Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бата беру білесіз бе?

Бата беру білесіз бе?

Бата мен тілектің түпкі мақсаты бір болғанымен жеке дара өзіндік мәні мен маңызы бар. Осы ретте бата берудің соңғы кезде қадірі қашқанын, нақтырақ айтқанда үлкен кісілер батаның қадірін қашырып жүргенін көзімізбен көріп жүрміз. Біреуге ақыл айту ойымызда жоқ, бірақ ой салу, пікір білдіруді міндетіміз деп білеміз.

Өткен аптада кент тұрғындарына «Жеті атаңызды білесіз бе?» деген ортақ сұрақ қойып, сауалнама жүргіз­ген болатынбыз. Бұл жолы көпшіліктің, әсіресе ер-азаматтардың қаншалықты бата бере білетінін бағамдап көрдік. Сөйтсек, ер-азаматтардың басым көпшілігі бата беруде сөзден сүрініп, ойынан жаңылды. Себеп, төтеннен қойылған сұраққа дайын еместігі, анығын айтқанда бата жаттамағаны...

Біздің сұрағымызға жалпы он жеті азамат ілікті. Оның ішінде жасы да, жасамысы да бар. Мәселен, жасы жетпістен асқан А.Дайрабай батаның алты түрін жатқа біледі екен. Ол үлкенді-кішілі тойларда, жиындарда бата беріп жүргенін айтты. Ал дәл осы жас шамасындағы келесі бір азамат бата жаттамағанын, ешқашан бата бермегенін жасырмады. Алайда, көп өтпей бата жаттайтынын айтып, бізге уәде берді.

Біз анасымен бірге дүкенге кетіп бара жатқан оқушы баладан да бата туралы сұрадық. Жеті жастағы тереңөзектік Б.Мұратов бізге дастархан батасын жатқа айтып берді. Талабы таудай баланың алғырлығына, зеректігіне сүйсіндік. «Батаны анам үйретті. Тағы да ән айтып, би билей аламын» дейді көңілі пәк балақай. Осылай бата бере алатынды да, бата бере алмайтынды да кезіктірдік. Мақсатымыз қазақы өңірде өсіп-өнген азаматтарға ой салу болатын.

Жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру жиналыстары өтеді. Карантин талаптары әкімдердің халықпен кездесуіне өзгеріс енгізді. Қайбір жылы ауданға қарасты екі-үш ауылдық округтегі есепті жиынның қорытындысындағы оқиға үлкен ой салған еді. Жиналыстың қорытындысында ауыл ақсақалы бата беріп, көпшілік «әумин» дегеннен кейін жас келіншек сөз сөйлеп, шағымын айтты. Ауылдық мәдениет үйінің орта тұсынан «Батадан кейін сөйлеуге болмайды» деген үлкен кісінің дауысы шықты. Бірақ, жергілікті билік өкілдеріне өзінің отбасында-ақ шешілетін мәселелер жөнінде негізді-негізсіз сын айтқан жас ана оны елемеді. Осы оқиғадан кейін не айтар едіңіз?

Бата туралы ойлауға, қолға қалам алуға қасиетті Рамазан айындағы ауызашарлар да түрткі болды. Жақында отбасылық ауызашарда белгілі бір әулеттің қариясы үлкен астан кейінгі батада күмілжіді де қалды. Ол бата беру ретін жеңгесіне, жеңгесі қайнысына, қайнысы құдасына беріп, батаны жасы отыздан асқан құда бала берді. Артынша құран оқылып, дұға жасалды. Сонан соң әулет үлкені: «Іні-қарындастарына, күйеубала-келіндеріне қарата, сендерге айттым ғой, маған бата бер деп айтпаңдар. Мен бата бере алмаймын» деп ренішін білдірді. «Біреуде жас та болса даналық бар, Біреуде қарт та болса шалалық бар» деген өлең жолдары осындайда жазылған шығар. Бірақ, біз өз қадірімізді өзіміз қашырып, өз биігімізді өзіміз төмендетіп жүрміз ғой.

Қай қырынан алсақ та қазақтың ер-азаматы бата бере білуі қажет. Бұл қазақылық қағидатымызға сай келеді. Сондықтан бата жаттап, іштей ағалыққа, ақсақалдыққа дайындалып жүруге тиістіміз. Бабадан қалған бай мұраның қадірін өзіміз түсініп, сезінбесек, оны ешкім дәріптеп, насихаттамайды. Әйгілі «Абай жолы» романында Дулат ақынның жас Абайға қарата:
«Шырағым, ер жетерсің,
Ер жетсең, сірә, нетерсің.
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң, шыңға жетерсің» деген батасы ұлы ақынға жол ашар болғаны ақиқат. Бабалар батасының бағын ашар бейбіт күн орнады, мамыражай кез келді. Ендеше еш асылға теңгермейтін құндылығымыздың құнын білу – бәрімізге парыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
12 мамыр 2021 ж. 1 606 0