Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн сауда оңай ма?

Онлайн сауда оңай ма?

Нарық. Күнкөріс. Сауданың со­ңында сабылған қарапайым ха­лық. Дорбасын асынған саудагер­ өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай Ташкент асып, тауар тасуды азайтқан. Бұ­рынғыша емес, заманауи­ үлгідегі базаршыға айнал­ған көпшілік үйден шық­пай-ақ тауарын саудалауға бейім­делген. Оған себеп те жоқ емес. Қазір Қы­тай нарығы мен саудасы бүкіл қоғамды жаулап алғаны баршаға аян.

Бүгінде екі адам бір-бірімен жолығып сөйлесе қалса «Пиндуодуо» мен «Карго» сайтынан тауарға тапсырыс бергендігі жөнінде жарыса айтады. Кез келген тұрмыстық зат пен жиһаз, киім секілді қажетті тауардың жергілікті халық арасында өтімділігі жоғары. Жарнамасы келіскен, табысты еселеуге жол ашатын аталған сайттарға тіркелген ауылдағы ағайын да онлайн сауданыңқыр-сырына қаныққан. Осы тақырыпты кеңінен тарқатып зерттей бастаған тұста онлайн сауданы қосымша табыс көзіне айналдырған Тереңөзек кентінің тұрғыны Айкерім Сәбитқызымен пікірлестік.

– Онлайн маркетинг – табыс табудың төте жолы. Бірнеше жылдан бері Қытай елінен тауар тасымалдау қызметін үйлестіріп келемін. «SHAH cargo» тасымал қызметін Тереңөзек кентінде бірінші болып ашқан едім. Осы күні 220-дан аса тұтынушымыз қажетті заттарын тапсырыспен алдыруда. Тауардың келу уақыты 9-14 күнді құрайды. Қазір аудан тұрғындары Қытай елінен келетін заттарға қызығушылық танытуда. Біз үшін қолындағы қаржысынсеніп тапсырған тұтынушының дүниесін уақытылы жеткізу  маңызды. Нарықтық заманда пайда тапқысы келетін жұртшылық алаяқтың арбауына түсіп қалмаса дейміз. Ғаламтордың көмегімен кіріс көзін ұлғайтуға ұмтылған жандар қарапайым халықтың жиған-тергеніне өзге мақсатта көз тікпесе екен, – дейді Айкерім Сәбитқызы.
 
Онлайн сауданың тиімді тұсы да, кері әсері де бар. Абайламасаңыз, алданып қалуыңыз әп сәтте. Сол үшін тапсырыс берер алдында зерттеп, зерделеп алу керек. Сондай-ақ онлайн тапсырыс қабылдап, тасымал қызметімен айналысатын адамның тұрақты тұтынушылары бар екеніне көз жеткізген жөн. Бұл қаражатыңыздың мақ­сатты жұмсалуының алғышарты болмақ.

Мәселен жақында елді елең еткізген ақпарат жария етілді. Қараша айынан бастап ғаламтор мен БАҚ-тың бетінде жиі талқылауға түскен Айс Муратова атымен танымал Арайлым Қожамұратованың мәселесі жөнінде көпшілік хабардар шығар.  Қытай мен Қазақстан арасында арзан тауар әкелемін деп өз тұтынушыларын сендірген олірі көлемді қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. Тіпті Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Бас прокуратураға осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдап, дабыл қақты. Қазір бұл мәселе бойынша жан-жақты зерделеу жұмысы жүргізіліп, кінәлілер анықталуда. Бұл ретте, 5000-нан аса адамның қаражатын қалтасына басқан кінәлілердің құйтұрқы әрекеті дәлелденсе, заң алдында жауап беретіні анық.

Халқымызда «Аманатқа қиянат жасама» деген қанатты сөз, қастерлі ұғым бар. «Сау­дада достық жоқ» десек те, онлайн сауда жасап, оңай қаржығы кенелуді көздесек те, ар мен ұятты ұмытпағанымыз абзал. Ең бас­тысы – адамдар арасындағы сенім мен үміт сауданың төңірегінде сөніп, өшіп қалмауы қажет. Бұл біздің қазақтығымыздың, тектілігіміздің де көрсеткіші болмақ. Сатып алушы сатушының кім екенін білмейтін алмағайып заманда жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, пайда табамын деу әбестік. Бірақ «Адамнан айла артылмайды» деген сөз тағы бар...


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото:balbal.kz
02 желтоқсан 2023 ж. 243 0