Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел тыныштығын күзеткен

Ел тыныштығын күзеткен

Үнемі қырағылық танытып, қоғам тыныштығын күзеткен аудандық полиция бөлімінің мамандары өткен жылды табысты қорытындылады. Жаңа жыл мерекесі аясында құқық қорғау саласының өкілдері мәртебелі марапат төрінен көрінді. Жақында аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен орталық алаңда гарнизондық жиын өткізілді. Аталған іс-шараға аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Азамат Оспанов, салалық орынбасарлар, жеке құрам тәртіп сақшылары қатысты.

Ең алдымен, құқық қорғау саласының мамандары ҚР Мемлекеттік Гимнді орындады. Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Азамат Оспанов әріптестерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жауапты қызметте әрқашан табысты болуды тіледі.

– Жалпы, Сырдария аудандық полиция бөлімінде көптеген кәсіби маман жұмыс жасайды. Біліктілігі жоғары мамандардың қатарын жастар толықтырып  келеді. Сан бағытқа бөлінген құқық қорғау саласы ел тыныштығының сақталуына қалтқысыз қызмет етеді. Жаңа жыл мерекесінде бірқатар мамандарымыз жоғарғы марапат төрінен көрінуде. Және де, арамызда қызметтік шен алып, жұлдыздары ауырлағанкәсіби тәртіп сақшыларымыз жеткілікті. Әрине, біздің әріптестеріміз барлық мақтауға лайық. Ел мүддесі жолында еңселі еңбек ете беруге дайынбыз. Әрбір шаңыраққа Жаңа жыл мерекесі тек жақсылығымен келсін, – деді полиция подполковнигі. 

Гарнизондық жиын барысында бірқатар тәртіп сақшысына  майор, капитан, аға лейтенант, аға сержант шені табысталды. Сонымен қатар полиция мамандарының кеудесінде «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І,ІІ,ІІІ дәрежелі медалі мен «Сырдария ауданының құрылғанына 95» жыл төс белгісі жарқырады. Мерекелік марапатқа қол жеткізген қырағы мамандар арасында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың арнайы «Алғыс хатын» иеленген жандар бар.

Жиын соңында арнайы мерекелік шеру өткізіліп, іс-шараның патриоттық мазмұны айшықтала түсті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
03 қаңтар 2024 ж. 328 0