Ел тұтастығын сақтаған абзал
Күллі қазақ жұртшылығының қабырғасын қайыстырған «Қасіретті қаңтар» оқиғасының орын алғанына бір жыл толып отыр. Тәуелсіздігімізге сызат түсіруге ұмтылып, халықтың тыныштығын бұзған жандар лайықты жазасын алуы тиіс.
Егемендік алған жылдары қазақ елі әлемге мызғымас татулығымен танылды. Сондықтан бізге ел бірлігінің тұтастығын сақтап, өзге елге үлгі бола білуіміз керек. Азаттық тарихындағы мұндай қасіретті оқиға біздің ынтымағымыздың одан сайын мықты болу керектігін көрсетті. Сол себепті де Қаңтар оқиғасында қаскөйлерге тосқауыл жасап, егемендік жолында қайраткерлікпен қаза тапқан қаншама боздақтарымыз ел есінде мәңгі сақталады.
Бүлік, ел ішіне ылаң салу жарқын болашақты қалыптастыруға орасан кедергі келтіреді. Жастарымыз өзгенің жетегіне ермей, азаматтық көзқарасын танытуы керек. Бейбіт күннің қадірін ата-бабамыз айқын сезінген. Ел ішіне іріткі салудан ешбір ұтпасымыз анық. Қаншама дүниені қалпына келтіру үшін азаматтар қажыр-қайратын жұмсады. Қаңтар қырғынына қатысқан өрімдей жастардың қателігін кешіріп, оларға дұрыс жолды көрсете білген абзал. Қанаушылық, тонаушылық іс-әрекеттің арты қайғылы жағдайларға апаратындығын ескерткен дұрыс.
Кеше еліміздегі бірнеше телеарнада «Қаңтар оқиғасына» байланысты кеңінен ақпарат берілді. Оқиғаның қалай басталып, елдің дүрлігуіне себепкер болған жекелеген факторларды көзіміз шалды. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар орын алмаса екен. Ұрпағымыздың бейбіт күнде ер жеткенін қалаймыз.
Мұса КЕЛДІБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы