мақсатында аудандық мәдениет үйінде жиын өтті. Оған университет проректорлары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.Әбдікәрімов, техника ғылым­дарының кандидаты, доцент А.Жүнісов, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, профессор И.Тәутенов, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғ.Тұяқбаев, ардагер-ұстаздар, білім саласының қызметкерлері, мектеп бітіруші түлектер және ата-аналары қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова ашып, жүргізіп отырды.
Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастама­сының үшінші бастамасында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту қажеттілігі айтылып, осы бағытта тиісті тапсырмалар жүктелгенін жеткізген аудан әкімінің орынбасары аталған оқу орны республикадағы беделді білім ордаларының бірі екенін атап өтті. Мұнда қазіргі таңда 200-ден аса сырдариялық студенттер білім алып, 150-ден аса ұстаздар сабақ беріп жүргендігін тілге тиек етті.
Мұнан соң техника ғылымдарының кандидаты, доцент А.Жүнісов сөз алып, Қызылорда қара шаңырағының осы күнге дейін жеткен жетістіктерін, білім ізденушілерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді тізбектеді.
Құрылғанына 80 жылдан асқан, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 20 жыл толған универ­ситеттің бүгінде бағындырған белесі ауыз толтырып айтарылықтай. Қазіргі таңда жоғары оқу орны республикадағы университеттердің үздік ондығына кіреді. Яғни, өткен жылдың қорытындысымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ 9 орынды иеленген. Ал Азия мен Еуропа елдерінің 2900-ден аса университеттері қатысқан рейтингі бойынша 275-ші орыннан көрініп, үздік 300 университеттің қатарына кірген.
Жоғары оқу орны білім сапасын қамтамасыз ету тұрғысындағы аккредиттеуден, аттестациялаудан табысты өтіп, заманауи талаптарға сай екендігін дәлелдеп келеді. Мұнда бакалавриаттар, магис­транттар, сондай-ақ, докторанттар да грант бойынша білім алуда. 2012 жылдан бастап ғылыми жобалар гранттық қаржыландырумен жүргізіліп келеді. 2015-2017 жылдары 4 ғылыми жоба орындалса, 2018-2020 жылдарға 9 жоба жүзеге аспақшы. Соңғы 5 жылда университет ғалымдары 80-ге жуық ғылыми патенттер алған, 60-тан аса монография, бірнеше мың ғылыми мақалалар жариялаған. 15 ұстаз «ҚР үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері болған.
Университет жанынан 2008 жылы инженерлік бейіндегі зертхана құрылған. Бұл зертханадағы ғалымдар жаңалықтарды көптеп ашылуымен ерек­шеленеді. Атап айтқанда, олар Сыр салысының қауызынан активтендірілген көмір препаратын ал­ған. Сондай-ақ, жылда қалдық болып қалатын күріш қауызынан цереброзид қағазы дайындалған. Қазір бұл сынамадан өтіп, патент алу жұмыстары жүргізілуде.
2011-2012 оқу жылында ашылған «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институты, «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығы, 2016 жылы ашылған «Мұстафа Шоқай тану» зерттеу орталығы, 2013 жылы ашылған «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы Сыр өңіріндегі тарихи, мәдени мұраларды түбегейлі зерттеуге, жастарға патриоттық тәрбие беріп, ұлт тарихын ұғындыруға зор септігін тигізуде. Археолог ғалымдар осы өлкедегі ескі қалалар орындарында археологиялық жұмыстарын жүргізіп, көптеген жаңалықтарды ашуда. Мұның өзі ел мен жер тарихын білу тұрғысындағы университет ғалымдарының орасан еңбегі екені айқын.
Өз сөзінде Абайбек Талғатұлы оқу орнының білім ізденушілері бизнес идеяларды жүзеге асырып, оқумен қатар кәсіппен де айналысып жатқандығын жеткізді. Ол үшін өткен жылы «Бизнес старт» орталығы ашылып, бүгінгі таңда 22 жоба бойынша 75 студент өз кәсіптерін ашқан. Қазір университеттің 2-3 курс студенттері арасында миллионер болуға жақындаған жастар бар екендігін атап өтті.
Жалпы айтқанда, университетте үш тілде білім беру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тиімді жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақпараттық жүйе бойынша заманауи білім беріліп, робототехника саласы бойынша да мамандар даярлануда. Сонымен қатар, «Академиялық круг» бағдарламасымен студенттердің шет мемлекеттерде бір семестр білім алуына жағдай жасалуда. Соның шеңберінде сырбойылық жастар әлем елдерін тамашалауға мүмкіндік алған. Атап айтқанда, өткен жылы 40 студент Польша, Қытай, Корея мемлекеттерінде білім игерген және өзге мемлекеттерге де барған.
Іргелі оқу орнының жетістіктерін атап көрсеткен доцент А.Жүнісов университет 62 бакалавриат, 30 магис­тратура, 9 PhD доктарантура мамандықтары бойынша мамандар даярлайтынын айтты. Студенттерге 501 профессор, оқытушы сабақ береді. Сөзінің қорытындысында доцент ғылыми кеңес шешімімен биылғы жылы оқу ақысына, қабылдауда біршама жеңілдіктер жасауды қолға алып отырғандығына тоқталды. Яғни, өнер мамандығына түсетін талапкерлерге оқу ақысына 50 пайыз, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге барлық мамандықтар бойынша 50-100 пайыз жеңілдіктер қарастырылмақ.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ардагер-ұстаз Ұ.Жанәлиева сөз сөйлеп, қазір аталмыш жоғары оқу орнынының мүмкіндігі мол екенін, бұл қара шаңырақтан түрлі ғалымдар, дарындар шыққанын тілге тиек етті. Дұрыс мамандық таңдап, оқу орнын таңдауда да қателеспеуді ескертті. Сондай-ақ, университеттің ІІ курс студенті А.Қуанышбаева өткен жылы Қытай Халық республикасында 1 семестр білім алып келгендігін айтып, жас түлектерді оқуға шақырды. Ал «Алтын белгіге» үміткер, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Ә.Сағатова Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түсуге ниетті екенін білдірді.
Мұнан кейін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.Әбдікәрімов білім шыңын бағындыруға университет ұстаздары әрқашан көмек көрсететінін жеткізіп, ауданның бірқатар азаматтарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін төсбелгімен марапаттады. Жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова университет ректоратына алғысын білдірді. Кездесу оқу орны өнерпаздарының концертіне ұласты.


Е.БЕРКІНБАЕВ
17 сәуір 2018 ж. 1 654 0