Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Гендерлік саясат: Демократиялық құндылық

Гендерлік саясат: Демократиялық құндылық

Жақында әлеуметтік желідегі «Елімізде жұмыс істейтін әйелдер саны артты» деген дерекке көзім түсті. Сілтемені басып, нақтылай зерделесек, ұлттық статистика бюросының мәліметінше 14 жылдың ішінде тұрақты жұмысы бар әйелдердің саны 1,4 миллионға жетіпті. Ал жұмыс істейтін әйелдердің 16%-ы саудамен айналысады. екен. «Ер азаматтардың көбі ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейді» деген дерек те беріліпті.
ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ – ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕ

Өткен жылдың шілде айында Дүние­жүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандағы гендерлік жағдай туралы кезекті жылдық есебі жарияланды. Ол ағылшын тілінде «The Global Gender Gap Report» деп аталады. Маңызды құжатта келтірілген дерекке сүйенсек, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 2021 жылмен салыстырғанда 0,9 пайыз өсім көрсетіп, 71,9 пайыз индекспен әлемнің 146 елінің арасында 65-орынға жайғасқан.

1908 жылы 15 мыңнан астам әйел АҚШ-тың ең ірі қаласы – Нью-Йоркте шеруге шығып, өздеріне сайлау құқығын беруді, жұмыс күнін қысқартуды және ер-азаматтармен бірдей жалақы төлеуді талап етті. Содан бері арада 115 жыл өтсе де, осы үш талаптың үшеуі де толыққанды орындалған жоқ. Әрине бұрынғы мен бүгінгі әйелдердің жағдайын салыстырғанда жер мен көктей айырмашылықты байқамау мүмкін емес. Дегенмен әлемде әйелдер дауыс бере алмайтын бір ел әлі бар. Ол – Ватикан. Рим папасына кардиналдар ғана дауыс бере алады. Ал әйелдер кардинал бола алмайды. Өткен ғасырдағы әйелдердің қалған екі талабы өркениетті елдерде орындалғанымен, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге гендерлік теңдік туралы заң да қабылданбаған. Демек, әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылар жұмыс көп.

ГЕНДЕРЛІК АЙЫРМАШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҺАНДЫҚ ЕСЕБІ

The Global Gender Gap Report – Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы әлем елдеріндегі гендерлік теңдік туралы дайындайтын есебі. Онда денсаулық сақтау, білім беру, экономика, саясат сияқты түрлі салалар бойынша гендерлік теңдік пен теңсіздік индексі есептеледі. Аталған жылдық есеп әлем елдеріндегі гендерлік теңдіктің даму динамикасын көрсетеді. Елдегі ерлер мен әйелдердің ара салмағын есепке ала оты­рып, мемлекет ресурстарының қолданылу деңгейіне де сараптама жүргізеді.

Әр елдегі ерлер мен әйелдердің арасындағы құқықтың теңдігіне орай бел­гілі бір ұпай беріледі. Нәтижелер 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді. 100 ұпаймен бағаланған елде гендерлік теңдік жүз пайыз орнаған деп айтуға негіз бар. Егер арнайы комиссия белгілі бір елге жүзден төмен ұпай беруді жөн деп тапса, демек ол елдегі ерлер мен әйелдер ара­сында гендерлік айырмашылық бар де­генді білдіреді. Сондай-ақ арнайы есепте ген­дерлік теңсіздікті жоюдың тиімді жолдарын анықтауға арналған салыстырмалы талдау қоса беріледі.


ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАР ҚАНДАЙ?

Көрсетілген пайыздық индекстер гендерлік теңдіктің ағымдағы жай-күйін төрт негізгі санатқа сүйене отырып есепке алады.

Экономикалық белсенділік. Бұл санат­тың өзі үш өлшемді қамтиды: әйелдер мен ерлердің еңбекке араласуы арасындағы айырмашылық, олардың тапқан табысының ара салмағы және қос тараптың лауазымды қызметке тағайындала алу көрсеткіші.

Білімге қолжетімділік. Аталған санат негізінде әйелдер мен ер азаматтар арасындағы сауаттылық деңгейі талқыға түседі. Кез келген деңгейдегі білім алу мүмкіндіктері есепке алынады.

Денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейі. Бұл санат қос тараптың денсаулық деңгейі арасындағы айырмашылықты сараптайды. Кей елдерде ұл баланың дүниеге келуі үлкен маңызға ие. Бұндайда қыз балалардың, яғни жалпы есепте әйел адамдардың азаюы орын алуы мүмкін. Аталған санат осы аралықтағы мәселелерді назарға ала отырып, ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығына да негізгі бағыт бере айқындайды.

Саяси өкілеттіліктер. Бұл санат аты айтып тұрғандай ерлер мен әйелдердің саясатта ықпалды болып, билікке араласа алу қабілеттілігін бағалайды. Президент немесе премьер-министр лауазымындағылар мен министрлік пен парламентте қызмет ететін ерлер мен әйелдердің саны да есепке алынады.

ӘЛЕМДЕ ЖҮЗ ПАЙЫЗ ТЕҢДІК ОРНАҒАН ЕЛ ЖОҚ

2022 жылғы гендерлік айырмашылық­тың жаһандық есебі барлығы 146 елдің дерегін қамтыды. Ол бойынша гендерлік теңдіктің халықаралық ортақ деңгейі 68,1 пайызды көрсеткен. ДЭФ сарапшыларының есебінше, дәл осы қарқынмен жыл сайын көрсеткіштер көлемі артып отыратын болса, жер бетіндегі барлық әйелдер мен ерлер арасында шамамен 132 жылдан кейін ғана теңдік орнайды. Себебі гендерлік теңдіктің жалпы көлемі 2021 жылы 67,9 пайыз болса, 2022 жылы 68,1 пайызға жеткен. Әлем елдеріндегі гендерлік алшақтық мәселесіне 2020 жылы басталып, екі жылдай тұтас халықты әбігерге салған пандемия да әсер етпей қоймағаны ақиқат.

Айта кетейік, әлемдегі бірде-бір елде толықтай жүз пайыз гендерлік теңдік орнамаған. Десек те, бұл көрсеткішке жақындай түсіп, 90 пайыздық межені ба­ғындырған жалғыз ел бар. Ол – Исландия.­ Еуропаның солтүстігінде орна­ласқан аралды мемлекет гендерлік айырма­шы­лықтың жаһандық есебінде соңғы жылдары тұрақты көш бастап келеді. Ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік былтыр 90,8 пайызды құрады. 370 мыңдай халқы бар парламенттік республиканың үкіметін әйелдің басқаруы да таңсық болмаса керек.

Былтыр Қазақстан жоғарыда сөз болған 146 мемлекеттің ішінде 65-орынға тұрақтады. Жалпы индекс – 71,9 пайыз. Бұл дегеніңіз, 2021 жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға артық көрсеткіш дегенді білдіреді.
The Global Gender Gap Report сараптамасы 2006 жылдан бастап тұрақты жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, аталған бағыт бойынша Қазақстанда соңғы 12 жыл ішінде іс жүзінде еш өзгеріс болмағанға саяды. Жыл сайынғы көрсеткіштер бір-бірімен шамалас.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Гендерлік теңдік дегенді біз қалай түсінеміз? Көпшілік бұны тек ер мен әйелдің қатар қызметке араласуымен ғана бағамдап жатады. Бірақ, әлемді түрлі ел, соған сай түрлі жағдай бар. Тіпті кей елдерде әйел адамды адам құрлы көрмейді. Сол себепті гендерлік теңдік мәселесін сөз еткенде ауқымды түрде қарастырып, жоғарыда атап өткен санаттарға сәйкес бағамдау шарт.

Британдық PwC (Pricewaterhouse­Coopers) компаниясы әлемнің 88 еліндегі ерлер мен әйелдердің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, зерттеу жүргізген екен. Зерттеу әлем елдерінің 34 пайызында гендерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заң­ның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын көздейтін заңы бар елдердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңдылық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайды екен. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орындамағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қазақстан соңғы топқа енеді.

Еліміздегі нәзік жандылар 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобалары қабылданған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған ген-дерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Және 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық деңгейдегі актілер қабылданды. Атап айтқанда, 1995 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы», 1998 жылғы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы» конвенциясы, 2000 жылғы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» заң жобасы мен «Тұрмысқа шыққан әйелдердің азаматтығы туралы» конвенция, «ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдерге сыйақы көлемін теңестіру туралы» заңдары. Сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс­та екенін де атап өткен жөн.

ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Бүгінгі күні елдегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған. 2019 жылы аталған тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі, былтыр екінші кезеңі аяқталды. Нәтижесі жаман емес. Елде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жүзеге асып келеді деуге негіз бар. Үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады. Бұл кезең тұрақты даму мақсаттарына қолжеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыруды көздейді.

Сарапшылар мәліметіне сәйкес, соңғы жылдары әйелдердің шағын және орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Тіркелген белсенді кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Мемлекетіміздегі әйелдер басшылық жасайтын шағын, орта және ірі кәсіпорындардың салмағы 28 пайызға жуықтаған.

Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін шешуге белсенді атсалысса, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауазымдардың 32 пайыздан астамын әйелдер құрайды.

Мемлекет әйелдердің саясаттағы рөліне баса назар аударып отыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі 18,4 пайызға жетті. Парламенттің төменгі палатасындағы нәзік жандылардың да үлесі біртіндеп көбеюде. 1996-1999 жылдар аралығын қоса есептегенде Мәжіліс депутаттарының арасында әйелдердің үлес салмағы 11,76 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 27,8 пайызға дейін артқан. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайыз. Бұл – біздегі көрсеткіштің едәуір жоғары екендігінің анық айғағы. Жергілікті басқарушы органдарда да әйелдердің үлесі бар. Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, облыстық мәслихаттарда жуықтап алғанда 16 пайыз, қалалықта 23 пайыз, ал аудандық мәслихатта 24 пайыздай әйелдердің үлесі бар. Сонымен қатар нәзік жандылар мемлекеттік қызметтерде де жиі төбе көрсетеді. Олардың үлесі 2013 жылы 49 мыңнан асса, 2017 жылдың өзінде-ақ 50 мыңнан асқан. Сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілгенін де атап өту орынды. Айта кетейік, қазір Сырдария аудандық мәслихатының 12 депутатының 3-і әйелдер.

ЕРКЕКТЕР ДЕ «ДЕКРЕТКЕ» ШЫҒАДЫ

Ерінің табысы аз, әйелі отбасының негізгі асыраушысы болса, мемлекет бұндай отбасылар үшін де тиімді жағдай жасайды. Еркектерге де бала күтімі үшін берілетін демалысқа шығу мүмкіндігі бар. Әке ана бола алмасы, ана әке бола алмасы анық. Десек те, «қырық жанды» әйел жұмыс пен балаға үлгеріп бақса, ер азамат декреттік демалыс алып, бала күтушісі де бола алады. Оның заңға енгеніне біраз уақыт өткенімен, мұндай мүмкіндіктің бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. ҚР Еңбек кодексіне енген бұл ережені «Ер азығы түзде» деп білетін қазақы менталитет қабылдай қоймағанымен, бала күтімі үшін демалыс алатын әкелер саны жыл санап артып келеді. Статистиканың сандарын сөйлетсек, соңғы 15 жылда декреттік демалысты рәсімдеген қазақстандық азаматтар саны артқан.

Бұндай шешімге ерлі-зайыптылар табыс үшін ғана бармауы мүмкін. Жалғыз бас­ты ер адам қайтыс болған туыстарының баласын асырап алса, ажырасудан кейін бала әкесінде қалса, баланың анасы босану кезінде немесе басқа жағдаймен қайтыс болса, бала 3 жасқа толмай, белгілі себептермен анасы ата-аналық құқықтан айырылса деген секілді себептермен де тізімді толықтырып тұрған азаматтар бар екенін айта кетейік.

Ер адамның бала күтімі бойынша демалыс алуға құқығы бар екендігі туралы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 195-бабында тарқатылып жазылған. Декреттік демалыстағы ер адам ай сайынғы бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемді ала алады. Бала босануына байланысты тағайындалатын бір реттік жәрдемақы тек баланың анасына берілсе, кейінгі төлемді декреттік демалысқа шықса ғана ер адам алуына болады. Бұл уақыт аралығында оған жалақы төленбегенімен, жұмыстан шығарылмайды. Тіпті, кез келген уақытта қызметіне орала алады. Ер азаматтың декреттік демалысқа шығуы шетелдік тәжірибеде де жиі кездеседі.

ОТБАСЫНДА ТЕҢДІК БОЛМАЙ, ҚОҒАМДА ТЕҢДІК БОЛМАС

«Қыз баласы оқу оқымаған, ермен қатар жұмыс жасамаған, түтінін түзу түтетіп, үй шаруасында отырған» деген түсінік қаншалықты ескірсе, «ер кісі – түздің адамы» деген жазылмаған заңдылық та қоғамнан аз-кем алшақтап барады. Себебі, әйелі – асыраушы, ері – жұмыссыз отбасылар көп. Сөзімізге дәлелді алыстан іздемей-ақ, жақын-жуық, таныс-тамыр арасынан-ақ келтіруге болады. Бұл дегеніміз, әйел ерден басым дегеніміз емес. Әлеумет пен экономика, нарық қай жақтан қысса да, қазақ танымында ер азаматтың орны әйелден бір саты жоғары болып қалары анық.

Ал әйелдің рөлін халқымызда да, асыл дінімізде де онсыз да жоғары бағалайды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген де бар. Қазіргі жаһандану дәуірінде нәзік жандардың саяси рөлін арттыру да маңызды болып отыр. Себебі, кей отбасыларда әйел – ердің де, әйелдің де рөлінде. Әйелдерге де ерлермен тең дәрежеде құқық беріледі. Және гендерлік теңдікті ұстап тұру мақсатында мемлекет түрлі іс-шараларды атқаруда. Бұрынғы заманда қыз баласын оқытуға да қарсылық болған. Қазір заман мүлде басқа. Сөзімізге статистикалық деректер дәлел. Соңғы мәлімет бойынша, ғалымдарымыздың жартысынан көбі, яғни 54 пайызы – әйелдер.

Ақ некені қиғанда ер азамат әйел үшін үлкен жауапкершілік арқалап, Алла алдында ант береді. Десек те, антынан айнып, сөзінен айналып кететіндер жетерлік. «Бұрынғы мен қазіргі заман» дегенде алдымызға жан салмай талқылаймыз. Бірақ ессіз еркек пен ақылсыз әйел яки нағыз азамат пен дана әйел заман таңдамайды. Қазіргі кезде де әйелдер мен балаларға қатысты отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайы жиі тіркеліп отырады. Ал оның ар жағы – алқаш күйеу, қызғаншақ еркектен туындап жатады көбіне. Жаға ұстатарлық жайт және бар. Ресми органдардың мәліметінше, әйелінен зардап шеккен ер азаматтар да жетерлік екен. Тіпті соңғы уақытта құзырлы органдарға осындай шағыммен қоңырау шалатын еркектер саны артқан. Бұл мәселеде де таразы басын тең ұстап сөз қозғаған абзал.

ТҮЙІН

Қазіргі таңда қоғамның қай саласында болсын гендерлік теңдікті сақтау маңызды мәселе ретінде қозғалып жүр. «Әйел – қырық жанды» дегендей, қай саланы болсын меңгеріп кететініне шүбә келтірмейміз. Десек те, әйел үшін ең маңыздысы ұрпақ өрбіту екенін де ұмытпау керек. Гендерлік тепе-теңдік деп жүріп отбасы мен таным таразысындағы теңдікті назардан тыс қалдыруға және болмайды. Әйелдің екінші аты – нәзіктік. Қай тұстан алсақ та мәселені екі жақты, яғни қазақы танымнан аттамай әрі бүгінгі заман қарқынына ілесуді негізге алып қарау керек.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 қараша 2023 ж. 345 0