Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапта да кітап бар...

Кітапта да кітап бар...

Халқымызда «Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы» деген тәмсіл бар. Бірақ, кітаптың да кітабы бар екенін ескергеніміз жөн. Бүгін сіздерге кітаптар және кітап оқушылар туралы қы­зықты деректерді ұсынамыз.

Баспагерлер қауымы кітапта басылып кеткен қателермен әлі күнге дейін күресіп келеді. Қанша көз майын тауысып, тексерсе де, бір әріп, не бір белгі артық-кем қойылып кетіп жатады. Кітап басудағы осы кемшілікті бағзы заманда баспагерлер «шайтан ісі» деп түсінген. Оқырмандарға сапалы, әрі түсінікті ақпарат бермеу үшін бір күш кедергі жасайды деп сенген екен. Бірақ, ғалымдар да, оқырмандар да қасиетті Құран Кәрімде бірде бір қате таппаған, тіпті ол сан мыңдаған данамен көшіріліп басылса да...

Әлемдегі ең қымбат кітап – «Лестер кодексі» деп аталатын Леонардо да Винчидың ғылыми трактаты. «Жер, су, аспан денелеріне» арнап жазған бұл ғылыми туындының бүгінгі иесі – Билл Гейтс. Жиырма төрт миллион тұратын кітапты тек айна арқылы оқуға болады екен. Себебі кітап кері басылған. 

Кітап үшін ең көп қаламақы төлеген – Марк Аврели есімді Рим императоры. Ол Оппиан есімді ақынға балық аулау мен аңшылық жай­ындағы поэмасындағы әр жол үшін бір алтын тиыннан төлеген. Екі поэма жиырма мың жолдан тұрады екен.

Ал, сіз Гавана халықаралық кітап көрмесінде ең үлкен кітап ұсынылғанын білесіз бе? Бұл кітап әлемге әйгілі ойшылдардың жинағы ретінде құрастырылған. Ұзындығы 380 сантиметрге созылса, биіктігі 350 сантиметрге жетеді.

Әйелдер еркектерге қарағанда кітапты көп (68%) сатып алады екен. Сонымен қатар дүние­жүзі бойынша сатылатын кітаптардың жартысынан көбін 45 жастан асқан адамдар сатып алады. Қалың оқырмандар арасында өткен кітапты дауыстап оқу марафоны 224 сағатқа созылған. Жалпы ғылымда кітап ұрлаушыларды биб­лиоклептоман деп атайды. Дүниедегі ең атақты кітап ұрысы – Стивен Блумерг. Ол 270 кітапханадан 23 мыңға жуық таңдаулы шедевр кітаптарды ұрлаған. Оның кітапхана қорының құны 20 млн доллардан асып жығылады екен.

Дүниедегі ең ауыр кітап Британия музейінде сақ­талған ХVII ғасырға тиесілі географиялық атлас. Ол кітаптың ұзындығы – 1,9 мерт, ал салмағы – 320 келі тартады. Дүниедегі ең мәш­һүр кітап кейіпкері – Наплеон. Ол жайында 100 мыңнан астам әртүрлі жанрдағы кітаптар жазылған және әлі де жаңа туындылар жарыққа шығып келеді. Бір қызығы, Наплеон туралы қанша кітап жазылса да оның бәрі сұранысқа ие.

Сіз минутына қанша сөз оқисыз? Наполеон минутына екі мың сөз оқыпты. Бұл дерек бір жылдары ҰБТ сұрағына да енген. Ал, аты әлемге әйгілі Бальзак романның 200 бетін жарты сағатта оқитын болған.

Сәйкесінше орыстың ұлы ақыны М.Горький минутына төрт мың сөз оқыған. Н.А.Рубакин өмірінің соңына дейін 250 мың кітап оқыған.

Енді еліміздегі кітапханалар туралы да айта кетейік. Еліміздегі көпшілікке арналған тұң-ғыш кітапхана 152 жыл бұрын (1871 жылы) Орал қаласында ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Кітапхана ғимараты қаланың ең көрнекті тарихи-мәдени және сәулет ескерткіші ретінде танымал. Бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхана өңірдегі 360 кітапхананың әдіс­темелік орталығы саналады.

Еліміздегі сирек қорлар мен қолжазбаларға бай кітапхана – Абай атындағы Абай облыстық әмбебап кітапханасы. Кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатарында қазақтың кемең­гер ақыны Абай Құнанбайұлы да болған. Мұн­да 4 мыңнан астам өте сирек кездесетін кітап сақ­талған. «Хронологиялық тұрғыдан әде­биеттер тізімі XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырды қамтиды» дейді кітапхананың қызметкерлері.

Еліміздегі кітап қоры ең көп кітапхана – Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кітапханасы. Мұнда 7 млн-нан астам кітап бар. 1910 жылы іргетасы қаланған кітап­хана 1931 жылы Үкімет қаулысына сәйкес Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітап­ханасы болып қайта құрылған. Бүгінде Ұлттық кітапхана республика кітапханаларының ғылыми-әдіс­темелік орталығы ретінде танымал.

Дәл осы ақпаратты әлемдік деңгейде зерт­тейтін болсақ, 155,3 млн дана кітап қоры бар Конгресс кітапханасы туралы айтпай өту мүмкін емес. Бұл кітапханаға жылына шамамен 1,7 млн адам келсе, мекемеде 3312 кітапханашы жұмыс істейді екен. Ал, Британ кітапханасында 150 млн, Нью-Йорк көпшілік кітапханасында 53,1 млн, Ресей мемлекеттік кітапханасы 44,4 млн дана кітап бар екен.

Дүниежүзі кітапханалары қауымдастығы «Ең көп сатылған кітап» ретінде Гарри Поттер жайлы жазылған кітаптар деп жариялаған. Оның ең алғашқы кітабы «Гарри Поттер және Пәл­сапа тасы» 1997 жылы жарық көріпті. 2020 жыл­дың қаңтарға дейін 500 миллион көшірмесі са­тылған. Сонымен қатар бұл кітап әлемнің 80 тіліне аударылған.

Гүлжан ЕСЕНБЕК
26 тамыз 2023 ж. 191 0