Төл теңге – тәуелсіздік нышаны
Биыл 15 қарашада төл теңгемізге – 30 жыл. Ұлттық валюта теңге – тәуелсіз мемлекетіміздің жемісі, елдің егемендігін, дербестігін айқындайтын нышан. Мемлекеттік Рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұранмен қатар төл теңгеміздің де тұғыры биік.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1993 жылы 15 қарашада елімізде айтулы оқиға орын алғаны белгілі. Бұл күні төл теңгеміз айналымға еніп, содан бергі 30 жыл ішінде ел дамуындағы өзінің айшықты орнын қалыптастырды.
Тарихи деректер бойынша Ұлттық валютаны қолданысқа енгізуге байланысты құрылған республикалық мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Комиссия ең алдымен оның тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамада жаңа валютаны енгізу мерзімі, айырбастау пунктеріне тасымалдау тәсілдері, қолма-қол ақшаны айырбастау лимиті мен коэффициенті, валюта бағамы секілді өзекті мәселелер жан-жақты сараланып, нақтыланды.
Тарихи оқиға негізі 1993 жылдың 12 қарашасымен тұспа-тұс келді. Осы күні республика Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Маңызды құжатта «Республика аумағында 1993 жылдың 15 қараша күні ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілсін, ал 1993 жылдың 18 қарашадан бастап теңге заңды төлемге айналады» деп жазылды.
Ұлттық валютаға атау беруге байланысты да көптеген талқылау болған. Әртүрлі ұсыныстар айтылып, «алтын», «ақша», «тенга» секілді нұсқалары болған. «Сом» деп атауға да болатын, себебі кеңес рублінің қазақ тіліне осылай аударылғаны да күн тәртібіне шығарылыпты. Бірақ бұл атау көршілес Қырғызстан республикасы өз ақшасын сом деп енгізгенімен ұқсағандықтан, біздің елімізде «теңге» атауы дұрыс шешім деп қабылданған. Теңге атауы айтуға жеңіл, көңілге қонымды болғандықтан, қазақстандықтар жылы қабылдады.
Теңгені енгізу туралы Жарлыққа қол қойылған күннен бастап ақпарат құралдары жаңа валютаның суретін жарыса жариялай бастады. Теңгеде еліміздің тарихи тұлғалары бейнелгенін ел-жұрт қуанышты жағдайда қабылдады. Бір теңгеден бастап жүз теңгеге дейін қағаз банкнотада жасалды. Мәселен, бір теңгелік қағаз банкнотта – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгеде – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы, бес теңгеде – күйші Құрманғазы, он теңгеде – ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгеде – ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, елу теңгеде – Әбілхайыр хан, жүз теңгеде Абылай хан бейнелері көрініс тапты. Төл теңгеде тарихи тұлғалардың таңдалуының өзі тегін емес.
– Президент «Жаңа ғана тәуелсіздігін алған елміз. Бізді, тіпті өзгелер саяси картадан да таба алмайды. Сондықтан ең бірінші номинал ең танымал – әлем білетін қазақ болуға тиіс», – деді. Сол себепті негізгі валюта – 1 теңгелік банкнотқа Әл-Фараби бабамыз бейнеленсін деген ұйғарым жасалды, – деп пікір білдірген болатын Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров.
Теңгені айналымға енгізудің барысында қағаз банкноталарды бастыру үшін Ұлыбританияның әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасы таңдалды. Басылып дайындалған банкноттар Тұманды Альбион елінен жеткізу құпия жолмен жүргізілген.
Уақыт өте валютаға қатысты қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң теңге өз елімізде шығарыла бастады. 1995 жылдың мамырында тұңғыш банкнот фабрикасы іске қосылды. Содан бері банкнота Ұлттық банктің Алматыдағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі Монета сарайында шығарылып келеді.
Кескін келбетіндегі өзгерістерге келетін болсақ, 2006 жылы теңгеміздің дизайны өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып, банкноттар бірыңғай стильде шықты. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталды. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.
Қазіргі қолымызда жүрген қазақ ақшасы ерекше дизайнымен көз тартады. Тіпті, ерекше үлгідегі ұлттық валюта байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленді. Мәселен, халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Ал 2012 жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Түркі жазба ескерткішіне арналған 1000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын алды.
– Осыдан 30 жыл бұрынғы күнді еске алсақ, қарашаның 15-інен басталған орыстың рублін теңгеге айырбастауға тура 6 күн уақыт берілді. Осы күн аралығында айырбастау пункттеріне асыққан халық қолда бар ақшасын ұлттық валютаға айырбастап үлгеру керек болды. Халық 500 сом ақшасын 1 теңгеге алмастырды. Сол жылы АҚШ валютасының долларға шаққандағы құны – 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілгені әлі есімде.
Аудандық банк ғимараты көне әрі шағын болатын. Жалақыларын қазіргідей банкоматпен алмайды. Халық рубльді айырбастау үшін таңертеңнен бастап кезекке тұрды. Банк қызметкерлері уақытпен санаспай осы 6 күн бойы қажырлы еңбек етті.
Тәуелсіз еліміздің нышаны ретінде дүниеге келген теңгеміз шын мәнінде құнды әрі қолға ұстағанда өте әдемі болды. Мемлекетімізде осыдан 30 жыл бұрын орын алған тарихи сәт ел-жұрттың қалың жауған қарымен есінде болар. Міне, экономикамыздың дамуына тікелей қатысы бар теңге қазақ халқы үшін мәңгі қызмет етеді деген сенімдемін, – дейді байырғы банк қызметкері Қ.Әбілқайырова.
Қазақ елін әлемге танытқан, ел абыройын асқақтатқан төл теңгеміз осы жылдар ішінде өзінің тұрақтылығын, өзіндік бағытын арттырды. Ұлттық валютамыз уақыт өткен сайын бірнеше рет қайта жаңғырды. Бұл теңгенің ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы нақты қадам ретінде айшықталғанын білдіреді.
Айта кету керек, 15 қараша «Теңгенің туған күні» әрі қаржы саласында қызмет еткен сала ардагерлері мен мамандардың кәсіби төл мерекесі ретінде белгіленді. Халқымыз атаулы күнді ерекше қуанышпен атап өтеді. Ел егемендігінің белгісі болған төл теңгенің тұғыры биік болғай!
Бибісара ЖАНӘЛІ