Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес

Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Үкіметке «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтерілген болатын. Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл ең алдымен осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр.
Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс.
Ерлан ҚОШАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы