АЭС салу – халықтың еншісіндегі мәселе
Қазіргі таңда қазақстандықтарды әлеуметтік хал-ахуалмен қатар бірқатар маңызды мәселелер алаңдатып отыр. Соның бірі – елімізде Атом электр станциясының салынуы туралы мәселе. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да айтып өткен болатын.
Негізінен ел Президенті Үкімет алдына қойған тапсырмаларының бірі – еліміздегі коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласының үздіксіз қызметінің жүргізілуін қамтамасыз ету. Себебі бұл мәселеде шешімін күткен сауалдар көп және кемшіліктер ұдайы орын алып отырғандықтан алаңдаудың да жөні бар. Талай мәрте қыстың көзі қырауда орын алған апаттың салдарын қарапайым халық көруде. Сондықтан ел-жұртты тұрақты жылумен, электр энергиясымен, сумен қамтуда кешенді жобалар қабылдауды, оны іске асыруды өз бақылауына алған.
Жалпы энергетика, жылумен қамту және басқа салада жылдар бойы қордаланған мәселелер көп екені рас. Тұтас қаланы, өңірлерді жылумен қамтамасыз етіп отырған орталықтардың құрал-жабдықтарының 80 пайызы әбден тозған. Сондықтан Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту міндетін уақыт күттірмей шешу қажет. Ол үшін ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Дегенмен жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту мәселесінде жекелеген өңірлер үшін емес, тұтас ел үшін аса маңызды ірі жобаны іске асыру мақсаты тұрғаны белгілі.
Яғни айтпағымыз, еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік нысандарының жай-күйін толыққанды өзгерту қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында АЭС салу-салмау мәселесі туралы айтты. Және оның шешімі жалпыхалықтық референдумда деді. Президент сұхбатында осы сөзін тағы да нақтылап:
– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.
Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы, – деген Президент, АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді деген нақты тұжырымға келді.
Иә, болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізілетіні белгілі. Ел тұрғындары референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдайды. Осы мәселеге үн қосқан сырдариялықтардың да пікірі әр алуан.
– АЭС «жасыл» энергия саналады. Президент бұл жайында Жолдауда және Шығыс экономикалық форумда оның қажеттілігі туралы айтып өткен болатын. Негізінен сарапшылардың пікірі бойынша бұл қолдауға болатын идея. Яғни елімізде үздіксіз жұмыс істейтін, тұрақты энергия көзі болады. Өзгенің электр энергиясына тәуелді екенімізді әсіресе, қыстың күні энергия тапшылығы орын алғанда сезінеміз. Энергия ел аумағындағы өндіріске де аса қажет болғандықтан жыл өткен сайын оған деген сұраныстың да артатыны сөзсіз. Бұрыннан пайдаланатын көмір станциялары экологияға кері әсерін тигізеді деп дабыл қағуда экологтар. Ал жанармай станциялары мен күн батареяларының құны қымбат болатындықтан атом станциялары тиімді екенін айтады энергетиктер. Алдағы уақытта энергияның тапшылығын болдырмау үшін өз елімізде атом станциясының болғаны жөн, – дейді құрылыс саласының инженері Д.Берікболұлы.
Көп пікірдің ішінде атом станциясын салуға қарсылық танытатындардың салмағы басым екені айтпаса да түсінікті. Солардың қатарында қарапайым халықтың өкілдері бар.
– Мәселенің мәнісін Президентіміз мамандардың пікірі негізінде халыққа түсіндіру жағын айтты. Негізінен өз елімізде өндірілетін тауардың құны қай кезде де жоғары болады. Қыруар қаржыға салынатын станцияның жұмысын жүргізу үшін энергияның құнын да өсіруі мүмкін. Ең бастысы аты айтып тұрғандай атом электр станциясы қауіпті нысан. Адам өміріне қауіп әкелгенін халқымыз Чернобыльде, Жапонияда болған апаттан-ақ біледі. Оның зардабын ел-жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Мамандардың өзі қарсылық білдіретін жобаның қауіпсіздік мәселесін алға тартып, орнына күн батареяларымен жұмыс істейтін энергия өндіруді немесе жел диірменін салуды ұсынады. Қарапайым халық өз таңдауын жасағанда мамандардың пікіріне сүйеніп, шешім қабылдайтынына сенімдімін, – дейді еңбек ардагері Т.Шанайұлы.
Сайып келгенде энергияның мол мөлшеріне ие болу үшін қауіпсіздік басты назарда болуы шарт. Сондай-ақ халық пен қоршаған ортаға зияны жоқ АЭС қана Жаңа Қазақстанның болашағына қызмет ететіні сөзсіз.
Б.ЖАНӘЛІ