Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыстың барлығы ауызбірлікпен бітеді

Жұмыстың барлығы ауызбірлікпен бітеді

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылының халқымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан басшысы кездесулерде өңірдің өсіп-өркендеуінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Ауданды дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын назарда ұстап, облыс әкімінің қолдауымен жоспарлы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде, алғашқы жартыжылдықта ауданда айтулы жұмыстар бар. Қазіргі таңда ауданда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға өсті. Жалпы, 2023 жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға аудан халқы белсенділік танытуда. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде. Жұмыстың барлығы ауызбірлікпен бітеді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бесарық ауылында биыл М.Әуезов, Ө.Тәженов көшелері жарықтандырылады. Ал Қоғалыкөл ауылында электр желілері жаңартылуда. Шіркейліде Қ.Қожамжаров тұйығы мен Бейбітшілік көшесін орташа жөндеу жұмыстары басталуда.

Ауыл тұрғындары кәсіпкерлік, инфрақұрылымдық, тазалық жұмыстарына қатысты мәселелерін айтты. Аудан басшысы барлық мәселе назарда екенін атап, тапсырмалар жүктеді.

Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, құқық қорғау қызметкері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.
17 тамыз 2023 ж. 324 0