Аталы сөзден жаңылмайық...
Қазақ идеологиясының түпкі негізінде ұлттық құндылықтар айрықша көрініс табады. Ықылым заманнан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты берік ұстанған көпшілік аталы сөзге аса мән берген. Шын мәнінде, рухани ізгі амалдардың ішінде бата беру дәстүрі кеңінен қалыптасқаны мәлім. Дегенмен, қазіргі уақытта жұртшылық бата мен тілектің айырмашылығын ажырата алмай келеді. Дастархан басында сөздің құнын түсіріп, батаны ежектеп дұрыс жеткізе алмай жататын жандар жиі кездеседі.
Расында, бата берудің өзіндік құрылымы ерте кезден терең мағынаға ие. Себебі, ауыздан ауызға тараған батаның көшпелі өмірдің келбетіне айналғаны жасырын емес. Сөздің қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ халқының айрықша дәстүрінің бірі – батаны үлкен-кіші зор ықыласпен тыңдайды. Сондықтан қазыналы қарттар батаның сан түрлісін жатқа айтып, ақылға қонымды ғибратымен ерекшеленуі тиіс. Бұрыннан келе жатқан асқа, сапарға, балаға, игі бастамаға, тойға, шаңыраққа, жас жұбайға, қыз-келіншекке, соғымға, ел мен жерге берілетін батаның жазылуының өзіндік технологиясы бар.
Сенімге негізделген батаның қабыл болатынына текті қазақтың ұрпағы әбден көз жеткізген. Бұл ретте, батаның мазмұнына үңілсек, алғыс пен қарғысты, тілек пен дұғаны, ризашылық пен ренішті анық байқауға болады. Адам санасына әсер ететін тылсым күші бар бата берілген тұста ынтымақ, бірлік орнайды деген сенім адамдар арасында анық қалыптасқан. Кезінде көпті көрген данагөй қария алдына келген жас өркенге ақ батасын жаудырған. Мәселен, тоғыз жасар Жетестің тоқсан жастағы Төле биден бата алуы әлі күнге дейін ел ауызында сақталған. Сонымен қатар ағайын арасындағы туыстық байланысты нығайту мақсатында үлкендер серттесу батасын берген. Негізінен, этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты мысал келтіріп, ағайынгершіліктің мызғымас қағидасын жазып кеткен. Осыдан 400 жыл бұрын Шашақ деген кісі қайтыс болып, оның әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Кейіннен Шашақтан туған Есназар мен Әйдеркенің баласы Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан үлкендер серттесіп, туыстық байланысты нығайтады. Әруақ атын айтып, баталасқан олар мәңгілік қыз алыспауға бекінеді. Осылайша, осыған дейін 12 атаға толса да, қос әулетте туыстық байланыс берік сақталған.
Өз кезегінде батаның бала тәрбиесінде алатын орны ерекше.
Балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Рахат Наурызбаева «Ақ батамен өс, балам!» деген атаумен өз кітабын жарыққа шығарған. Ақын тырнақалды жинағында баланың барлық жағынан дамуына себепкер болатын жырлары мен, әңгімелерін, тағдыр туралы ойларын айқын жеткізген. Ақын кішкентай оқырмандарына арнап:
– Оу, менің бұлақтарым,
Жағадағы құрақтарым.
Алдымдағы шырақтарым,
Шабыт берер пырақтарым.
Баққандарың мал болсын,
Еккендерің тал болсын,
Табынғаның төзім болсын,
Сүйенгенің сезім болсын», – деп ақ батасын жаудырады. Сөз құдіретін бала санасына сіңіре білген білікті педагогтың зейінді бала үшін айтары көп.
Өткен жылы Қазалы ауданында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Түрікпен Мұсабаев пен Ағжап Өтемұратовтардың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық батагөйлер байқауында айдарлылық Әлімхан Баһадүров жеңімпаз атанған болатын. Ақылман ақсақал немересіне ерекше батасын арнап, көптің көңілінен шыққан еді. Бұл ретте, батаның айтар өзіндік мәні мен мағынасына көңіл бөлетін қазыналы қарт аталған тақырыпқа қатысты өз ойын ортаға салды.
– Осы күні жас та, жасамыс та дастархан басында бата беруден тайсалады. Кәделі жиын-тойда айтарға сөз таппай тосылатын жандар қаншама. Негізінен, әрбір шаңырақта дастархан басында бата айтылғаны жақсы. Бір жағынан кішкентай балалардың құлағында қасиетті сөздер жатталып қалады. Ежелден келе жатқан ескі салтты атадан мұра ретінде қабылдап, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек. Сонда ғана ұрпақтар сабақтастығы әрқашан жалғасын табатын болады. Сөз құдіретін жоғары бағалаған қазақ ұлтында бата берудің өзіндік мәнері қалыптасқан. Үлкен қариялар мен жасамыс жастар үнемі ізденіс үстінде жүріп, кез келген батаны айта білгенде мәртебесі биіктейтүседі. Шын мәнінде, көпшілік ортада салиқалы, бәтуалы сөзімен дараланған жандардың өмір жолына көз жүгіртсек, білімділігімен танылады. Келелі істі бастар тұста үлкеннің батасын алу – көрегенділік белгісі саналады. Ұзақ жолға сапарлап шыққан жолаушыға берілген ақ бата жол бастарға айналары сөзсіз. Әрине, әрбір қазақ баласы «Ақсақалдан бата алған, Құдайдың рахметіне жолығар» деген даналық сөзді есінен шығармағаны абзал. Көп жерде батаның орнына орынсыз сөз бен тілек айтылса, қазақылығымызға сын. Жалпы, құндылықтар өлшемі нағыз қазақылықтан ажырамасы анық. Ең бірінші кезекте, сөзімізде түзейік, – дейді Әлімхан Баһадүров.
Тереңөзек кентінде 102-ге келген Яхия Тасыров атамыз көпшілікке сүбелі сөзімен ақ батасын арнап жатады. Оның бір қасиеті – кез келген жиында тосылмай жиналған қауымға сан түрлі бата беруі болып табылады. «Баталы құлға бақ қонар» демекші, аталы сөзден еш уақытта жаңылмайық. Себебі, бабалар аманаты саналатын қастерлі сөзімізді өскелең ұрпаққа жол көрсету үшін байыпты түрде қолдана білген жөн.
Балтабай ОРДАБЕКОВ