Мен қазақ қыздарына қайран қалам...
Сазгер Рамазан Таймановтың есімі бүгінде республика жұртшылығына белгілі. Дара дарын иесінің ақын Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған «Қазақ қызы» әнін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл ән 1986 жылы азаттықты аңсап алаңға шыққан қазақ қыздарының құрметіне жазылғанын көпшілік білсе де, әннің терең тарихын, қалай жазылып, ең алғаш кім, қашан орындағанын, жалпы сазгер Рамазан Таймановтың да Желтоқсан оқиғасына қатысып, бес күн қамауда отырғанын көпшілік біле бермейді. Бүгін осы ән туралы тарқата жазып, жерлестер мақтанышына айналған сазгермен жүздесуімізден кейінгі ойымызды газет арқылы оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Жалпы қазақ қыздарының батырлығы мен ерлігі, сыры мен сымбаты, ақылы мен көркі, даналығы мен тапқырлығы жөнінде қалам тербемеген ақын, ән арнамаған сазгер жоқ шығар, сірә? Ел басына күн туған қилы заманда атқа қонған арулардың өшпес бейнесін шабыттың шырқау биігінен ақ қағазға түсіріп, сөзден сом ескерткіш орнатқан ақындардың бірі – Исраил Сапарбай. Көрнекті ақынмен мен бір емес, бірнеше рет кездестім. Алашқа әйгілі ақын Шымкент қаласына жиі келетін еді. Ол кезде біз студент болатынбыз. Ақынмен кездесуге асығатын оқырманның көптігінен залда ине шаншар орын болмайтын және әрбір кездесу ерекше форматта өтетін.
Бірде М.Әуезов атындағы университетте өткізілген кездесуден соң ақынмен пікірлесудің сәті түсті. Ол кезде студент ғана емес, республикалық «Қазақстан жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметін қатар алып жүрген едім. Редакторымыз – Оңғар Тәжиев. Ол кісі Исраил Сапарбайдың замандас досы, сырласы еді. Газетімізге ақынның пікірлерін, өлеңдерін жариялап тұратынбыз. Ақынмен кездесудің орайлы сәтін пайдаланып, «Қазақ қызы» әнінің туу тарихын сұрадым. Қашан көрсеңіз де аппақ көйлегіне бір қыржым түспейтін, тазалықты өте қатты сүйетін ақын бұл өлеңінің Желтоқсан оқиғасына арналғанын айтып, атүсті жауап бере алмайтынын, біраз ойланатынын жеткізді. Содан бұл тақырыпта етене әңгімелесу үшін келесі кездесудің сәтін асықпай күттік... Осы ретте ақынның біз қойған сауалға берген жауабын өз аузынан баяндасақ.
– Желтоқсан жаңғырығы... Қайда ол? Санамызда ма? Жоқ. Самал жуып-шайып тұратын ауамызда ма? Жоқ. Ауа тазармаса, өкпе қабынады, тыныс тарылады. Ал сана тазармаса, адам салбөксе қалыпқа енеді. Сезімге сергектік, түйсікке елгезектік жарасады. Жан-дүниеңде жаңғыру, жаңару, сілкініс, ұдайы жүріп жатпаса, рухтан ұсқын қашады, намысты тот басады. Кешегі Желтоқсан көтерілісі, турасын айтсақ, қалғыған-мүлгіген қашанғы қазақы қарабайыр тіршілігімізді бірер сәтке болса да қағып-сілкіп алған заманауи жарылыс, қоғамдық дүмпуге жақын әрекет болды. Былайғы түрліше қозғалыс, құбылыстарды айтпағанда, жер сілкінісінің өзінде табиғат тылсымымен қоса жаратылысқа тән мінез-құлық жатыр. Адамзат әулетінде де сөз жоқ, осындай ауық-ауық ішкі бұлқыныстар мен сана сілкіністері болып тұратыны ақиқат. Дәл осындай заңдылық қазақы болмыс-бітімде бой көтерген екен, оны бар болғаны бейуақыттағы, не беймезгілдегі тосын тентек мінезге тели салуға болмас. Астарын аңдап, аужайын байқаған адамға мұнда тереңнен тамыр тартатын тектілік жатыр. Тектілік болмаса, алаңдағы қазақ қызы қапталдағы аңтарылып тұрған жұртқа: «Жігіт болсаңдар арамызға келіп қосылыңдар, мігіт болсаңдар көзімізге көрінбей жоғалыңдар!» деп айғай салар ма еді?! Бұл – жай айғай емес, намысын найзағай оты шарпыған, ожданы оянған жапагер жастың жанайқайы.
Несін жасырайын, «мұның арты қалай болар екен?» деп қапталда қарап тұрған көп қараның бірі – мен едім. Ол кезде «Жалын» баспасында жұмыс істейтінмін. «Алаңға жастар жиналып жатыр» деген соң барғанмын. Әлгі сөз, шынын айтсам, жанымды жай оғындай жайратып салды. «Мігіт болсаңдар...» ожданды осып өткен сөз осындай-ақ болар. Алаңдағы әлеуетті топтың ішінен бір-ақ шықтым. Алаңсыз шеру... Бір-бірімен қолтықтаса сап түзеп, аннан да, мыннан да қосылып жатыр, қосылып жатыр. Қосыла айтқан әннен де, қорқыта бопсалаған үннен де мен үшін әлгі қыздың жалғыз ауыз сөзі әлдеқайда айбарлы шықты. Құлағымда әлі күнге жаңғырулы. Ол қыздың кім екенін, түрін де, түсін де танымаймын. Соңының сойқанға ұласатынын кім біліпті, жастар арасында бірер сағат жүрдім де үйге қайттым. Жалғыз, жаяу. Жол-жөнекей көргенім – зуылдаған әлдебір көліктердің аялдамаға тоқтай қалып, ондағы тұрған қаракөздерді әй-шәйге қаратпай күштеп алып кетіп жатқаны. Көліктен ада-күде жол ортасында келе жатқан мені қалай көрмеген, байқамағандарына осы күнге дейін таңмын. Сірә, жарықтық анам айта беретін «оққағарым» бар шығар? Әлде, Құдайдың бұл да бір сақтағаны ма? Жалғыз-ақ серігім – алаңдағы әлгі қыздың құлақжарды үні. Жарғақ құлақ естіген жаңғырық жанға тыным бермей келеді. Көшеде – Абай даңғылы бойында емес, жапанда жалғыз өзім келе жатқандаймын. Жаңғырық...тағы да сол жалғыз дауысты жаңғырық. Алаң арқамда қалды, үйге жеткенше әлі қайда. Өзіммен-өзім әуре-сарсаң күйдемін. Жаңғырыққа жауап қатып келе жатқанымды қайдан білейін, түн жарымы ауа әрең дегенде үйге жеттім. Жеттім де бөлмемдегі ескі машинкама отырдым. Көкіректегі лықсыған сөз легі ақ қағаздың бетіне көшті.
Алғашында бұл өлеңнің аты «Желтоқсан желектері» болатын. «Желтоқсан» сөзінен қаймықты ма, бірде-бір газет баспады. Араға жыл салып, «Қызыл жел» атты кітабым шықты. Амал жоқ, өлең атын «Қазақ қызы» деп ауыстырдым. Әйтпесе, бұл кітаптан да қалып қоятын еді. Өлең ішінде қаншалықты жүк, салмақ жатқанын оқушы жұрт пайымдай жатар, айтайын дегенім, ән мен өлең табысып, ауыздан-ауызға тез тарап кетті, – дейді Исраил Сапарбай.
Ал осынау керемет әннің авторы – біздің ауданның тумасы Рамазан Тайманов еді. Ең қызығы, ақын мен сазгер бұл ән 1987 жылы шыққанымен, бірінші рет ел тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары кездескен. Бұл туралы бізге Рамазан Тайманов айтып берді.
– Жыр жолдарын белгілі әнші Нұрлан Өнербаев Қыздар Педагогикалық институтында өткен кездесу барысында студент бойжеткендерге арнап оқып берді. Сол кезде алғаш рет естідім. Тыңдадым да алай-дүлей күй кештім. Өйткені өзім де Желтоқсан оқиғасына қатысып, бес күн қамауда отырған едім. Маған «Намысын бермеу үшін жатқа қолдан, Арулар аз болды ма, атқа қонған. Көңілде қалған сыз бар өткен күннен, Өмірде қалған із бар «Ақтабаннан» деген жолдары қатты ұнады, – дейді сазгер.
Р.Таймановтың айтуынша, алғашқыда бұл әнді белгілі әнші Жанар Айжанова домбырамен айтса, кейіннен Нұрлан Өнербаев гитарамен орындаған. Екеуі де ән мен сөзді өз еріктеріне сай икемдеп, ықшам мәтінмен жұртшылық назарына ұсынған. Ең маңыздысы, ән дүйім елге тез тарап, халықтың көңілінің төрінен орын алды. Себебі ақын да, сазгер де сол бір сындарлы кезеңнің салқынын жүрекпен сезінген, шабытпен түйсінген. Сондықтан да халық әлі күнге бұл туындыны жадынан шығарған емес.
– Қазақтың қайсар қызы, тоталитарлық жүйенің құрбаны Ләззат Асанова екеуміз музыкалық училищеде бірге оқыдық. Ағалы-қарындастай болып талай ойын-сауық кештеріне баратынбыз. Мен отызда, ол 15-16 жас шамасындағы өрімдей қыз болатын. Желтоқсанның ызғарлы күндері алаңға да бірге шыққанбыз. Ләззат өмірден өткеннен кейін өз-өзіме келе алмай жүрген кезім еді. Нұрланнан өлең жайлы сұрап едім, «әні жоқ» деді. Мен «ән шығарайын» деп өтініш білдіріп, аттай қалап алдым. Көп ұзамай ән туды. Ол әнді барша қазақ жатқа біледі, – дейді Рамазан Тайманов.
Бүгінгі күнге дейін елуден астам ән жазған сазгер төл туындыларының ішінде «Қазақ қызы» әнінің орны ерекше екенін айтады. Р.Тайманов ел көкейінде жаттала кеткен әннің дер кезінде жазылған деп есептейді.
– 1985 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түстім. Курстасым Ләззат Асанова қобыз бөлімінде білім алды. Мен оның өкіл ағасы, ол менің қарындасым ретінде жақын араластық. Талантты, қайсар қыз еді. Сөйтіп жүргенде әйгілі Желтоқсан жетті. Жұрттың ағылып жатқанын көріп, алаңға біз де бардық. Таяққа жығылып, құлағандарды «Жедел жәрдем» бірден әкетіп жатыр. Сөйтсек, олардың бәрін ауруханаға жеткізбей, абақтыға тоғытып жатыр екен ғой. Ләззатты тергеушілер «алаңға бірге барғандарды жазып берсең, босатамыз» деп қыспаққа алып, түк шығара алмаған соң оған жатақханадағы бір қыздың сақинасын ұрлады деген жала жауыпты. Бұл жалаға шыдай алмаған қайсар қыздың өмірінің соңғы сәттері – екі алақанымен бетін жаба төмен қарай құлдилағаны да әлі күнге көз алдымда тұр. 2004 жылы облыстық телеарна басшысы Жағыпар Қарабала хабарласып: «Рәке, отыз жыл бірге жүрген сіздің желтоқсаншы екеніңізді енді біліп отырмын. Бұлай болмайды, біздің жігіттер естелік жинап жүр. Сізге жолығады, көргеніңізді айтарсыз» деп, телефон тұтқасын қойды. Түсірілім облыстық филармония ғимаратында жасалды. Қалай екенін қайдам, кейін ол республикалық арна эфирінен беріледі, оны көрген Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыз Ләззат Асанованың өліміне куәгерлерді іздеп жүрген Мұхтар Шахановқа хабарлайды. Осылайша, Мұхтар ағаның шақыруымен Алматыға бардым. Сол тұста қазақтың қайсар қызының әруағымен алысып, оның рухына көрсетілген құрметті көп көріп, «Ләззат Асанова Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жоқ» дегендер де табылып жатты ғой. Соларға қарсы сотта куәлік еттім. Ләззаттың анасы Алтынайдың күдігі көп екен, жатақхана балконынан құлағанын айттым. Қызының шытырман тағдырынан шындық іздеген ананың көңілі сәл саябыр тапқандай болды. Осыдан бірер жыл бұрын Ләззаттың туғанына 50 жыл толуына орай Алматыда өткен асқа шақырды. Сол соңғы көруім екен, көп ұзамай қаһарман қыздың анасы ел еркіндігі үшін жанын қиған перзентінің артынан аттанып кетті, – дейді өткен күндерге көз тастап терең күрсінген сазгер.
Иә, сазгердің күрсіне еске алатындай реті де бар. Өйткені бұл ән – тарихи ән, тағдырлы ән. Расында да 16 желтоқсан – халқымыздың азаттық жолындағы күрескерлік шежіресіне ел-жұрт тағзым ететін қастерлі күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым ететін күн ретінде айшықтап берді. Осы орайда біз Тәуелсіздік жолында жанын пида еткен боздақтардың, жазықсыз жапа шеккендер мен құрбан болғандардың рухының алдында бас иеміз. Олардың ерліктері мен еңбектерін ел жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз. Ал Желтоқсан оқиғасына орай тарихи әнді тудырған ақынға да, сазгерге де ел ықыласы қай кезде де ерекше екені сөзсіз...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден