Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқарушылар – құрмет төрінде

Құтқарушылар – құрмет төрінде

Қазан айының 19-ы – құтқарушылардың кәсіби мерекесі. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрыл­ған арнайы қызмет күні қарсаңында аудандық газеттің №82 санында өз өмірін қауіпке тігіп, тұрғындар амандығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген құтқарушылардың ерлікпен парапар жұмысына ақпараттық қолдау көрсетілген еді. Мерекеге орай аудан орталығындағы кент мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтіп,құтқарушыларға құрмет көрсетілді.

«Бейбіт елдің батырлары» тақырыбын арқау еткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Мұрат Мұсаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Шарафадинов және Сыр құтқарушылары қатысты. Құрметті қонақтар салтанатты жиынды ашып, кәсіби мереке иелерін құттықтады.

– Құрметті азаматтық қорғау саласының ардагерлері және сала қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан егемендік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күнінің аталып келе жатқанына отыз жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйе қалыптасты. Сала мамандары өз өмірін қауіпке тігіп, еліміздегі түрлі апаттардың алдын алу мен жоюды қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушы болу – өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалуға атсалысу, – деп атап өткен Роллан Манарбекұлы сала мамандарының әр істе ауызбіршілік танытып, абыройлы қызмет атқарып келе жатқанын тілге тиек етті.

Содан соң сөз алған төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мәнсұрұлы саланың қиындығы мен жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін айта келе, сала ардагерлері мен қызметкерлерін ардагерлер ұйымының атынан құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Аудандық төтенше жағдайлар бө­лі­мінің бастығы кәсіби мерекемен әріп­тестерін құттықтап, мерекенің тарихына, құтқарушылардың негізгі қызметіне тоқ­талып өтті.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылдан бері аталып келетін Құт­қарушылар күні – барша қазақстандық аза­маттық қорғаныс пен өртке қарсы күрес мамандарының ортақ кәсіби мерекесі. Еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою міндетін ат­қаратын кәсіби құрылымға бүгінде аса күрделі қызмет жүктелген. Жоғары кәсі­би дайындықты талап ететін қызмет өзі­нің қауіпті әрі көпқырлылығымен ерек­шеленеді, – деді Қанат Шарафадинов.

Одан кейін сала қызметкерлері мара­патталды. Бірқатар қызметкер аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушевтің алғыс хатына ие болса, қызмет бабында ерекше көзге түскен құтқарушылар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығы Р.Қайрақбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Марапат төрінен орын алған қызметкерлер қатарында Жамаладдин Дастанбекұлы, Қанатай Талапбекұлы, Еркін Ұзақбайұлы, Ерлан Перментайұлы, Асхат Қадірұлы, Нұрсұлтан Әміржанұлы, Бексұлтан Сәрсенбайұлы мен Құндызай Ғалымжанқызы бар. Сонымен қатар мереке қарсаңында ұйымдастырылған шағын футбол жарысында жеңіске жеткен қызметкерлер құрметке бөленді. Осы жарыста ерекше көзге түскен Батырхан Шарханұлы «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.

Жиынға қатысушылар қызмет бабында қаза тапқан құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты жиын өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 қазан 2023 ж. 333 0