Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, ақталғаны қанша?

103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады, ақталғаны қанша?

Аудандық мәдениет үйінде «Сырдария ауданындағы саяси қуғын-сүргін тарихы: зерделеу және сараптау мәселелері» тақырыбын арқау еткен конференция өтті. Конференцияға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педаго­гика ғылымдарының магистры, Қазақстан Республикасының Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері мен тарих пәнінің мұғалімдері, мұражай мен архив қызметкерлері қатысты. Келелі басқосуды аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ашып, жүргізіп отырды.

– Деректер көзіне сүйенсек 1936-1938 жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы атылған. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі ұлт зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, Алаш арыстары болды. Бұл қасірет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде өз таңбасы қалған бұл жылдары еш ұрпақ ұмытпақ емес. Біздің ендігі жерде – борышымыз осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтарды ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөнінде жұмысшы тобы» облыс көлемінде және аудандарда құрылып, жұмыс жасауда, – деген Д.Байдушев спикерлерге сөз кезегін берді.

Өз кезегінде Қызылорда обылысының қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі Бақытжан Мұқарамұлы маңызды ақпараттармен бөлісті. Өз баяндамасында тың деректерді ұсынған академик Сыр бойындағы көтеріліс пен батырлары туралы сөз қозғап, тарих тереңінен сыр тартты.

– Сол қанды оқиғалардан бері 2023 жылы 93 жыл толайын деп отыр. Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтың ардақты ұлдары елі үшін, ислам діні үшін, ар-намысы үшін жанын пида еткен ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс, – деді Б.Ахметбек.

Айта кетейік, аудан бойынша «Сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мә­селелері жөнінде аудандық жұмысшы тобы» құрылған. Жұмысшы топ құрамына өлкетанушылар енгізіліп, қазіргі таңда 14 адам осы мәселе төңірегінде жұмыс жасау­да.

Жұмысшы топтың нәтижелі жұмыс жасауы үшін аудандық архив мекемесінен жұмыс орны дайындалған. Жұмыс орны керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы орайда жұмысшы топтың атқарған жұмыстары туралы Сырдария аудандық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі Жәнібек Махамбетов баяндама жасады.

– Саяси қуғын-сүргін Сыр өңірін айналып өткен жоқ. Сол кездегі саясатты жүргізген Голощекин мен Мирзоян болса, Сыр өңірін қан қақсатқан Гержодты кінәлаймыз. Осылардың тапсырмасын мүлтіксіз ел ішінде орындаған өз қандастарымыз жайлы шындыққа жете алмай келеміз. Бұл әлі жабық күйінде қалуда. Неліктен қазақтар ашығып, ақыл-есінен адасып балаларын, бауырларын жеуге дейін жетті десек, оған байларды кәмпескелеу науқаны, елге көтере алмастай ауыр салық салу халық жауынан тазарту деген желеумен қуғын-сүргін арқылы бейкүнә жандарды атуы мен асуы еді. Жоғарғы биліктің ешкімде қару болмасын, аң-құс атуға, балық аулауға қатаң тыйым салынсын деген қаулысы қара халықты қараптан қарап аштан өлуге әкеп соқтырды. Осыны көрген Ораз Исаев Кубышевке «Қазақтарға аң-құс, судан балық аулауға рұқсат бергіз» дегенінде, Кубышев: «Ешқандай рұқсат жоқ, бір құс немесе аң атқан адам сотталады» деп жа­уап берсе керек, – деген Жәнібек Асанұлы Сыр өңіріндегі жағдайға қатысты жайттар мен тұлғалардың нақты есімін атап өтті.

Сіз білесіз бе, сол кезеңдерде тіпті мерген аңшыларды «халық жауы» деп ұстап, көзін жойып жіберіп отырған екен. 1929 жылы Сырдың суы молынан тартылып, елдегі жол жиектеріне егетін егістік жерлері азайып, қиыншылық тудырған. Табиғат та қатал мінез көрсетіп, қолдағы малға жем-шөпте қиындық келтіріп, суыққа шыдамаған серіктестікке жиналған мал қырыла бастайды. 1931-1932 жылдары шамасы келгендері өзбек, қырғыз, тәжік, Ресейге бет бұрса, шамасы жоқтары амалсыздан өз үйінде жан тапсыруға мәжбүр болған. Осы ашаршылық аудан көлеміндегі барлық елді-мекен халқының қаншамасын жалмап кеткені бір Құдайға аян. Бүгінгі таңда «мына ауылда осынша адам дәрменсіз өз үйінде опат болды» деген нақты дерек табу қиын. Сол заманды көзімен көргендер жоқ десе болады. Ал кейбір ақсақалдар болғанымен ол кезде елде болған жоқпын дегенді айтса, кейбірі естігенін айтып, тарихты түгендеуге үлес қосуда. Айта кетейік, қанды саясат жүргізілген кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған қандастар мен қазіргі таңда ақталғандардың нақты саны белгісіз. Жоғарыда көрсетілген деректер тарихи мағлұматтарға сүйене отырып жасалған.

Конференцияның кезекті баяндамасын Сырдария аудандық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі Жұмабай Байзақұлы жасап, Алаш ардақтысы Мұңайтпас Лапин және оның ұрпақтары туралы айтып өтті.

Осылайша, конференция барысында тыңдармандар мол мағлұмат білді. Айта кетейік, 2023 жылға арналған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі аудандық шаралар үйлестіру» әлеуметтік жобасы аясында жыл көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша арнайы кітапша басылып шығарылған. Алдағы уақытта жұмысты жалғастырып, арнайы аудан көлеміндегі қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы арнайы кітап шығару жоспарланып отыр.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 қараша 2023 ж. 316 0