Қасіретті Қаңтар: Тәуелсіздік тарихындағы таңба
Арам пиғыл. Қорқынышты трагедия. Тәуелсіздікке төнген қауіп. Егемен еліміздің қасіретті қаңтар оқиғасымен бетпе-бет келгеніне де екі жыл өтті. Абырой болғанда азаттығымыздан айырылып қалған жоқпыз. Бірақ біз әр қаңтар сайын ауыр күндерге, қаралы түндерге қайта айналып келе береміз. Өйткені өкініш өзекті өртейді, көңілден кетпейді...
Тәуелсіздік жылдарындағы тарихымызға ғана емес, тұтас тарихымызға таңба болып қалар қаңтар қасіретінің әлі де айтылар, ашылар ақиқаты көп. Ол уақыттың еншісіндегі іс және заң шеңберінде реттеледі. Бүгінде ел болашағына бей-жай қарамайтын жұртшылық кім кінәлі болса, қатаң жазалау қажет екенін терең түсініп, байыппен бағамдап отыр. Мұны билік те біледі. Мемлекет басшысының елді елең еткізген сұхбатында бұл туралы кеңінен айтылды.
– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт, – деді Президент.
Қ.Тоқаев сұхбат барысында ел тізгінін қолға алған сәттен бастап саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға батыл қадам жасағанын да айтты. Бұл іске, яғни реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ түрлі диалог алаңдарында, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында тың бастамалар көтеріліп, жан-жақты пысықталғанына тоқталды.
– Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болған. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буып, адам айтса сенгісіз қадамдарға барған. Осы ретте, тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олардың 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскенін аңғаруға болады. Оның үстіне Үкімет те сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдап, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген. Сөйтіп Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шығуға мәжбүр болған.
«Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды. Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай бұл жағдай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмағанын да білеміз. Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар да болды. Мұның бәрі жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Ел Президентінің айтуынша, жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталған. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырған. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою әрекеттері жүзеге асырылған. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасаған.
– Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді. Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді, – деп түйіндеді Қ.Тоқаев.
Сұхбат барысында Д.Қамзабекұлы қаңтар оқиғасы барысында Президенттің қайда болғанын, қалай жұмыс істегенін және елдегі қосарланған билік туралы да сұрады. Себебі сол кездегі ахуал шынымен де өте күрделі еді. Тіпті еліміз құрдымға кетуге де шақ қалғанын бүгін анық түсініп отырғандаймыз.
– Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді, – деді Мемлекет басшысы.
Ал қосарланған билік туралы Президент халқымыздың «Кеттің бе, қайырылма!» деген салмақты сөзін басшылыққа ала отырып, жауап берді. Яғни елде үлкен президент және кіші президент деген ұғым мүлде болмауы керектігін ашып айтты. Сондықтан қалай болғанда да біз сындарлы кезеңнен Президенттің пәрменімен өткенімізді және енді әділетті қоғам құру үшін Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру үшін еңбектену қажет екенімізді ұғамыз. Ең маңыздысы, еліміздің тұрақты дамуы үшін аса маңызды мәселелерге нүкте қойылған сұхбатта қасіретті қаңтардың ел тарихындағы таңба болып қалары анық...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ