Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі аймақ қаржыгерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Облыс әкімі аймақ қаржыгерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Бүгін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ұлттық валюта күніне орай өткен іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналғандарды төл теңгенің 30 жылдығымен және қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

«Мемлекеттің төл валютасы – Мемлекеттік Ту, Гимн, Елтаңбамен бірге айтылатын тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі. Ел экономикасының дамуын оның күретамыры – қаржы жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Бүкіл елдің тағдырына тікелей қатысы бар бұл сала аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жақында облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Облыстың қаржы қазанында 1993 жылы бар болғаны 135 млн. теңге болса, қаржыгерлердің біліктілігі мен еңбегінің нәтижесінде жыл сайын еселенуде. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 609 млрд. теңгеге жетті. Биылдың өзінде қосымша 168 млрд. теңге қаржы тартылды. Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Сөзімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, экономикалық дамуымыздың басты кепілі» деген тұжырымымен қорытындылағым келеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің және Сыр өңірі экономикасын нығайту жолындағы қызметтеріңіз берекелі болсын», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада аймақтың қаржы және экономика салаларында еңбек еткен ардагерлер Қызылорда облысының ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, мерекелік медальдармен, ҚР Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің наградаларымен марапатталды.

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Айта кетейік, қаржы саласы майталмандарының қажырлы еңбегінің арқасында Сыр өңірінде көптеген игі бастамалар қолға алынуда. Өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісі бойынша Қызылорда облысы республикадағы аймақтар арасында көшбасшы. Биыл аймақта 12,5 млрд. теңгенің 12 жобасы іске қосылды. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға мемлекеттік бағдарламалар аясында 24 млрд. теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаражат өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Соның нәтижесінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайыз, жұмыспен қамтылғандар саны 15,8 пайыз өсті. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы 10 айда 97 пайыз орындалды. Өңірде көптеген жаңа нысандар салынып, маңызды жобалар іске асуда. Нәтижесінде Қызылорда облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, үздік аймақтар қатарына енді.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
15 қараша 2023 ж. 119 0