95 жылдық тойлана ма?
Биыл Сырдария ауданының құрылғанына – 95 жыл. Айтулы мерейтойға орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Жалпы ауданның мерейтойлық іс-шаралары қашан өткізіледі?
Аудандық газет редакциясы көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушевқа жолдап, толыққанды жауап алды.
– Сырдария ауданы 95 жылдық мерейлі мерейтойына зор жетістікпен жетіп отыр. Оның үстіне жақында ғана аймағымызға Мемлекет басшысы келіп, жұмыс сапарын біздің ауданнан бастады. Еңбек адамдарымен кездескен ел Президенті өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Мұның бәрі – біз үшін зор қуаныш және үлкен жауапкершілік екені белгілі.
Биыл ауданымызда үлкен саяси науқан – аудан әкімінің сайлауы өткізіледі деп жоспарланған. Осыған орай 95 жылдыққа арналған мерейтойлық іс-шаралар сайлаудан кейін, яғни қараша айының 10-ы күні ұйымдастырылады. Оның ішінде ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық спорттық жарыс, күрделі жөндеуден өткен аудандық «Спорт клубы» мекемесін пайдалануға беру, мүсінші Ж.Исмағұловтың туындыларының көрмесі, көкпар, сондай-ақ тақырыптық бірнеше іс-шара бар. Мұнан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Дайрабай мен ақын, ҚР алғашқы Әнұраны авторларының бірі Ж.Дәрібаеваның құрметіне облыстық мүшайра мен көркем сөз оқу шеберлерінің байқауы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын және сала үздіктерінің марапатын табыстау салтанаты, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өткізілмек. Аудандық басылымның арнайы мерекелік нөмірін әзірлеу де жоспарға енгізілген, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
«Тт» ақпарат