Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылтырағанның бәрі алтын емес

Жылтырағанның бәрі алтын емес

Халқымызда «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген сөз бар және «алтын көрсе періште жолдан таяды» деп те айтылып жатады. Мұның бәрі халқымыз үшін алтынның бағасы қымбат, қадірі артық екенін ұқтырса керек-ті. Бірақ алтынның да сапалысы, сапасызы бар. Мұны біреу білсе, біреу білмейді.

Алдымен статистикаға сүйенейік. Қазақстан жылына 80 тоннаға дейін алтын өндіреді екен. Был­тыр 20 тоннаға жуық алтын сыртқы нарыққа сатылған. Бұл операциялар елге 7 млрд доллардан астам табыс әкеліпті. Сәйке­сінше қордағы алтынның үлесі 68 пайыздан 58 пайызға дейін азай­ған деген дерек те бар. Отандық алтынды сатып алушы елдердің көшін бірер жыл бұрын Қырғызстан бастаса, соңғы жылдары экспорттық кірістегі Ресей мемлекетінің үлес салмағы артып­ты.

Саф алтынның саудасын таразылап жүргендердің айтуынша, бұл – «көлең­кесі» көп нарық екен. Оған дәлел де жоқ емес. Мәселен, Қазақстан зергерлер лигасы сөрелерде жалт-жұлт еткен тауардың 90 пайызы контрафакті және контрабанда деп дабыл қағады.

– Алтын сату нарығындағы келең­сіздіктердің бәрі заңның «солқыл­дақтығынан» орын алуда. Біз бұған дейін де бірнеше рет батыл мәлімдеме жасап, Президентке дейін ашық хат жазғанбыз. Алтынның бәрін нақты тексерсе, пробасы талапқа сай келмейді. Егер, «585» деп тұрса, шын мәнінде ол «300» немесе «400» болуы мүмкін. Зергерлік бизнес саласында жылына қыруар қаражат айналады. Жылдық көлем 1 трлн теңгеге жетеді. Алтын кесектер комбинаттардан да ұрланады. «Қара нарық» Шымкент, Түркістан, Алматы облыстарында көп. Қаржы нарығын реттеу агенттігі тек тіркелген компания­ларды қайта-қайта тексереді. «Көлеңкелі кәсіппен» күресуде нәтиже аз, – дейді Қазақстан зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағұлов.

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, бұл мәліметтердің Қазақ­стан зергерлер лигасы тарапынан айтылуы орынды. Өйткені осы аптада Бестөбеде бес күдікті ұсталып, елді елең еткізді. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ресми мәлімдеме жасап үлгерді.

– Ақмола облысының, Астана және Шымкент қалаларының аумағында бір топ азамат аса ірі көлемдегі бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан. Олардың қызметін аймақтық прокуратураның үйлестіруімен ҚМА Ақмола облысы бо­йынша департаментінің қызметкерлері әшкереледі. Алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, өткізу мен одан есепке алынбаған зергерлік бұйымдарды жасау және оларды сату бойынша барлық схема анықталды. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бес күдікті Бестөбе кентінде «қара іздеушілер» заңсыз өндірген және қайта өңдеген алтынды сатып алумен айналысқан, – деп айтып өтті Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Ресми хабарламаға сүйенсек, күдік­­тілер алтын құймаларды жолға қойылған арнайы арналар арқылы тасымалдапты. Соның негізінде жерасты цехтарында есепке алынбаған, яғни арнайы тауарлық маркасы жоқ зергерлік бұйымдар дайындалған. Олар жалған құжатпен Астана мен Шымкенттегі сау­да үйлерінде сатылған. Айта кету керек, тінту барысында 35 млн теңгеден астам сомаға бағаланған құрамында 99,5 пайыз алтын бар 1 келіден астам алтын құйма мен 335 зергерлік бұйым тәркіленген. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 2021-2023 жылдардағы күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асқан деп болжап отыр. Бұл іске қатысты әзірге бес азамат күдікті деп танылған. Олардың 3-еуіне қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат таратылуға жатпайды. Бірақ кінәлілердің қылмысы дәлелденсе, оларды ауыр жаза күтіп тұрғаны анық.

Жалпы соңғы үш жылдағы статис­тикаға зер салсақ, Қазақстандағы алтын өндіру көлемі өскенін аңғаруға болады. Елімізде 2021 жылы 65 тонна алтын өндірілсе, бұл көрсеткіш былтыр 73 тоннаға дейін жеткен. Осы ретте алтын өндіретін кен орындарындағы тазартылған алтын экспортталмайтынын айтып өткеніміз жөн. Ол Ұлттық Банктің қоймаларында, күзетілген режимдегі арнайы орындарда сақталады. Десе де заңды саудадағы қазақ алтынының үлесі нәбері 5-ақ пайызды құрайды екен. Қалғаны Түркия, Дубай, Ресей, сондай-ақ Италия алтындары. Мұны Қазақстан зергерлер лигасы Ұлттық Банктің отандық зергерлерге деп белгілеген 300 келіге дейінгі квотасымен байланыстырады. Қазақстан зергерлер бизнесі қауымдастығының құрметті төрағасы Ілияс Сүлейменов «саф алтын саудасындағы олқылықтардың барлығы контрабандамен күрестің қарқынды жүргізілмеуінен» дейді.

Жасыратыны жоқ, қарапайым ха­лық алтыннан алқа тағуға құмар бол­ға­ны­мен, оның шын мәніндегі сапасына аса мән бере бермейді. Сатып алған алтынын арнайы орындарға тексер­тетіндер де аз. Ал арнайы тексертіп, бүге-шүгесіне дейін ізденетіндер на­рықтағы көп алтынның қазақстандық сынамасы жоқ екенін айтады. Мұндайда сатушыға дәлелдеудің өзі қиын. Қиын­дыққа тап болғандарды қорғайтын «Тұтынушылардың құқық­тарын қорғау туралы» заңның да шикі тұстары бар. Мұны Парламент депутаттары талай рет айтып, Үкіметке депутаттық ұсыныстар жолдады. Депутаттар алтын нарығына үкіметтік бақылау қажеттігін айтады. Сондай-ақ тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы зор деп санайды. Ал сарапшылар алтын нарығындағы «көлеңкелі бизнеске» тоқтам салудың бір ғана жолы бар екенін алға тараты. Ол – таңбалауды енгізу. Бұл ұсынысты Қазақстан зергерлер лигасы да, қауымдастығы да, жекелеген зергер­лер де қолдайды. Бірақ әзірге тек пилоттық жобада ғана қолданылуда. Ал таңбалаудың нақты қашан енгізілетінін ешкім дөп басып айта алмайды.

– Зергерлік бұйымдарды таңбалау және қадағалау пилоттық жобасы ен­гізіліп, аяқталды. 2024 жыл­дың 1 шілдесіне дейін зергерлік бұйымдар айналымына қатысатын барлық субъектілерге міндетті түрде таңбалауды және қадағалауды енгізуге әзірлігін дайындау тапсырылды. Пилоттық жо­баға тауар өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда өкілдері, ломбардтар қатысты. Олар жобаға қатыса отырып, таңбалаудың ақпараттық жүйесінің қызметін тегін тексеру, таңбалау процесін ағымдағы өндірістік процестерге интеграциялауды пысықтау, сондай-ақ таңбалау кодтарын енгізудің түрлі тәсілдерін сынақтан өткізу мүмкіндігіне ие болды, – дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Түсті металлургия және сирек металдар басқармасының басшысы Ғалымжан Төребек.

Бірақ бұл таңбалау жаңа жылдан бастап бірден енгізіледі деген сөз емес. Әзірге ешкім міндеттелмейді. Өйткені ешқандай қаулы да, бұйрық та қабылданбаған. Бұл ретте тәжірибелі зергерлердің айтары бар. Мәселен, алтын өндірумен айналыспаса да, үлкен сауданың көрігін қыздырмаса да, зергерлік өнердің қыр-сырын жақ­сы білетін тереңөзектік Сайділда Сәдуақасов «Алтын сату нарығына мемлекет бақылауды күшейтуі керек. Соның негізінде бюджетке түсер салық та, жұмыспен қамтылар халық та көбейер еді...» дейді.

Бұл бағытта біз тәуелсіз сарапшы­лардың пікірін назарға алдық. Бірер ай бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде «Саф алтынның саудасы» тақырыбында мақала жарияланыпты. Сол мақалада тәуелсіз сарапшы Ерлан Ибрагим пандемиялық дағдарыс кезінде елімізде жұмыс істеп жат­қан компаниялар табысының 10 пайы­зы көлемінде мемлекет пайдасына ауда­­рып тұрғандығы турасында айтып, пікір білдіріпті.

– Ұлттық қор және алтынға қатысты өзгерістер кейінгі келісімшарттарға бастайтын жаңалықтың басы болуы тиіс. Бізде қайта зерделенуі тиіс шарттар жетіп артылады. Себебі бюджетке немесе Ұлттық банкке донорлықты алтын мен мұнайға теліп қоюға болмайды. Көмір мен темірден немесе бидай мен ураннан бюджетке қанша пайда түсетінін білмейміз. Бір тәулікте, бір жылда қанша баррель мұнайдың немесе уранның экспортталып жатқаны туралы мәліметтер тым жұтаң. Ақпаратты технологияның дамыған заманында мұны анықтау оңай. Егер, Үкімет шын ден қойса, табыс салығын ғана төлеп келген инвесторлардың бетін бұру, салығын ғана емес, табысының бір бөлігін бюджетке аудару туралы бап халықаралық талапқа қайшы емес. Инвесторлар үшін Қазақстан кен орындарының интерактивті картасы жасалды. Енді сол орынды иемденуден үмітті инвесторлар тек табыс са­лы­ғы емес, табыстың пайызын Ұлт­тық қорға аударуды заңдастыратын арнайы бап керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы келісімшарттарда жіберіп алған қателіктеріміз енді қайталанбауы тиіс. Пайдалы кен орындарының құла­ғын­да отырған кейбір топтардың тәбетін шектемесек, оның соңы неге апарарын Екібастұздағы жағдай көрсетті. Қазақтың байлығын игеріп, табыс табудан үмітті кез келген инвестор тек табыс салығы емес, пайдасының белгілі бір бөлігін мемлекетпен бөлісуді міндеттеп, оны экономиканы әртараптандыруға бағыттау керек. Бұл үрдіс біздің елде нарық заңдарына басымдық беретін заңдылықтардың қалыптасуына жол ашады, – дейді тәуелсіз сарапшы.

Қалай дегенде де «қазынамыз ортайып, алтынымыз азайып қалды» деп аса алаңдай беруге болмайды. Өйткені нарықтағы алтын құны қырық құбылып тұрса да, оның инвестициялық сатылымдағы сұранысы қай кезде де жоғары. Себебі алтынның аты – алтын. Оның үстіне еліміздің ең маңызды стратегиялық актив саналатын алтынмен өзін өзі қамтып отырғаны да үлкен жетістік. Сондықтан алтынды сақтандыру резерві ретінде бағалап, оны нығайту шаралары қабылдана беретіні анық. Соның бір дәлелі ретінде 2019 жылы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қордағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлығын айтуға болады. Бұл құжат Ұлттық қордың жинақтаушы активтеріндегі ал­тын­ның үлесін 5 пайызға дейін арт­тыруды заңдастырады. Әрине заңның, құқықтық актілердің өзіндік күші болғанымен, кейде нарықтың әлеуеті таразы басын басып кетіп жатады. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс. Тек қарапайым тұтынушы сапалы тау­арға қол жеткізіп, оны еркін тұтына алса болғаны. Қорыта айт­қанда, жарқыраған алтын на­рығын көлеңкеден шығаруға мемлекеттің өзі мүдделі болуы қажет. Ол үшін заң үстемдік құрып, саф алтынның саудасы мен жалпы саладағы жұмыс жүйеленгені маңызды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: zharar.com/kz
05 желтоқсан 2023 ж. 327 0