Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі: Тұрғындар электр энергиясынан тапшылық көрмеуі керек

Облыс әкімі: Тұрғындар электр энергиясынан тапшылық көрмеуі керек

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша отырыс өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешов, облыс әкімінің аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев, облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова және энергетика саласындағы мекемелер басшылары қатысты.

Отырыста негізгі мәселе ретінде қарашадан басталған республиканың оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының жетіспеушілігі сараланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев орын алған шектеулер бойынша ахуалды баяндады.

Бүгінгі күні өңірдің жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі 172 мегаватты құрайды. Оның 51 мегаваты «Қызылордажылуэлектр орталығымен», 10 мегаваты «CKЗ-U» серіктестігімен өндіріліп, қалған 111 мегаваты сырттан жеткізіледі.

Соңғы күндері облыс бойынша тәулігіне орташа есеппен 30-50 мегават аралығында электр энергиясының жетіспеушілігі орын алды. Салдарынан күнделікті кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін тұтынушыларға электр энергиясы шектеліп берілген.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі Жамбыл ГРЭС-тің 3 және 4 блогын іске қосуға шешім қабылдады. Алдағы уақытта оңтүстік өңірді оның ішінде Қызылорда облысын электр энергиясымен толықтай қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл ретте аймақтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Жамбыл ГРЭС-пен қажетті электр энергияның көлемін алуға қосымша келісім-шарт жасалды. Нәтижесінде, қала, аудан көлеміне қажетті электр энергиясы жеткізіліп, шектеулер тоқтатылады.

Аймақ басшысы энергия жабдықтаушы ұйымдар ұсынған электр энергияның шекті бағасына өтінімін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен қарап, тиісті ұсынтар енгізу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, электр энергиясы туралы тұрғындар арасында туындаған шағымдарды ескеріп, нақты түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

- Тұрғындар электр энергиясынан тапшылық көрмеуі керек. Қажетті келісімдер мен нақты механизмдерді қабылдау Сіздердің міндеттеріңіз. Жетіспеушілік болған жағдайда электр тарату мекемелеріндегі резервтік ресурстарды пайдаланып, амал-әрекеттерді ұйымдастыруларыңыз қажет. Жылу маусымы кезінде тұрғындар жарық пен жылудан қиындық көрмеуі тиіс,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиын соңында облыс әкімі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен коммуналдық мекеме басшыларымен бірлесіп жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
10 қараша 2021 ж. 477 0