Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділетті Қазақстанның басты бағдары

Әділетті Қазақстанның басты бағдары

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын­да мемлекеттік органдар алдына ауқым­ды мін­деттер қойды. Президенттің Әділетті Қазақ­стан­ды құруға бағытталған бастамаларын іске асыру про­ку­­ратура органдарының үйлестіруші рөлін күшейту мен қа­дағалау сапасын жақсартуды талап етеді.

Жолдауда Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекс­тер туралы кеңінен айтылды. Қ.Тоқаев кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданыл­майтын немесе сот төрелігіне ке­дер­гі келтіретін тармақтардың бәрінен арылу қажет екенін айт­ты. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажеттігін тапсырды. Осы ретте, 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілгенін ескерсек, Президенттің қойып отырған талабы орынды екенін түсінуге болады. Сондықтан Қыл­мыстық және Қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құ­зы­реті Әділет министрлігіне берілмек.

Президент Жолдауында қаңтар оқиғасына қатыс­қан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Алайда Мемлекет басшысы лаңкестік және экстремистік қыл­мыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға ра­қым­­шылық болмайтынын қатаң ескертті.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты аран­датушылардың кө­бі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлде­қайда ауыр. Өйткені, жағдайды қаса­қана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқи­ғалар болды. Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қа­уым­­дастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті орган­дарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын» деді Президент Қ.Тоқаев.

Жолдаудағы келесі ауқымды мәселе – құқық қор­ғау органдарын реформалауға қатыс­ты. Бұл сала әрдайым қоғам­ның жіті назарын­да. Қоғам белсенділері, заңгерлер талай­дан бері мұны көтеріп жүргені бел­гілі. Осы орайда, Мемлекет басшысы өз Жол­дауында «Қасіретті қаңтар» оқи­ғасы­на қатысты бірқатар мәселе айтып өтті. Бұдан бөлек, Жолдауда адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қыл­мыстар көбейгеніне тоқталып, жаза­ны қатайту қажеттігін атады. Отбасы­лық зорлық-зомбылықты қыл­мыс санатына жат­қызу мәселесіне де назар аударды. Синтетикалық есірткі тұты­натындардың көбеюі, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқ­тық әрекеттерге айрықша назар аудару керек екенін тапсырды. Аталған міндеттерді орындау бағытында про­куратура саласы нақты жұмыстар атқаратын болады.

Асқар КЕМАЛОВ,
Сырдария ауданының прокуроры
06 қыркүйек 2022 ж. 222 0